Коронавирусқа қарсы қамданыс

Коронавирусқа қарсы қамданыс
Алматы облысында коронавирусқа қарсы екпе салу жалғасып жатыр. Өңірге ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы легі келіп, оны еріктілер мен міндетті екпе алушылар ектіріп жатыр. Екпені салу үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезең, яғни, 1 ақпаннан бастап жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет ететін медицина, жедел-жәрдем қызметкерлері, жан сақтау және қабылдау бөлімдерінің, санитарлық бөлімнің қызметкерлерін қосқанда 100 мың адам екпе алатын болса, екінші кезеңде – 1 наурыздан бастап жоғары оқу орындары мен мектеп мұғалімдері, медициналық қызмет көрсететін қызметкерлерді қосқанда 150 мың адамға екпе егу жоспарланған.
Ал, үшінші кезең бойынша 1 сәуірден бастап балабақша, мектеп-интернат оқытушылары, студенттерді қосқанда 600 мың адамға екпе егілмек. Атаулы екпе кәмелеттік жасқа толған, яғни 18 жастан асқан адамдарға арналған. Аяғы ауыр, емізулі аналарға,созылмалы аурулары бар тұлғаларға екпе міндеттелмейді. Талғар ауданы бойынша 47062 дозалық «Спутник V» екпесін 15511 адамға 20 ақпаннан бастап егу жоспарлануда. Вакцина салынған құтыларды тасымалдайтын, сақтайтын термоконтейнерлер сатылып алынған. Облыс басшылығынан тапсырма түскен бойда екпе егу жұмыстары басталмақ.
Айта кетейік, қазіргі уақытта тұрғындар арасында коронавирусқа қарсы екпе салу жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздігі жайында түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ екпе салмас бұрын адамдардың денсаулығы толық тексеруден өтеді және екпе салғаннан кейін де біршама уақыт дәрігерлердің жіті бақылауында болмақ.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»