УӘДЕ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

УӘДЕ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Талғар қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай отыз түп туя ағашы отырғызылды. Бұл акцияның өтуіне ауданымыздың Құрметті азаматы, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Әшімбекқызы бастаған «Ұйғыр», «Түрік», «Кәріс», «Грек» этномәдени орталық өкілдері себепкер болған. «Өмір ағашы» аталатын осынау туя өсімдігінің таңдап алынуы да тегін емес. Айтуларынша, көк байрақтың астында өмір сүріп жатқан көп ұлттың берекелі тіршілігі ғұмырлы болсын, келешек жастарымызға үлгі-өнеге, естелік болсын деген ниетпен ырымдаған көрінеді. Көлемі өзге саябақтарға қарағанда шағындау бұл аумаққа отырғызылған отыз түп еңселі ағаш, әп-сәтте саябақ келбетін өзгертіп тастады.

Қаламыздың көркеюіне үлес қосқан бұл шараға этнос өкілдерінен бөлек Талғар қаласының әкімі Айдар Болатұлы, «Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Фарида Мамырбекқызы, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мария Ордабайқызы, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дария Кеңесжанқызы да қатысты. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы бұл бастаманың аяқсыз қалмайтынын, ауданымыздағы желтоқсаншы азаматтармен біріге отырып осы іспетті игі істерді жалғастыруға ниетті екендігін білдірді. Қасиетті айда жасалынған сауапты істің қала халқының көңілінен орын алатынына да сенімі мол. Сонымен қатар аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мария Ордабайқызы мәдени орталық өкілдерінің бұл асарына қуанышты екендігін айтып, көпұлтты елдің көпке үлгі бұл ісі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жемісі екендігінің дәлелі дейді.

Мерейтойға тарту болған шара ұйымдастырушыларының бірі Жұмағыз Әшімбекқызының айтуынша 2020 жылы берілген уәдені орындаудың реті кешегі күнге келіп отыр екен. Бұлай айтуының себебі сол уақыттағы аудан әкімі Жолан Омаровқа ауданымызды көркейту жолында ағаш көшеттерін отырғызып көпке үлгі боларлық бастама көтеретіндігін айтқан. Сөзінің соңында келер ұрпаққа естелік болар ағаш көшеттерінің алдағы уақытта да қараусыз қалмауы үшін назарында ұстайтынын жеткізді.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»