Алматы облысында 10 медициналық-әлеуметтік сараптама жұмыс жасайды. Солардың бірі Талғар ауданында орналасқан.
Бүгінгі күні аталған медициналық бөлімді тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оның басты себебебі, ақ халаттылардың тексеруі мен шығарған шешімдеріне бұқараның наразы болуы. БАҚ-та тараған бұл ақпарға қатысты Алматы облысы бойынша Еңбек әлеуметтік қорғау және көші – қон комитетінің департаментінің өкілдері жауап берді.
Басшылықтың нысанасына алынған, медициналық — әлеуметтік сараптама бөлімі Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының халқына қызмет көрсетеді. Талғардағы әлеуметтік сараптамаға жүгінетін халық саны – 286 мың адам.
2019 жылы №4 МӘС бөлімінде Талғар ауданынан 2960 адам куәландырылды, оның ішінде қайта куәландыру нәтижелері бойынша – 367 адам мүгедек деп танылмаса, 2020 жылы – 2646 адам, оның ішінде 400 адам мүгедек деп танылмаған.
Тумасынан немесе денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікті рәсімдеу, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміндегі сараптамалық қорытындылар объективті тексеру, құжаттарды тапсырған азаматқа қызмет көрсететін медициналық ұйым рәсімдейтін ұсынылған медициналық құжаттарды талдау негізінде шығарылады. Тексерулердің, сондай-ақ жүргізілген емдеу және оңалту іс-шараларының толықтығы үшін медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы жауапты болады.
Талғардағы жағдайға оралатын болсақ, жауаптылар халықтың шағымынан кейін мекеме төңірегіндегі жұмыстың жүргізілу барысын бақылауға алып, тексеру жүргізген. Нәтижесінде, ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
«Бұған дейін Департамент №4 МӘС бөлімінің мүгедек деп танылмаған 5 азаматқа қатысты сараптамалық қорытындысына талдау жүргізген болатын. Шағымданған жағдайларды қарау нәтижелері бойынша қорытындылар негізді деп танылды, өйткені медициналық құжаттарды объективті қарау және талдау кезінде азаматтарда организм функцияларының тұрақты бұзылуы және тіршілік әрекетінің шектелуі анықталған жоқ»,-деді Алматы облысы бойынша Еңбек әлеуметтік қорғау және көші – қон комитетінің департаменті басшысының МӘС жөніндегі орынбасары Мадина Тәңірбергенова.
Алматы облысы бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, 67 252 адам мүгедектігі бойынша куәландырылған. Осы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 22 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет алуға жүгінген. Олардың 4 мыңы алғаш рет мүмкіндігі шектеулі деп танылған. Биылғы жылы кембағалы жандарға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақылардың көлемі өсті. Атап айтар болсақ, 1-топ мүгедектеріне 65 860 теңге, 2-топтағы жандарға -52 мың, егер бала кезден мүгедектігі болса 54 мың теңге жәрдем ақы беріледі. Ал, 3 топтағы мүгедектерге 35 мың, бала кезден кемтар болған жағдайда 41мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Сондай-ақ, 16 жасқа дейінгі балаларға 48 мың теңге тағайындалған.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ