Кітап түзер бойыңды

Кітап түзер бойыңды
14 ақпан десе «Әулие Валентин» күні еске түсіп, оны еліккен жасы да, жасамысы да ғашықтар күнімен теңестіріп, қуана қауқылдасып жатады. Бұл мерекенің қазақы менталитетімізге мүлдем жат екені жазылып та, айтылып та жүр. Ал сіз бұл күннің 2012 жылдан бері Халықаралық кітап сыйлау күні ретінде атап өтілетінін білесіз бе? Біздің болмысымызға, діліміз бен тілімізге жатық бұл мереке күнтізбедегі ең жас мерекелердің бірі болса да аудандық кітапхана атаусыз қалдырған емес. Биыл да айтулы күн қарсаңында карантиндік ережелерге бағына отырып кітапхана қабырғасында оқырмандармен бірлесе кішігірім кездесу өтті.
Жалпы аудандық кітапхана қорында 260000-ға жуық кітап қоры бар. Оның 80000-ға жуығы қазақ тіліндегі кітаптар. Рухани орда жыл бойы 10000-ға жуық оқырманға қызмет көрсетеді. Өткен жылғы пандемияға байланысты оқырман саны екі есеге азайса да, кітапханадан жанына азық жинағысы келетін жандар күн санап артып келеді. Өткен жылы кітапхана қоры 2861 жаңа кітаппен толыққан екен. Ал Талғар қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлбаршын Шурабекованың айтуынша, балаларға арналған 40000-ға жуық кітаптың 8000-нан астамы мемлекеттік тілде. Жылына 2000-ға жуық балаға қызмет көрсетіп келе жатқан кітапхана мәдени-әдеби, тағылымды-тәлімді іс-шараларды көптеп өткізуде.
2012 жылдан бері кітапхананың кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің кітапханашысы болып қызмет атқаратын Гүлзат Лянова кездесу барысында аталмыш датаның шығу тарихы мен мән-маңызын баса айтып, кітапханаға түскен жаңа кітаптармен таныстырып шықты. 2010 жылдан КАБИС (қазақ автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе) бағдарламасымен жұмыс жасап келсе, 2019 жылдан бастап РАБИС бағдарламасы енгізілген. Бұл жүйелер кітапхана қорын жабдықтау мен өңдеу процесін жүйелеуге, электронды каталогтарының мәліметтер базаларын құруға және олармен ақпаратты іздеуін қамтамасыздандыруға, библиографиялық процестерін автоматтандыруға оңтайлы жүйе.
Айта кетелік, жалпы бұл күн Эмми Бродмурдың бастамасымен халықаралық деңгейде тойланып келеді. Эмми Бродмур — әлеуметтік желіні белсенді қолданушы, блогер әрі 3 баланың анасы. Бір ұлы Эммиге дәл осы күні “неге адамдар бір біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?” деген сауал қояды. Ешқандай жауап таба алмаған Эмми осы күнді «кітап сыйлау күні» деп белгілеп, әлеуметтік желі арқылы мерекенің танымалдылығын арттыра бастайды. Нәтижесінде мереке халықаралық деңгейге дейін жетті.
Меруерт Дүйсенғали,
«Талғар»