ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Ғасыр апатына теңестірілген Чернобыль АЭС-індегі сол ядролық жарылыстың болғанына биыл 35 жыл толды. 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр станциясының төртінші блогы жарылғаны жалпы жұртқа аян.
Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 км. жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оқшауланды. Айтулы апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды. Оның ішінде біздің Талғар ауданы Белбұлақ ауылының тұрғыны Жұмахмет Томағанов та бар еді.
«1987 жылы Қызылорда қаласындағы әскери бөлімге аяқ астынан шақырту алдым»,-деп әңгімесін бастаған Чернобыль ардагері ол оқиғаны күрсіне баяндады.
— Әскери бөлім басшысы подполковник Бельгер Чернобыль атом станциясына залалсыздандыру жұмыстарына міндеттелетінімді түсіндірді. Сол жылдың 5 тамызынан желтоқсан айына дейін апаттан кейінгі аймақты залалсыздандыру, тазарту жұмыстары бойынша әскери міндетімді атқардым. №93632 әскери бөлімнің командирі подполковник Гаджиев Одесса әскери округінің полкіне келген бойда бізге жәрдемақы тағайындап, мені бөлім командирі етіп тағайындады. Біз бірінші тазалық жұмыстарымен кейіннен нысанды залалсыздандыру жұмыстарымен айналыстық. Біз ол кезде апаттың зардабының өте қауіпті екенін ұғына қоймадық, қандай жағдай болмасын «Отан алдындағы борышымызды адал атқарып, Мемлекеттік құпияны 50 жыл бойы қатаң сақтаймын» деген құжатқа қол қойған болатынбыз. Апаттан кейінгі қоршаған ортаның жағдайы тым ауыр болды. Аяқталмаған жұмыстардың қалдықтарын қайта тазалап, өте ауыр жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Жанымдағы екі жолдасым қатты уланудың салдарынан Киев қаласына жедел жөнелтіліп, кейіннен қайтыс болды. Өзім де 8,4 дозалық мөлшерде улануға ұшырап, әлсірей бастадым. Қазіргі кезде сол апаттың салдарынан денсаулық сыр берген, «балтыр сыздап, бас жиі ауыратын», кейде жатып қалатын кездер көп болады, — деп сол зұлмат жылдарды еске алған Жұмахмет Томағанов осы кезде ауруханада ем қабылдауда.
Чернобыль апатының қалдықтарын залалсыздандыруға қосқан қажырлы еңбектері үшін СССР- дің «Құрметті грамоталары», «Алғыс хаттарымен», «Чернобыль апатының ардагері», «Чернобыль апатының 20, 30 жылдығы» медальдарымен, Төтенше жағдайлар министрінің медалімен, сондай-ақ биылғы «Чернобыль апатының — 35 жылдығы» медалімен марапатталған. Бүгінде екі ұл тәрбиелеп өсіріп, ардақты әке екі немереге аяулы ата, болып отыр.
Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан мыңдаған біздің отандастарымыздың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Олар өмірлерін, денсаулықтарын пида етіп, өз борыштарын орындады, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Осындай батырларымыздың елеулі еңбектері бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгі қалуы тиіс. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»