Өткенге түйін, ертеңге жоспар жасалды

Өткенге түйін, ертеңге жоспар жасалды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қазіргі кезде егемен елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиындары өтуде. Ел алдындағы есепті ерекше өткізуге аудан әкімінің аппараты барынша тырысқандығы рас. Мәселен, бұрын-соңды тәжірибеде болмаған әдістерді қолдану арқылы халық аудан және ауыл әкімдерінің есебімен толық танысуда. Жаңа тәсілдің тиімді тұсы халық көкейдегі сауалдарын инстаграмда өтетін тікелей эфир арқылы жолдап, жауабын біле алатындығында болып отыр.
Алатау ауылдық округінің әкімі Қуатбек Смағұлов 2020 жылы атқарылған жұмыстары бойынша баяндама жасап, алдағы атқарылар шаруалар легімен таныстырды.
Ал аудан әкімінің орынбасары Дәркен Нұржанұлы ауданның дамуының басты бағыттарын атап айтып, өткен жылғы көрсеткіштердің, тапсырмалардың толық орындалғанына, кейінгі кездері өнеркәсіп саласының өркендеп отырғанына, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына кеңінен тоқталып, қол жеткізілген жетістіктер жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар алда тұрған ортақ шаруа орайындағы ауқымды міндеттерді де байыпты баяндады. 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын және 2021 жылға арналған міндеттерді саралап биыл да жетістіктердің еселенетіндігіне сенім білдірді.

Есепті жиында аудан тұрғындарынан 14 сауал қойылды. Олар негізінен әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарына, ауылшаруашылығын, инфрақұрылымды дамытуға, газбен, энергиямен қамтамасыз етуге, жол жөндеу жұмыстарына қатысты болды.
Есепті баяндама Zoom қосымшасы арқылы Алатау ауылдық округінің тұрғындарын онлайн қабылдаумен жалғасты. Енді солардың бірқатарын шолып өтсек:
Рысқұлов ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Рахымбаев Ердаулет ауылындағы МТФ-1 бөлімшесінің электр бағаналарын ауыстыруын сұраса, Шымбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер АлександрТерехов Шымбұлақ ауылының су құбырларын ауыстыру жайлы сауал жолдады.
Сонымен қатар Қызыл Қайрат ауылынан Рухия Тороманова есімді ұстаз №19 орта мектептің жылу жүйесін газға қосу жұмыстары жайлы, ал Береке ауылының ұстазы Айман Сарсембаева Береке ауылы, О.Жандосов көшесінің жөндеу жұмыстарының жағдайына алаңдайтынын жеткізді.
«Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Бірақ бәрі де ретімен шешіледі. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында иесіз бағаналарды ауыстыру жұмыстары жоспарлануда. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында округтегі Алмалық, Аманкелді, Алтын-Дән, Байбұлақ, Шымбұлақ ауылдарына су құбыры құрылысын жүргізу жоспары енгізілген. Бүгінгі күнге қаражат күтілуде. 2020 жылы №19 орта мектептің жылу жүйесін газға қосу үшін 1 млн 482 мың 369 теңгеге жобалық сметалық құжаттары дайындалды, құрылыс монтаждық жұмыстарына 3 млн 278 мың теңге қажет. Осы жылы аталған жұмыстарға бюджеттік өтінім беріледі. Береке ауылының О.Жандосов көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары дайындалып, бюджеттік өтінім берілді, 2021 жылы құрылыс жұмыстары күтілуде. Атқарушы органдар тұрғындармен тығыз байланыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етеміз»,- деп аудан әкімінің орынбасары Д.Нұржанұлы барлық сауалдарға тұшымды жауап берді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»