ЖҮРЕК-ҚҰМЫРАСЫ ЖАУҺАРҒА ТОЛЫ АСЫЛ АҒА

ЖҮРЕК-ҚҰМЫРАСЫ ЖАУҺАРҒА ТОЛЫ АСЫЛ АҒА
90 жылға таяу толымды ғұмыры бар сөзі мың күндік газетімізге ат басын бұрушылар әлі де сиреген жоқ. Сондай сәттерде бар ғұмырын бір басылымға сарп етпесе де, мәнді, мағыналы жылдары редакцияда өткенін таласа баяндап кететін байырғы журналистердің әңгімесіне қызыға құлақ түремін. Сөз арасында олар өз қатарластарының ішінде адалдығы, азаматтығы, салмақтылығы, өз ойын өжектемей тыңдататын парасаттылығы зор азаматтар туралы да сыр шертеді. Есімін естігенім болмаса түсін түстеп танымайтын бейтаныс тұлғалардың болмысын таныған үстіне тани түскім келіп ынтыға құлақ қоямын. Сондай келелі әңгіме-дүкеннің бірінде Асыл Қосымбаевтың есімі де айтылды. «Асыл десе асыл еді-ау» деп тебірене, тамсана айтылғанда, сол кісі жайлы білуге деген құмарлығым арта түсті. Іздегенге-сұраған. Асыл ағаның қызы Шолпан әпкей биыл туғанына 100 жыл толып отырған әкесі жайлы мақала жазылса деген өтінішін арқалай редакциямызға келе қалғаны бар ма?! Бірден өз жауапкершілігіме алдым. Ә дегеннен әпкейден алып қалған 2006 жылы жарық көрген Асыл аға жайлы жазылған естеліктер топтамасына бас қойдым. Маған бейтаныс тұлғаның болмысы зорайып, адамдық келбеті жақындаған сайын биіктей түсті, таныған сайын асқақтай берді….

Аздың бірі
Тарихы томдарға тартатын Талғардың өткен дәуіріне шолу жасалғанда көрнекті із қалдыр­ған тұғыры биік тұлғалардың есімдері мен еңбектері бір зерделеніп жа­тады. Ал ондай тұлғалардың Талғар топырағынан аз шықпағаны ақиқат. Дегенмен, осы өңірдің ауасын жұтып, суын ішкендердің арасында қызметімен ғана емес, адамгершілік болмысымен де халықтың жүрегінде өшпес із қалдырғандары саусақпен санарлықтай ғана. Сол аздың бірі, қажыр-қайратқа суарылған іскерлігі мен кісілік келбеті көркем Асыл аға екен. Кеңестік дәуірде ер жетіп, білімі мен біліктілігін солқылдақ саясат төңірегінде шыңдаса да, «халқым», «ұлтым» деп соққан жүрегі соғысынан жаңылып көрмепті. Қандай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, өзіне сеніп тапсырылған саланы жетістіктерге жетелеп кететін жігерлі жұмыстары әлі күнге елдің есінде жүргені сол қасиетінің арқасы болса керек.
Тағдыр сыны
Асыл Қосымбав 1921 жылы Шелек ауданына (сол кездегі) қарасты Тескенсу ауылында қарапайым қазақ отбасына дүние­ге келген екен. Мектепке барып, ақ-қараны ажырата бастаған уақытта ашық күндегі найзағайдай басына түскен ауыртпалық Асыл ағаны бір күнде есейтіп жібереді. Тоғыз жасында әке-шешеден бірдей айрылып, жетімдік зардабына шырмалады. Алматыдағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернатқа қабылданып, балалық шағы туған жерінен бөлек мекенде өтеді. Мектепті бітіріп, өмір көшіне енді ілескен тұста да тағдыр талқысы тағы алдынан шығып, сұм соғыстың басталғаны туралы хабар дүмп ете қалады. 20 жасар бозбала Алматыда жаңадан құрылған «100-ші атқыштар бригадасының» құрамына алынып, жау шебіне аттанады. Алғашқы жаумен бетпе-бет шайқас Москва түбінде болады. Одан кейін де «Великие Луки», «Торжак» қалаларын жаудан азат ету жолында аянып қалмайтын қайсар жауынгерлердің бірі болады. Тіпті бірде партизандық жорықта үш күн хабарсыз кеткен Қосымбаевтың тобы төртінші күн дегенде штабқа үлкен олжамен оралған екен. Берілген тапсырмасын жоспардан аса орындап, немістің унтер офицерін қолға түсіріп алып келіпті. Осындай қайсарлығы мен ерлігі елеусіз қалмай, бірден басшылардың көзіне түседі. Жігерлі қазақтың жауынгерлік ерлігіне тәнті болған басшылық кеудесіне «Отличник РККА» белгісін қадайды.
Жалынды жас сарбаз қорқынышты елемеймін деп жүріп бір күні өзі оңбай жараланады. Ульяновск қаласындағы госпитальда емделеді. Дегенмен жарақатының ауырлығы салдарынан майдан даласына жіберілмей, 1943 жылы елге оралады. Өмірінде өлшеусіз қалдырған ізгі істері осы сәттен басталады. Тылда жүріп Отан үшін, ел үшін күш-жігерін жанып, жұмыс істеуге кіріседі.
Ойы да, қолы да таза
Туған жерге оралған соң бойына берілген дарынын ұштап, қолына қаламын алып тілшілік соқпаққа түседі. 1944 жылы Еңбекшіқазақ аудандық «Үлгілі колхоз» газетінде жауапты хатшылықтан қызметін бастайды. Былайғы жұртқа білінбес, бірақ көтерер жүгі бес атанға жүк хатшылықтың жұмысын тиянақты атқара жүріп, редакторлыққа дейін көтеріледі. Сол кездегі республикадағы арнаулы оқу орны партиялық мектептің екі жылдық журналистика бөлімін тәмамдайды. Сөйтіп баспасөз саласына бел шешіп кірісіп кетеді. Партия мектебін бітірісімен Іле аудандық «Сталин туы» газетінде бас редактор болады. Ол кезде Іле мен Талғар бір аудан болып саналған екен. Тура жолдан қия шықпайтын тәртіпті ұстануының арқасында «әке де, шеше де болып» тәрбие­леген партиялық принциптеріне адал болады. Саясаттың тәртібімен жүре тұра Асыл аға адамшылық болмысын да жоғалтпайды. Ұзақ жылғы басшылық қызметінде ешкімге қысастық жасамай, пендешілікке бармай, талантты жастарды өсірмесе өшірмеген. Қарапайымдылығымен, қайырымды қалпымен жергілікті халықтың құрметі мен ілтипатына бөленеді. Осы жылдары Журналистер Одағына мүше болады. Кеудесіне Кеңестер Одағының «Баспасөз үздігі» деген төсбелгісін тағады. ҰОС екінші дәрежелі орденінің иегері атанады. Бүкілодақтық ауылшаруа­шылық көрмелеріне де бірнеше рет қатысады. Осындай белсенділігінің арқасында 1963 жылы Балқаш ауданында жаңадан ашылған газеттің жұмысын ілгерілету үшін «Балқаш еңбеккері» газетінің басшылығына ауысады. Алғашқы санына өзі қол қойып, оқырманға жөнелткен газетте 1966 жылға дейін абыройлы қызмет атқарады.
Талғар жеке аудан болып бөлініп шыққан тұста аудандық «Алатау жұлдызы» газетіне бас редактордың орынбасары болып ауысады. Үй-жайы осында болғандықтан әрі бұл үнжария шаруашылықты мамандандырудағы өкімет саясатында жетекші бұқаралық рөл атқарғандықтан кезекті жұмыс орны ретінде таңдауына дөп келеді. Өмірінің соңғы жиырма жылын арнаған аудандық газеттің әр саны аға үшін қымбатқа баланған. Заманның қиын да күрделі кезеңінде өңірдегі кейінгі жетістіктердің негізін қалауға баспасөз арқылы сеп болды. Қайтсем қазақ тілінің көсегесін көгертемін деп жатпай-тұрмай еңбек етіп жүрген ұлтжанды жан қайбір жылдары газеттің қазақ тіліндегі нұсқасы жабылып қалғанда, жаны ауырып, қатты күйзелген екен. «Атасы арзан» сөзді «мысықша балалатуға» (А.Сүлейменов) жаны әуел бастан қас Асыл аға қолына қаламын алып, жазу үстеліне отырғанда ғана бебеу қаққан жаны тыныс табады екен. Бұл – өз жұмысын, шығармашылығын жанындай сүйген адалдығының белгісі болса керек.
Жалпы, Асыл ағаның тұсында қатар өмір сүріп, бірге қызмет жасаған кісілерден артық айта алмасымыз анық. Қызмет барысында аралас болғандар ол кісінің биік адамгершілік қасиеттерін, байсалды ұстанымның адамы екенін жоғары бағалап, айтып та, жазып та кетіпті.

Мұса Жанәділов, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі:
— Адамның адамгершілігі, кісінің кісілігі бойындағы асыл қасиеттерімен өлшенбек. Атап айтқанда, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болу, кісінің ала жібін аттамау, өтірік, өсек айтпау, шындықтың туын жоғары ұстау, қолдан келсе жақсылық жасау – екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Алайда, ондай абзал жүректі, ақ ниетті адамдар өмірде аз емес. Сондай елдің ілтипатына, құрметіне бөленіп өткен азаматтың бірі Асыл Қосымбаев дер едім.

Нұрғанат
Мекебайұлы, ақын, журналист:
— Алла Тағалам әр адамға өзіне лайық­ты атты бұйыртса керек. Асыл адамның атына заты сай адам еді. Асыл десе, асыл еді ағамыз. Мінезі байсалды, байыпты, салмақты, сабырлы адам еді. Шешенсіп те, көсемсіп те көп сөйлемейтін. Ойлы да дәмді сөзін айтатын. Осылардың бәрі ол кісінің бойындағы зиялылықты паш ететін. Иә, Асыл десе, асыл аға еді-ау!
Сөнбейді, аға, шырағың!
Асыл аға қызметте ғана емес жар таңдауда да жолы болған азамат. Алматы маңындағы Отар бекетінде туып өскен Мейрамхан Әмірқұлқызымен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтеріп, 45 жыл жұптары жазылмай мәнді де сәнді отбасының үлгісін көрсетіп кетті. Тәлім-тәрбиесі бөлек Қосымбаевтар әулетінен жеті бала өсіп-өнді. Барлығы да жоғары білімді, еліміздің өсіп-өркендеу жолында үлестерін қосып жүр. Бүгінде немере-шөберелерінің өзі қызмет тізгініне қол жеткізіп, атақ-даңқын асқақтатып, абырой биігін аласартпай келеді.

Түйін:
Биыл ағамыздың туғанына 100 жыл толыпты. Ол кісі қабілет қарымын, дархан дарынын дәлелдеп қана кеткен жоқ, өз дәуірінің көшіне сара жол салып кетті. Жалпы, қай қоғамда болсын арына кір жұқтырмаған, «ала жіпті аттамаған» азаматтар сол қоғамның абыройы саналады. Осы тұрғыдан алғанда халқына жарты ғасырға жуық адал қызметтер атқарған біздің кейіпкеріміздің де кісілік келбеті кешеден бүгінге жалғасса, бүгіннен ертеңге де жалғасып кетеріне шүбәсіз сенесің. Асыл ағаның арда жолы әлі де айтыла береді, даңқты жолы ұрпақтарымен жалғаса береді. Өйткені есімі аға жадында, бала аузында.
Меруерт МӘУЛЕТ,
«Талғар»