«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып …»

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып …»
Бұл күні ел қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады, кеуде қағысады. Таң алакеуімнен әрбір шаңырақ дастархан жайып, мерекені асыға күтеді. Халық бір-біріне “Жаңа жасыңмен” деп тілек айтып, жаңа жылға аман-есен жетуімен құттықтайды. Абайша айтсақ осы күндері «қырдағы ел ойдағы елмен араласқан, күлімдескен, көріскен, құшақтасқан». Осы кезде айтылған ізгі тілек пен мейірім- қуаныштан тіпті Самарқанның көк тасы еріген деседі. Қазақстанның батыс өңірлерінде ғана тойланатын үлкен мерекені бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде тойлап, Наурыз мерекесіне ұластырды.
Қазақ ежелгі мұсылмандық Хижра есебін ұстанған халық. Соған орай өзіне тән күнтізбесі, аптаны атау, айды санау, жылды есептеу сияқты есебі бар. Хижра есебі деп біздің заманымыздың 622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтады. Мұсылмандар осы күннен бастап өз күнтізбесін жариялады. Жыл басын Мұхарам айы, кәзіргіше Наурыз айы деп атады. Міне, содан бері қарай бұл күнтізбе мұсылман есебі болып қалыптасты. Біздің қазақ халқы да осы көне есепті ұстанып, ғасырлар бойы пайдаланып келеді. Жыл басын Наурыздың 22-де күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-де емес, наурыздың 14-де тойлай бастайды. Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың (дұрысында жұлдыздардың) арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-нен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген.
Амал – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен қуаныштың, ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі. Оның тәрбиелік мәні зор. Бұл күні жасы кіші, үлкен демей, танысын-танымасын қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Осылайша күннің ғана емес, адамзаттың көңілінің жыли түскенін сезінесің.
«Талғар-ақпарат»