Олар үшін ҰЛЫ АБАЙДЫҢ МЕКЕНІ – РУХЫНЫҢ ӨЛМЕС ДАУЫСЫ
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп өлеңді адамға жастайынан жабысатын дертке теңеген екен. Сол дертке шалдыққан пенде пәниден бақиға озғанша тыным таппайтын көрінеді. Сондай дерттің ұшқыны сезіміне, шабытына қуат дарытып, асыл алқадай тізілген өлеңін өміріне балап жүрген ақындардан Талғар топырағы да кенде емес. Ұлттық поэзия көшін алдыңғы толқын ағаларынан кейін жалғастырып келе жатқан өз сүрлеу, соқпағы бар олар аудан түгілі аумағына, орта түгілі облысына танымал, қала берді республиканың көзайымына айналып үлгерген, өз оқырманын тапқан абыройы асқақ, беделі биік қаламгерлер. Өздері тұшынған, түйсінген дүниелерді артына сыр мұрасы – жыр мұрасы ретінде қалдыру үшін еңбектеніп жүрген талғарлық ақындардың толайым жетістіктері бір төбе. Ал біз куә болып қайтқан мына қуаныш олардан оқ бойы озық тұр…
Өткен жылы А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Талдықорғанда «Адамзаттың Абайы» атты жыр жинағы жарық көрген-ді. «Баянжүрек» баспасынан мың данамен басылып шыққан жинаққа «Абайға арнау» атты облыстық мүшәйраға қатысқан екі жүзге жуық ақын өлеңдерінің арасынан жүзі таңдалып енгізілген-ді. Міне сол жинақтың ішіне талғарлық тоғыз ақынның өлеңдері де топтастырыла еніпті. Атап айтар болсақ, ақын, драматург, журналист Мұса Жанәділов бастаған Айтақын Әбдіқал, Камнұр Тәлімұлы, Дәулетхан Карбозов, Бексұлтан Көлбаев, Мұхтархан Қалиұлы, Мақсат Ережеп, Гүлбаршын Кеңесбаева, Бағжан Бақберген сынды поэзия майталмандары. Аудандық кітапхананың оқу залында өткен салтанатты тұсаукесерде шараны ұйымдастырушы – оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева бұл кітаптың облыс басшысы А.Баталовтың қолдауымен шыққанын атай келе таныстырылымы карантинге байланысты кеш өткізіліп жатқанын түсіндіре кетті. Кітапхана директоры Махамбет Хармысов болса қазақтағы дана, дара Абайға арналған жинаққа ену екінің біріне бұйыра бермес бақ екенін, ал өңірімізден тоғыз бірдей ақынның кіргені әлі зерттеліп бітпеген Абай әлеміне тамшыдай болса да қосқан үлесіміз екенін әсерлі сөзбен саралап өтті. Кітаптың лентасын ақын, талай шәкіртті шынболаттай шыңдаған Мұса Жанәділов қиды. Қаламдастарына ақ тілегі мен ақ батасын арнаған Мұса ата жүрегіне жазиралы жазықтық пен кеңдікті ұялатқан, қаны мен сүйегіне ұлтының құндылықтарын сіңірген ақын деген қауым үшін мұнан үлкен сыйлық болмасын атап кетті. Әр авторға арнайы ұсынылған жинаққа шын ризашылығын білдірген қаламгерлер жүрекжарды лебіздерін айтып, Абайдың болмысын ашатын авторлық шығармаларын оқып, рухани кештің нәрін қоюлата түсті. Өз кезегінде сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев көркем сөз зергерлері Абайдың қаламынан туған әр жыр жастар үшін рухани өмірін байытар құнды кен екендігін айта келе, ұлы ақын жайлы жинаққа енген жерлес ақындардың шығармашылығына сәттілік тіледі. Аудандық жастар ресурстық орталығынан келген Мөлдір Абатайқызы мен Әсем Елиманова болса мұндай танымдық кештер ұлттық сенімді нығайтуға ықпалы зор екендігіне сенімді.
Осы шарадан соң бірден жуырда ғана облыстан жүлделі болып келген Мақсат Ережептің марапаттары таныстырылды. Бас жүлде иегері ортаға шығып, алған марапаттарының атын, атап, түсін түстеп, соның ішінде М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған мүшәйрадан алған жүлдесі өзі үшін ғана емес ауданға да абырой болғанын айтты. Аға буынның тілегін естіп, Мұса атаның батасын арқалап қайтқан Мақсат ақынның шығар биігі алда екендігіне біз де бек сендік.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»