«Қазақ тілі — ғажап тіл»… Бұған қазақ даласын шарлаған Еуропа мен Азияның жиһангез саяхатшылары, тіл саласын зерттеген ғалым, жазушылары баяғыда-ақ бағасын берген, қазақ елі егемендігін алғанына отыз жыл болса да, Қазақстан халықтарының ортақ тіліне айналады деген қазақ тілі әлі күнге мешел болған баладай еңсесін көтере алар емес. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге арналған сөзі де, «Тіл туралы» Заң да намысы жоқ, өз қағынан өзі жеріген құландай, анасының ақ сүтімен бойына дарыған ана тіліне жатырқай қарап, мұрнын шүйіретін «мәңгүрт», «шала қазақтардың» санасына жетер емес.
Қазақ жерінде қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне іштей қарсылық білдіріп, бұрынғы өткенін аңсап, қазақ ұлтының екіге, үшке бөлініп, жік-жік болып, ырылдасып, алауыздық күн кешуін тілейтін «мысықтілеу» топтардың бар екені айқын. Саясаттанушы Дос Көшім 2008 жылы «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Ресей постимпериялық синдромға шалдықты» деген мақаласында: «1989-1991 жылдары Шығыс Қазақстандағы жағдайды еске алайық. «Қазақ тілі» мемлекеттік тіл болып бекіген тұста Шығыс Қазақстандағы 3 аудан мен 1 қалада тұратын өңшең славян өкілдері жік шығарып, Қазақстанның құрамынан шығып, Ресейге қосылуға бекінгенін әлі ұмыта қойған жоқпыз. Қазақстанда сепаратистік бағыттағы топтар әлі де бар» деген сөзі «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді меңземей ме? Сорлы қазақ ел болып, еңсесін тіктеп, ана тілін биікке көтерудің орнына қазақ тілін ит жеген терідей тартқылап жатыр. 2013 жылдың қыркүйек айындағы «Ана тілі» газетінің № 36 санында газет тілшісі Қуанбек Боқаевтың «Өз елінде, өз тілінде сөйлеген журналист Жарылқап Қалыбайдың жазығы не?» деген мақаласындағы қазақтың зиялы азаматы «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқаптың басынан өткергендері бүкіл қазақты ашындырғаны хақ. Осыдан- ақ ішмерез, сатқын қазақтың ұл-қыздары ана тілін білмей тұрып, өзінен үлкен азаматқа «Говори на русском» деп жекігені, қазақ ұлтының әбден азғындап кеткенін көрсетпей ме? Сана-сезімдері жат болып кеткен осындай жандар ұлт үшін өте қауіпті. Олар жаудан да жаман. Ұлт зиялысы, ғалым А.Айталы бір еңбегінде «шала қазақтар туралы»: «Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш — ұлттық сана-сезім. Осы сана-сезім сөнген кезде ұлттық қасиет те қалмақ емес. Ол — сенің болмысыңда, табиғатыңда, жан дүниеңде. Социализмнің Кеңестік түрі — ұлт болмысын ұлтсыздыққа қарай бейімдеп, ақ сүт берген анасының омырауын кесетін ұлтсыздар ұрпағын өмірге әкелді», — деп қазақ қоғамындағы шындықты өткір сынап еді.
М.Дулатұлы: «… Ұлт қайшылығының ең сұмдығы — исі қазақтың екіге бөлінуінде. Біреулері ұлт қамын ойлаушы болса, екіншілері — лыпылдаған жылпос, ұлт қамынан гөрі өз басының қамын көбірек күйттеуші. Қарап тұрсақ, жарық дүниеде сол жылпостардың жолы болғыш-ақ. Сосын ұлт қайтып көгереді, ұлт болашағы қалай өркен жаяды. Бұл ойды Міржақып Дулатұлы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары айтқан екен. Содан бері бір ғасыр өтсе де, Қазақ елі егемендігін алып, тәуелсіздік жолына түссе де, басының қамын бәрінен биік қоятын жылпос, мансапқор, Отанын кез келген сәтте байлыққа айырбастап кете беретін сатқын қазақ азаматтарын көру — қандай қасірет. Батыстың үлкен ойшылы Э.Томсон: «Отаршылдыққа түскен ел отарлық қамыттан құтылғаннан кейін міндетті түрде — отарсыздануы керек. Отаршылдардың өздері елден кетсе де олардың көлеңкесі қалады. Отаршылдық — азаттық алған елдің барлық саласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады. Оның өзгеріссіз қалуы — ең алдымен, тілінде көрінеді. Бұл – «қоспа-мәдениет», — деп жазыпты. Э.Томсон бүгінгі қазақ республикасындағы болып жатқан жағдайды тап басып отыр. Қазір Қазақстанның тілдік кеңістігінде, бірнеше тілдік орта қалыптасып үлгерді. Олар — қазақ тілді кеңістік, қазақ-орыс тілді кеңістік, орыс тілді кеңістік және орыстардан кейінге диаспоралардың тілдік кеңістіктері. Қазақ тілінің кеңістігіне келсек, ол қоғамның ең аз қорғалған және орташа табысты ортасы. Қазақ тілінің үстемдеу ортасы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау облыстары және кейбір қазақ көп шоғырланған алыс аудандарды ғана санатқа алсақ, қалған үлкен қалаларда орыс ұлтының саны көп жерлерде орыс тілінің мерейі үстем. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Теміртау, Екібастұз, Рудный қалаларында қазақ тілі мүлде сөйленбейді десе болады. Бұл қасірет пе? Әрине қасірет. Қазақ тілі өркен жаймаған жерде қандай тәуелсіздік болмақ? Қазір барлық жерлерде қазақ балабақшалары, қазақ мектептері, жоғары оқу орындарында қазақ топтарының саны көбейгені рас. Бірақ орыс тілді мектептерде 300 мыңнан астам қазақ балаларының оқып жүргені, ал, қазақ мектептерінде 3 мыңға жуық өзге ұлт өкілдерінің оқып жүргені көңілді көншіте ме? Мемлекет қазақстандық балалардың қазақ тілінде тәрбие мен білім алуын қамтамасыз ететін батыл қадамдар мен кешенді бағдарламаларды жедел қолға алмаса көш түзелмейтіні айдан анық болып тұр. Онсыз мемлекеттік тілдің мәселесі 100 жылда да оңалмайды. Республикадағы балалардың миллионға жуығы орыс тілді мектептерде білім алуын жалғастыра берсе, елімізде мемлекеттік тілді білмейтіндердің саны азаймайды. «Жығылғанға-жұдырық» дегендей, енді республика көлемінде жас сәбиге алғашқы сыныптан бастап ағылшын, орыс, қазақ тілінде білім беру әлі де жалғасуда. Әлі миы қатпаған, балқыған қорғасындай нәзік ағза мүшелері қалыптасып үлгермеген 6-7 жасар бүлдіршіндер мұндай «эксперименттерді» көтере ала ма? Енді жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой айтқан ұлы ойшылдар мен ағартушы- педагогтардың ой-пікірлерін тыңдап көрелік. Украинаның лингвист-ғалымы А.А.Потебня бір еңбегінде: «… Жас жеткіншектің екі тілді білуі — оның ойлау жүйесін екіге бөледі және қақ жарылған көзқарастың біртұтастануы қиындайды. Бұл ғылыми абстракция жасауға да кедергі келтіреді. Егер мектептегі тіл отбасындағы тілден бөлек болса, екі түрлі «Сана» пайда болып, үйлесімділік қатынас бұзылып, отбасылық өмір мен мектеп өмірінің арасында моральдық қақтығыс туындайды»,- деп ой түйеді. Бұл ащы шындық. Кешегі Кеңес Одағы кезінде орыс тілінде білім алып, енді тәуелсіз ел болсақ та, өзінің ана тіліне ызақорлана қарсы шығып жүрген мыңдаған «шала қазақтар» сол күндердің ащы жемістері. Ұлы педагог Н.Д.Ушинскийдің «Родное слово» кітабындағы мына бір тұжырым тіпті керемет. «Халықтың тілі — тарихи тамырын тереңнен алатын, ешқашан солмайтын және халықтың рухани өмірін мәңгілік жайқалтып тұратын — гүл». Тіл арқылы халық пен ел рухтанады. Тілдің айнадай мөлдір, тұнық тереңінде ұлттың бүкіл рухани өмірінің тарихы сәулеленіп тұрады. Туған тіл — адамның ұстазы. Ана тілінде айтылған сөз адамның кеудесін жаңғыртып, жүректің «пинкодын» теріп, рухани сезімін түртіп оятады. Жат тілде құлаққа құйылған сөз — баланың жанына жасалған басқыншылық. Оның сан ғасырлық болмысына көрсетілген қысастық», — дейді ұлы педагог. Қазақтың үлкен ғалымы, ойшыл-педагог, жазушы Тұрсынбек Кәкішов өзінің «Көзқамандар» деген мақаласында: «… Адам өз болмысының терең эмоциясын өз тілінде ғана айтып көрсете алады. Ойын туған тілінде жеткізе алатын дәрежеге жеткен кезде ғана келесі тілді үйренуге болады. Жансарайын тіл арқылы сыртқа шығара алмаған жағдайда ішкі көңіл-күй жеңіліс тауып, ой құрылысы бұзылады. Қос тілді меңгерген адамның бойында болмыс пен келімсек пиғылдың күресі басталады. Өйткені тілмен бірге ой-сана мәдениеті де еріп келеді», — деп өзінің ұзақ жылғы ғұмырындағы көрген-білгені мен ойға түйгендерін кейінгі ұрпақ білсін деп жазған екен. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов сонау ХХ-ғасырдың басында ұлт үшін шырылдап-ақ бағыпты. Осы бір ұлтжанды жазушы бір мақаласында: «Оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек, қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өз ұлтын сүюге, халқына өзін сүйгізуге жиһат қылу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», — деген пікіріне таңғалмасқа болмайды.
Қазақ небір зарлы замандарды басынан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» халық. Тарихшы М.Қойгелді: «Біз жеңілген ұлтпыз, сондықтан бізде кемшілік көп» деп еді. Қазақ халқы бір емес, талай-талай жеңілді. Ол жеңілістер Ресей империясының отарлық саясатының кезеңдерімен тығыз байланысты. Қазақ халқы отаршыл Ресейдің әскери отарлау, саяси-әкімшілік отарлау, яғни, өзіне бағындырудың бірнеше сатысын басынан кешірді. Бірақ отарлау саясатының бұл кезеңдерінде қазақ халқының ұлттық рухы сынған жоқ. Үнемі қарсылық көрсетумен болды. Бұған тарихтағы 300-ден астам қарулы ұлт-азаттық көтерілісі айғақ бола алады. ХХ ғасырдың соңында Ресей империясы отарлық саясатының жаңа кезеңі — мәдени-рухани отарлау үдерісін бастады. Яғни, сананы отарлауды қолға алды. Бірақ қазақ халқының рухы бұған да сынған жоқ. «Қазақтың саяси билігін алдық, жерін алдық, салық салып қанадық, сонда да рухы неге сынбайды» — деген орыс отаршылдарына ең қастерлі, жымысқы ойды Сталиндік кезеңде әлемдік үкіметтен толық тәуелсіздік алған Ресейдегі Қазақ төңкерісін жасауға бағыт-бағдар берген екі миллион Еврейдің ақылды ойшылдары еді. Олар тек қазақ халқы ғана емес, бұрынғы Ресей империясындағы барлық ұлттардың рухын сындырудың жаңа жүйесін ойлап тапты. Ол жүйе — адамды жеке меншіктен айыра отырып, құлдық психологияға үйрету жүйесі болатын. Қазақтың рухын сындыру ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары қолындағы барлық меншігі мен қорасындағы малынан айырып, өздерін аш-жалаңаш қалдырып, ашаршылық апатына итеріп жіберген кезде басталды. Қазақтың осы кезде сағы сынды. Сорлы халықты үрей арқылы билеп-төстеді. Жаппай қуғын-сүргін арқылы рухын тұқыртты. Қазақтың соңғы күші 1941-1945-ші жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде ұлттың марқасқа азаматтары түгелге жуық майдан даласынан елге оралмай қалған кезде сарқылды. Қазақ ұлты барлық қабілет-қарымынан жұрдай болды. Соғыстан соң бірден орыстандыру саясатының темір қақпанына түскен ұлтымыздың жас буыны мүлдем ұлттық келбетінен айырылып шыға келді. Бірақ жаны сірі халық ұлт перзенті Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған 25 жылда тез көбейіп, рухын көтеріп алды. Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, ұлттық дүмпудің алапат жарылысы, қазақ ұлтының сағы сөнбегендігін бүкіл әлемге айғақтап берді. Тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Сәбит Шілдебай өзінің баспасөз бетінде жарық көрген: «Түрік танырлық балаң, кәне?» — деген мақаласында: «Қазіргі биліктің «Тілдердің үш тұғырлығы» дегенінен асқан қауіп жоқ. «Үш тұғырлы» деген ұғымның өзі арам ойдың туындысы! Тұғыр адамда біреу ғана болуы тиіс. Ол тұғыр — ана тілің! Ана тіліңде іргетасыңды бекітпей тұрып, өзге тілдерге оқытып жатқан жапондар ақымақ болмаса керек-ті» — деген ойы көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басқаны анық. Қазір осыған қазақтың оқығандары өз ойларын білдіруде. Бәрі де әлі ұлт болып ұйысып үлгермеген қазақ ұлтының жаны — ана тілінің болашағы жайында алаңдаулы. Батыстың ұлы ойшыл-ғалымы Дэвид Кристал деген кісі: «Тіл ажалы» деген кітабында: «Бір ұлтты жоқ қып жіберу үшін оларға қостілділікті, яғни, екі тілде сөйлеп, екі тілде ісқағаздарын жүргізуді енгізсе, сол жетіп жатыр», — деп Қазақ елінің басына түскен жағдайды дөп басып болжапты. «Революцияны халық жасайды, бірақ оны буржуазия пайдаланып кетеді» -деп Ресей пролетариатының көсемі В.И.Ленин айтпақшы, Қазақ ұлты 1991 жылы тәуелсіздік алған соң, Үкімет басында ұлтжанды, жігерлі азаматтар емес, ана тілінде сөйлей алмайтын қазақ өкілдері пайда бола кетті. Міне, енді соның кесірінен тәуелсіз ел — Қазақстанда ана тілі бейшара халге жетіп, жетім баланың күйін кешуде. Ұлттың тілі бейшара болған соң, ұлттың рухы да бейшара күйге түседі екен. Соңғы кездері Ресей Думасындағы Никонов пен Федоров бастаған «шовинистердің» «Біз Кеңес өкіметінің тікелей мұрагеріміз. Қазаққа уақытша сыйға берген жерімізді қайтарып аламыз» -деп Қазақстанның бес облысына көз сұғын қадауы Қазақстан Үкіметі басшыларының жігерсіздігінен туындап отырған жағдай. Оларға Ресейдің Мәскеуге дейінгі жері «Алтын Орда» мұрагерлері — қазақтардың ата қонысы екенін айтатын ешкімнің болмай тұрғаны өкінішті. Батыстың белгілі өкілі, космополит Сорос: «ХХІ ғасырдағы ең мықты және өміршең идеология — ұлтшылдық?», — деп өте тамаша пікір айтыпты. Әрбір қазақ баласы рухы жоғары, ұлтшыл болуы керек. Кезінде түркі елінен шыққан Афроснаб деген ақын: « Түркілер- өз жерінде тек малшы болады, ал жат жерлерде раушан гүліндей жайнап, алмас тастың сәулесіндей нұрланып ел билейді», -деген асқақ үні әрбір қазақ баласына жігер беріп тұрғандай емес пе? Өр рухты қазақ баласының Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлағалы отырғанда Ресей отаршылдарының ұрпақтарына: «Біз Павлодар қаласының атын «Кереку», Петропавл қаласының атын «Қызыл жар» деп өзгертеміз» — деп қаһарлана іске кірісуі ғана қалды. Қазақ даналығындағы: «Алаш» дегенде аттандамағанды, атаң болса да ұрып жық» деген сөз бар. Тәуелсіздікті ұстап тұру үшін әрбір қазақтың ұл-қызы «атойлап» атқа қонуы тиіс.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».