Сақтықта қорлық жоқ!

Сақтықта қорлық жоқ!

Адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп, әбігерге салған пандемия­мен арпалыс, өкінішке орай, әлі де жалғасуда. Бір-екі ай бәсеңдеген қауіпті кесел қайтадан үдей түсіп, көпшілікті алаңдатып отыр. «Саулық-сақтықта!» деп тегін айтылмаған ғой. Бұл ретте, елімізде қауіпті індеттің одан ары таралуына жол бермеуге бағытталған карантиндік шектеу шаралары мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қолға алынып, халықты вакцинациялау шарасы жүргізіліп жатыр.

Алматы облысы, оның ішінде Талғар ауданындағы эпидахуал әлі де алаңдатып отыр. Коронавирусқа шалдыққандардың қатары күннен-күнге өсуде. Осыған орай, Талғар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Б.М.Успановтың ауданымыздағы коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал туралы мәліметі төмендегідей:
COVID-19 жұқтырғандардың саны аудан аумағында да азаймай тұр. Соңғы тәулікте, нақтырақ айтсақ 21 сәуір күні жұқ­палы дертті 30 адам жұқтырған, оның 22-інде ауру белгілері байқалған, 3 адам симптомсыз. Ковидке шалдыққандардың барлығы амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Аудан бойынша 2020 жылдан бастап аталмыш дерттің біртіндеп өсу қарқыны 2029 адамды құрап отыр, оның ішінде 1328 науқаста сырқат белгілері білінген болса, 701-і симптомсыз анықталған. Ковидті жұқтырғандардың арасында 14 жасқа дейінгі 199 бала да бар. Олардың барлығы симптомсыз. Эпидемиологиялық бақылауды күшейту негізінде 2020 жылдан бастап 51692 адамнан ПТР сынамалары алынған.

Ағымдағы жылы 21 сәуір күні ПТР сынамасын 372 адам тапсырды. Бүгінгі таңда үй карантинінде 799 адам жатыр, Талғар аудандық орталық ауруханасының провизорлық стационарында 204 адам, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханада 88 науқас пневмония және тұ­мау (ОРВИ) диагнозымен емделуде. Соны­мен қатар Алматы қаласындағы «Кау­сар» оңалту орталығында орналасқан 100 төсектік 2-ші деңгейдегі жұқпалы аурулар бөлімшесінде 77 науқас ем алуда.
Ауданда 35 мобильді топ жұмыс істейді. Ауруханаларда 150 оттегі баллоны, 70 оттегі концентраторлары, 123 оттегі көздері, 31 ИВЛ аппараты, сонымен қатар екі айлық мерзімге қажетті дәрі-дәрмек қоры бар.
Елімізде 1 ақпаннан жаппай басталған коронавирусқа қарсы вакцинациялау бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Ау­дан бойынша 14 егу пунктері жұмыс жа­сауда. Алғашқы кезекте «Спутник V» вакцинасының 8115 бірінші компоненті жеткізіліп, бүгінгі таңда 6083 адам егілді. Одан кейін вакцинаның 1400 дана екінші компоненті алынып, 576 адамға екпе салынды. Айта кету керек, халық еgov порталы арқылы да вакцинаға онлайн түрде өтінім бере алады. Оның еш қиындығы жоқ. Сонымен қатар екпені ең алдымен шалғайдағы ауыл-аймақтардың тұрғындарына, сұраныс бойынша мекеме, кәсіпорындардың қызметкерлеріне жылжымалы медициналық кешені орналастырылған арнайы көлікпен барып та салып беру ұйымдастырылған. Кешен заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Халыққа екпеден бөлек флюрография, УЗИ қызметі де тегін көрсетіледі. Бүгінгі күнге дейін жылжымалы медициналық кешен арқылы 160 адамға қызмет көрсетілді.

«Сақтықта қорлық жоқ» деп тегін айтылмаған. Өкінішке орай, карантин талаптарын, санитарлық-гигиеналық ережелер мен әлеуметтік қашықтықты сақтамаудың арты осылай қауіпті дертті жұқтыруға себеп болуда.

Райхан Азимова,
«Талғар»