Президент Қ.Тоқаевтың шешімінен шағын және орта бизнес өкілдеріне жарияланған мораторий ел экономикасының нығаюына септігін тигізері сөзсіз. Бірақ медальдың екі жағындай, бұл мемлекеттік тілдің дамуына келгенде түйткілді мәселеге айналып отыр.
Жеңілдіктің арқасында аяққа нық тұрып, шаруасын дөңгелетіп ала жөнелген кәсіп иесі қазақ тіліне келгенде немқұрайдылық танытып жатыр. Көшеде келе жатып көз жүгірте қалсаң, маңдайшасы мен ақпараттық тақталарының әріп қатесі андағайлап, мағыналық қатесі менмұндалап шыға келеді. Бір өкініштісі, мұндай қателерді көзің шала тұрып ештеңе де істей алмайсың. Тағы да 2016 жылы шыққан «шағын кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы өзгерістерге сәйкес жарнама тапсырушы кәсіпкерге де, жарнама жасаушы агенттікке де ешқандай әкімшілік жаза қолданылмайды» деген заң талабы алдыңыздан шығады. Тілдік нормаларды тексеруге құқығы бар тиісті мекемелердің қолын байлап тұрғаны да осы өзгерістер. Яғни шырмауы шешілмей тұрған бұл мәселе жоғары жақтан нақты шешімін тапқанынша тіл жанашырлары тек түсіндіру шараларымен шектеліп қана қала бермек. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған тіл жанашырлары тоқсан сайын ұйымдастыратын рейдтік шаралары болмаса, кәсіпкерді орынсыз мазалауға болмайтын жайттың ақыры өкіндірмесе болғаны…
Бұл жолғы рейдтің дені де ескертулерден аспады. Аудандық «Тіл және ономастика» жұмысшы тобы Талғар қаласы әкімшілігімен бірлесе жүргізілген зерделеу жұмысында жаңадан ашылған нысандардың заңды белшеден басқаны былай тұрсын, тіпті тіл жанашырларының алдыңғы ескертулерінен еш нәтиже шығармаған. Сараптау тобының сын садағына ілінген «Алманов М.», «Альжанова Динара», «Амраев И.», «Купанова З.»,
«Абенов А.», «Абдуллаева Э.», «Исабаева М.»,
«Хайтбаева А.», «Асланов» сынды жеке кәсіпкерлердің нысандары тексеріліп, қателіктерін түзету жөнінде ұсыным хат берілді. Ал «Динара» ЖК-ге тиесілі «Talgar_shop» сауда орны тауарын өткізу үшін емес қазақ тілін мазақтағандай іліп қойған жарнамасына осыған дейін де ескерту жасалған. Бірақ ұят қысып бара жатқан кәсіпкерді көрмедік. Бұл жолы аты қазақ, заты бөлек нысан иесіне Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19, 21-баптары, «Жарнама туралы» Заңның 20-бабы, «Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексінің 75-бабының 3-тармағы тағы түсіндіріліп, өзгертуге уақыт берілді. Ендігіде ескертумен емес айыппұлмен шектелетіндігін де есіне салды.
Дегенмен, алдыңғы рейдтен оң нәтиже шығарып, тіл мәселесіне жауапкершілікпен қараған кәсіп иелері де бар. Олардың қадамын өзгеге үлгі етуге әбден болады. Айта кетелік, өткен жылы 3318 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның 106-сына ескерту берілген. Кәсіпкерлердің ар-намысын оятуға тырысқан тіл жанашырларының жұмыстары жыл бойы жалғасын табатын болады.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»