«Мейлінше беріліп, көп армандай білу керек, болашақты бүгіннің игілігіне айналдыру үшін де батылырақ армандай білу керек», — деп ой білгірі М.Пришвин айтқандай, Тараз қаласында 1986 жылы дүниеге келген, грек-рим күресінен «Қазақстанның спорт шебері» — Самат Тезекбаев та бала кезінен балуандық өнерге ден қойған баланың бірі еді.
Мектеп қабырғасынан грек-рим күресімен түпкілікті айналысып, алдына мақсат қоя білген Самат 2005-2008 жылдары Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт-интернатында білім алып, шыңдалған. 2005 жылы Шымкент қаласында өткен халықаралық турнирде 55 келі салмақта топ жарып, «чемпион» атанды да осы салаға бірыңғай ден қояды. Алматыдағы Дене тәрбиесі және Спорт академиясын бітірген Самат бұл күндері Талғар қаласындағы жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен жаттықтырушы болып еңбек етеді. Мықты бапкер болу үшін, мықты тәрбиеші, мықты психолог болуың керек. Алдыңдағы 20-25 баланың бәрі бірдей дарынды, бәрі бірдей « чемпион» болуы мүмкін емес. Солардың ішінен бір-екі спортшы ғана жылдар өте айқындалып шыға келеді. Міне, соны дер кезінде байқап, соған бар ақыл-кеңесіңді айтып, теориялық біліміңді практикалық іс-қимыл әрекетіңмен ұштастыра білсең ғана шәкірттерің үмітіңді ақтайды. Қазір Саматтың үмітін ақтап жүрген талантты шәкірттері аз емес. Оның Алихан Көкенов деген баласы 2021 жылы Ақтөбе қаласында 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен Қазақстан чемпионатында, бас бәйгені иемденсе, биылғы жылы Талдықорған қаласында өткен «Жастар ойындары» жарысында Сырым Сәрсен деген шәкірті 57 келі салмақта «чемпион» атанды. Сырым Сәрсен қазір Алматыдағы Қ. Мұңайтпасұлы атындағы спорт интернатында оқып жүр. Ал оның Тұздыбастау ауылындағы мектепте 6-сыныпта оқып жүрген Болатбек Ақжол деген шәкірті Жаркент қаласында өткен республикалық жарыста аса жеңіл салмақта күміс жүлдені жеңіп алып, күрес мамандарының назарына ілінсе, соның бәрі ұстазы Самат Тезекбаевтың маңдай терінің жемісі екені даусыз. Дарынды бапкер қазір дер шағында. Еңбекқор жаттықтырушының әлі талай-талай белестерден шәкірттерімен бірге аса беретініне сеніміміз мол.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».