Нұра ауылдық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Ғасырлар үні» шежіре-тәлім отауы дәстүрді дәріптеп, жас өспірімдердің халқымыздың рухани тамырынан қол үзіп қалмауын қадағалап келеді.
Биыл төртінші жылға аяқ басқан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп оқушыларымен танымдық-тәлімдік, дәстүрлі сабақтар жиі өтіп тұрады. Жуырда ұйымдастырылған сондай іс-шараның бірі ұлы елдің ұлы аспабы – домбыраға арналды. Қазіргі жағдайға байланысты санитарлық талап сақталып өткен шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақты ұлтын сүюге, салт-дәстүрін, ұлттық мұрасы мен тарихын құрметтеуге бағытталды. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Үйден алыс шыққанда, мен екі аманат қалдырам. Бірі – ұлым, өзіңсің, екіншісі – домбырам», – деп ұлы мен ұлтының мұрасының қаншалықты ардақты, қаншалықты құнды екенін бір ғана өлеңі арқылы айғақтап кеткен қасиетті қара домбыраға жыр арнамаған ақын кем де кем шығар. Ал Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмаларын қазақтың асыл өнері күй мен ұлттық мұрасы домбыраға жырдан қаланған ескерткіш ретінде қарасақ қателес–пейміз. Міне осы төңірегінде өрбіген танымдық сағатты ауылдық Мәдениет үйінің директоры С.Даривхан ашып, домбыраның қадір-қасиеті туралы кеңінен толғады. «Домбыра шертілгенде қазақтың кең байтақ сахарасы, сұлу табиғаты, самал желі мен үрлеген бораны, көлдегі аққуы көз алдымызға келеді. Бұл – қара домбыраның дауысының, күйінің ерекшелігі. Орыс зерттеушісі Г.Н.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі соның бір дәлелі. Қос дауыс сарынынан бүкіл қазақ жұртының қуанышы мен қайғысы, арман-мүддесі, жалпы айтқанда, тарихы күй болып төгіледі», – деп, өзі де домбырамен ән айтып, күй шертіп берді. Оқушылар қазақтың күй өнері арқылы оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе екендігін анық білгендей. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмесі анық. Мұндай тағылымы терең, мазмұнды шараның өткізілуі – ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»