Абылай хан

Абылай хан
Қазақтың ел болып, үш жүздің басының қосылуына, қазақ даласын жатжерліктерден қорғап қалуда қисапсыз еңбек сіңірген Абылай хан еді. Оның дүниеге келгенде азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр болатын. Замандастары оның қарадан шығып хан болғаны туралы тарихи деректер қалдырған. Олар бүгінгі күнге келіп жетті. Алайда ол деректердің Абылайдың қайраткерлік тұлғасына көлеңке түсіре алмайтынын түсінуіміз керек. Қалай десек те халық оны төре тұқымы ретінде қабылдап, хан көтерді. Олай болса тарихи зерттеулерде оның шығу тегін қазып зерттегеннен гөрі, қазаққа жасаған қызметіне назар аударғанымыз жөн болады.
Тарихи деректерден білетініміз, оның әкесі болып саналатын Уәли хан тұтас жанұясымен ( ол кісінің төрт әйелі болған) белгісіз кеселден кенеттен жан тапсырған. Осылайша жастай жетім қалған Әбіл­мансұр­ды Төле би өзінің қолына алып, өз бала­ларынан кем көрмей, тәрбиелеп өсіре­ді. Оның Сабалақ атанатыны да осы тұс. Дала­таудағы (Аңырақайдағы) қалмаққа қарсы қанды қырғында бір өзі жалаң қылышымен он екі қалмақты ат үстінен шауып түсірген Әбілмансұрдың қаһарынан қаза тапқандар арасында Қалдан Сереннің жақыны Шарыш та бар еді. Дәл осы Далатауда Ұлы жүздің Сеңкібай бастаған қолы қалмаққа ортақ ұранмен, «Бақтияр­лап» лап қойғанда, олардың арасынан елден ерек оза шауып, «Абылайлап» ұран­да­ған Әбілмансұр ел назарын өзіне еріксіз аударған еді. Осыдан соң осы ұран есім бір­тіндеп оның шын есімін ығыстырып, ақыры ол Абылай атанып кетті. Әбілмәмбет ханның және ең бастысы, қазақтың атақты екі билерінің қолдауына ие болған Абы­лайдың даңқы қазақ даласына ғана емес, қалмақ қоңтайшысы Қалдан Серен­­нің жиені Шарышты өлтіруіне байланысты бүкіл қалмаққа да белгілі болды. Бұған наразы болып, қатты өшіккен қалмақ ханы одан кек алу жолын қарастырды. Осындай қазақ арасындағы жолды жақсы білетін қалмақтың Жалбы деген батыры Қалдан Серенге Абылайды ұстап әкелуге уәде берді. Отыз мыңдай әскермен Тарбағатай жолы арқылы түскен қалмақ қолы суыт жүріп, Ұлытауға ілінді. Осында алғаш Абылайдың серігі Едіге қолға түседі де, ол жанын қинаған соң, Абылайдың қайда екенін жауға көрсетеді. Қалмақтар бас бағып келгенде Абылай аң қуудан тыныс­тап, шаршап жатқан кезі екен. Оны ұйқыда жат­қанда қапыда басқан қалмақтар тұтқын­дап кейін қайтады. Қазақ даласы Абылай­дың аң аулап жүргенде аяқ астынан жоға­лып кеткенінен көп кешікпей-ақ хабардар болды. Бұл жағымсыз мәлімет Кіші жүзге де, оны басқарып отырған Әбілқайырға да жетті. Ол арқылы бұдан орыстар да хабар­дар болып, барлау жасай келе, Абылайдың Қалданның қолында тұтқын екенін анық­тады. Орынборды билеуші генерал Неп­люев Қалданға майор Мюллер басқарған елшілікті аттандырғанда оның алдына қойылған мақсаттардың бірі Абылай сұлтанды тұтқыннан босату болды. Алайда бұл елшілікке қазақтың сол тұстағы бетке ұстар игі жақсылары ілеспегенде, Абылай­­дың жоңғар тұтқынынан босатылуы екіта­лай еді. Өйткені бұл кездегі Қалдан Серен­нің басты мақсаты орыспен келіссөздер жүргізу емес, қазақты өзінің ықпалына қарату еді. Мұндайда бүкіл қазақ мойын­дай­тын және құрметтейтін Абылайдың тұл­ға­лық орнын ол дұрыс бағалай алды. Қытай қазақтарының дәстүрлі деректерінде қазақ-орыстың Қалдан Серен ордасындағы келіссөздері біршама нақты баяндалған. Ол бойынша, ашулы Қалдан елдің алдында Шарыштың кегі үшін Абылайды өлтіретінін айтып, өтінішпен келгендерге қыр көрсе­те­ді және соңғы сөзді Абылайдың өзіне бере­ді. Ол Абылайға: «Өлер алдында соңғы сөзіңді айт, қандай армандарың бар екен­дігін де екі ауыз сөзбен еліңнен келгендер ал­дында баянда» деп бұйырады. Осы жерде Абылай кейіннен қазақ арасына кеңінен таралып кеткен әйгілі үш арманын айтып, былай дейді: «…. Бірінші, қазақ елім орнық­па­­ған, еш патша түзетерлік жолықпаған. Ел қылып қазағымды орнықтырып, Қоспақ­шы ем қатарға елдің толықтанған… Екінші, тағы да айтсам арманымды, Құсамен тістеп жүрмін бармағымды, Шарыштай майданда өлсем арманым жоқ, Өкінем, ұйықтап қапы қалғанымды… Үшінші, бір арманым, іште түйін, Ұқтыру бұның өзін тіпті қиын. Келемін төрт атадан жалғыз болып, Ұрпақ жоқ өлсем егер менен кейін…». Осыдан соң Қалдан Серен не айтарын білмей ойға қалды. Абылайдың шынайы сөзі ханға жалғыз жиені Әмірсананы еріксіз еске түсірді. Мың ойланып, мың толғанған қалмақ ханы ақыры әділдікке жүгінеді. Ол өзінің жиені Әмірсананы елдің көз алдында Абылаймен достастырып, оның үстіне екі ел тату болсын деген тілекпен Абылайға Күнбаудау (бұл қалмақ тілінде «айырылмас дос» деген мағына береді екен) деген қызын ұзатты. Қалмақ келінмен бірге оның тағы бір жас бауыры қазақ даласына ілесіп кетеді. Осы кездесуде қазақ жағы да, қалмақ жағы да ойдағы бар өкпе-ренішті ашық айтып ортаға салады, алда тату ел болуға келісті. Бұл 1743 жылы болған оқиға еді. Айта кетеріміз Абылай осы қалмақ қызынан өсіп өнді. Одан Махмұт деген бала дүниеге келді. Алайда Абылай елге таныла бастаған тұста Жоңғариядағы саяси ахуал күрт өзгерді. Қаһарлы Қалдан Серен қайтыс болған соң жоңғар шонжарлары билік үшін өзара тартысып қалмақты әлсіретті. Енді қалмақтың қазаққа берген тату ел болу туралы уәдесі жайына қалды. Осы қырқыста үстем еткен Лама Доржы 1750 жылы қалмаққа хан болып сайланды. Бұған риза болмаған Қалдан Сереннің жиені Әмірсана оған қарсы қастандық ұйымдастырды. Алайда бұл әрекет әшкере болып қалды да Әмірсана Орта жүзге қашып келді. Оны жақсы қарсы алған Абылай оған көмек көрсетуге сөз берді. Сонымен қатар Абылай Лама Доржыға да оны қолдайтынын айтумен болды. Осылайша Абылай қал­мақ­тарды өзара қырқыстыра түсуді ойластыр­ды. Алайда оған сенбеген Лама Доржы одан Әмірсананы жеделдете қайтаруды талап етті. Мұндайда қалмақпен соғыс жақын екендігі байқала бастады. Абылай енді үш жүздің басын қосып әскер жасақ­тауға күш салды. Алайда бұл үшін ол, ел бас­қару­ды қолға алуы керек еді. Абылайдың қолына нақты билік 1752 жылы зауза айын­да Қарқаралыдағы Қайыңсу жайлауында болған үш жүздің игі жақсылары бас қосқан жиыннан кейін тиді. Осы маңдағы Қара­қоқты деген жерде үш жүздің игі жақсылары құдай жолына боз биені атап, сойып, қазан­дағы оның қанына қолдарын батырып, ортақ жауға қарсы бірігіп соғысуға уәде етіс­ті. Осында Төле би мен Қазыбек би бас­таған билер қауымының қолдауымен Абылай ақбоз атқа мініп, ақ ту көтерді. Мұ­ны естіген қалмақтар осы жылдың қыр­күйек айында жиырма мың қолмен қазақ­тарға соғыс ашты. Алайда Қайыңсу­дағы жиынға қатысқан билер мен батырлар елдеріне қайтып, шұғыл түрде қол жинауға кіріскендіктен қазақ бұл жолы қапы қала қойған жоқ, қалмақты ығыстырып, қуып шықты. Бұған ашынған қалмақ ханы қазаққа он мың қолмен қайта ат қойды. Оған қарсы жиналып үлгермеген Абылай екі мың қолмен ғана аттанды. Нәтижесінде Қаратал маңында болған осы шайқаста қазақтар оңай жеңілді, ұрыс даласында үш жүздей қазақтың денесі қалды. Енді қалмақтың күшейіп кетуіне жол бермеу ке­рек болды. 1756 жылы жазда Қабанбай мен Бөгенбай қолы Қаратал мен Көксу арасында қалмаққа түре тиісті. Оған Наурызбай бастаған Ұлы жүз қолы қосыл­ды. Нәтижесінде Убашы бастаған қалмақ қолы қоршауға түсіп, күйрей жеңілді. Қазақтар қалған қалмақты Аңқай асыра қуып тастады. Бұл Жоңғариядағы ахуалға да әсер етіп, ондағы будда дінбасылары Лама Доржыны өлтірді. Енді қалмаққа Дабашы осындай дүрбелеңде қайтыс болды, оның қарсыласы Әмірсана да өзінің мақсатына жете алмады. Қытайлықтар болса қалмақтарды төртке бөліп, оларды біржолата жойып жіберуді ойластыра бас­тады. Мұндайда Әмірсана қытайға қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Алайда жеңіске жете алмай қашып келген оны Абылай өзіне паналатты. Бұған ашынған қытай Абылай бастаған қазақтың тамырын басып көрмек болып, 1756 жылы жазда қазаққа ұрынды. Алайда алғашқы теке тіресте-ақ екі жақ та бұл шайқастың жақсылыққа апармасын аңғарып, тамыз айында кейін шегінді. Дегенмен де қытай әскерімен болған бұл қақтығыс Абылайға қымбатқа түсті. Ұрыс барысында жаудың найзасы санның қалың етіне тереңдеп кіріп, осы ауыр жарақат ханды біраз уақыт төсекке таңып тастады. Солай бола тұрса да, Абылайдың нұсқауымен қазақтар қалмаққа қарсы ұрыстарды Тарбағатай, Алакөл маңында жалғастырып, оларды біржолата талқандады. Келесі сиыр жылы (1757) Абы­лай жеңісті қамтамасыз еткен Қабан­байды, Бөгенбайды және Наурызбайды шақырып, Шимойын деген жерде ұлан-асыр той жа­са­ды. Бұл қазақ халқының ата жауы қалмақ­қа қарсы ұзаққа созылған, бірнеше ұрпақ ауыртпалығын көтерген Ұлы Отан соғы­сын­дағы ғажап жеңісінің салтанаты еді. Енді қытай сияқты алпауыт елмен келісімге келу басты мақсатқа айналды. Дәл осы жылы Абылай бұл келіссөзде де табысқа жетті. Екі ел өзара тиіспеу туралы уағда­лас­ты. Уәдеге тұратынына қытай жағының көзін жеткізу үшін Абылай өзінің ұлы Әділді оларға кепілдікке берді. Бұл бір жағынан қытайлықтарға алым-рамат төлемеу үшін жасалған саясат еді. Көп кешікпей-ақ Абылай ұстамды да тұрақты саясатымен қытай сеніміне кірді және жыл өткен соң Әділ сұлтан елге оралды. 1767 жылы Абылай өзінің Қабанбай, Байғозы, Баян, Оразымбет, Шынқожа, Жауғаш, Мәлік, Бердіқожа тәрізді батырларымен бірге тағы да атқа қонды. Бұл жолы жорық қырғызға қарсы болды. Қырғын соғыста қырғыз бас иді. Ел арасы тынышталды. Осындай ахуалда 1771 жылы қазақ ханы атанып, біртіндеп елден оқшауланып, елеусіз қалған Әбілмәмбет қайтыс болды. Енді қазақ Абылайды хан сайлау жағын қызу ойластыра бастады. Осы оқиғаға тікелей куәгер болған Қазыбек бек Тауасарұлы мұны төмендегіше жазып кеткен: «Сол жылдың жазында Қожа Ахмет бабаның мәжілісінде үш жүздің игі жақ­сылары, билері мен ел басылары, хандары мен сұлтандары жиналып, Абылайды хан сайлады… Ұлы жүз 24 шар, Орта жүз 31 шар, Кіші жүз 14 шар, Қарақалпақ 2 шар, төре 1 шар, барлығы 73 шар салынды. Орта жүзден абақ керей бір шар, тарақты бір шар даулап алды. Кіші жүзден алты әлім, төрт шөмекей, Жетірудан тама мен жағалбайлы, Байұлынан алаша мен жаппас қана шар салды. 29 таңбалы Кіші жүздің басқасы хан сайлауына қатыспады. Ұлы жүз Бәйдібектен тараған 7, сіргелі, шақшам 2, Қаңлы, Ша­ныш­қылы 2, Жалайыр 12, бәрі 24 шар салды. Сол 73 шардан Абылайға 69 адам қол берді. Шапырашты атынан шарды мен салдым. Хандар мен сұлтандар арасында да қарсылар болды. Нұралы інісі Ералының да хандықтан дәмесі бары көрініп қалды. Бірақ қазақ билері олардың сөзін құлағына ілмеді де, елемеді де. Өйткені қазақтың жүзге тарта ел билеушілері Абылайдың сөзін сөйлеп, сойылын соқты. Абылай ақ киізге отырғызылып, үстіне шентон, ба­сына мұрақ кигізілді. Сонан соң сегіз жігіт көтеріп, он шақты қадым жүрді де, ақ боз атқа мінгізді. Міне, ол енді хан болды. «Сақылардан сұлтан ал, құтпан жалдан ұлтан ал, пат құндыздан ұлпан ал осындай болды». Міне, Абылайдың қазаққа қалай хан болғанын көзі көрген адамның сөзі. Қалай десек те бұдан байқайтынымыз, көп­теген қарсыластарының қолдамағанына қарамастан Абылай 1771 жылы шынында да бүкіл қазаққа хан болып сайланды. Қазаққа хан болған Абылайдың елге сіңір­ген еңбегі қисапсыз, ол қандай құрметке де лайық. Қытай қазақтары арасына таралған «Шыңғыс ханның шежіресі» деген дастанда оның халық алдындағы еңбегі төмендегіше жырланады: «… Қырық екі жыл ел сұрады Абылай да, Хандар өткен тарихта әрбір жайда. Ел қорғауда жауынгер Абылайдай, Ержүрек батыр хандар болу қайда?! Айла­кер, соғыс маман парасатты. Ойы терең бол­жаған болашақты. Табанды қайсар болып, дипломат, уысында ұстады бар қазақ­ты. Абылай елді түзеп жолға салды. Жоңғардай жуан жауға тиым салды. Бір мың жеті жүз жетпіс жетінші жыл, ажал құр­ғыр қояр ма, дүние салды». Мұндай әділет­ті бағаға, әрине, алып-қосарымыз жоқ.
Осы мақалаға арқау болған дерек-дәйектемелер тарихшы Т.Омарбековтің «Айғаным» баспасынан шыққан «Қазақ хандары» тарихи кітабынан ықшамдалып алынды.
Дайындаған:
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»