Талғар мен Алматының ортасына қатынайтын 207-ші автобустың іші тола бастады. «Қандай сүйкімді бала» деп ойладым үстіндегі күртешесі, мойнындағы орамасы мен бас киімі өзіне жараса монтиып алдыңғы бос орынға жайғасқан 14-15 жасар балаға көз қиығымды салып. Аяқ киімі де соңғы үлгімен таңдалып, сәніне сән қосып тұр. Ойды ой қуалап, терезеге қарап, зымырап қалып бара жатқан үйлердей келмеске кеткен балалық шағымның балдәурен шақтарын аралап кеттім… Сілікпеңді шығарар тентек автобус қалт тоқтай қалғанда ұшығы үзілген ойдан басымды бұрсам қапталымда үстінде түте-түтесі шыққан көнетоз палтосы, қолында сөмкесі бар апа тұр екен. Басындағы орамалы да өткен күннен қалған естеліктей көнерген. Әжім торлаған жүзінен әбден қажып, мына заманнан шаршаған жанның күйзелісі байқалады.
Қарт кісінің түрегеп тұрғанына қысылып, орын бере қояр ма деген үмітпен алдымдағы балаға қарадым. Кейуана да жас балаға жалтақтап қарап қояды. Құлаққабын баса киген ол ешкіммен де, ештеңемен де шаруасы жоғын байқатты. Аппақ жүзінде бір қызыл болсайшы. Көзін бір ашып, бір жұмып бедірейіп отыра берді. Бала емес бейнебір тас мүсін іспетті.
Терезе жақта отырсам да қасымдағы кісіні әурелеп тұрғызып, қарияға орын бердім. Алғысын айтып жайғасқан апа алдындағы өрімдей жасқа қадала бір қарады да, күрсініп, көзін терезе жаққа тайдырды. Бұл көзқараста терең мағына жатыр еді….
Журналистік санаға салып ақырын екі дәуірдің өкілін зерделей бастадым. Көз алдымда қарттық пен жастық бетпе-бет отыр. Өткен күн мен болашақ тартысы. Апыр-ау, қарт кісі неге жас баланың бетіне тіктеп қарай алмай, жанарын алып қашты екен? Тіпті орын сұраса да онысы олқылық емес еді ғой. Ренжігені ме, түңілгені ме? Әлі де міз бақпай отырған балаға қарадым. Бастан-аяқ мұнтаздай болған мынау балада бәрі бар болғанымен, ештеңе де жоқ екен-ау деген ой сап ете қалды. Аузын ашса бітті ана тілін де білмейтіні әшкере болады-ау деп аяп кеттім. Байғұс бала-ай, — деп іштей тіл қаттым. – Ана тыңдап келе жатқаның да шет елдің әуені ғой. Естімесем де білемін. Үйреніп жүрген ағылшыныңа жаттығу үшін ағылшынша сөздік жаттап келе жатқаныңа да шүбәм жоқ. Ана тіліңді шетке ысырып қойып, мәңгүрттенгеніңе бірақ сен кінәлі емес шығарсың. Іңгәләп келіп, көзін ашқаннан қорек іздегенде бойына нәр берген туған анасының көкірегі ме, жоқ әлде бөтен әйелдің езбе толы бөтелкесі ме? «Тәрбие басы – тал бесік» деуші еді. Ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Әркім өз жолын тауып кететіндей бала тәрбиесі жеңіл нәрсе ме? Жоқ. Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген сөзін басшылыққа алсақ, артық ештеңе айтудың да қажеті жоқ екен-ау.
Біресе патшалық, біресе кеңестік атанған Ресейдің темір шеңгелінен азаттық алған (азды-көпті) қазақ, әсіресе бүгінгі ұрпақ ата салттан аттап, үлкені кішісіне мейірімсіз, кішісі үлкеніне қайырымсыз болып, бұратола кәпірленіп кете қойған жоқ еді ғой. Одан кейін алмасқан ұрпақ та ата жолынан алыстаған жоқпыз. Сонда тәуелсіздік алғаннан бері дүниеге келген бүгінгі ұрпақтың оғаш жүріс-тұрысын, ұлтымызға жат сөз саптауы мен өзге де адамды қашырарлық қылықтары қайдан пайда болды? Әлде бізді ата-анамыз бірыңғай қазақы, бірыңғай мұсылманшылық негізінде тәрбиелеп, сондықтан бұ заманның түлкіқұйрық тірлігі жанымызға жат болып, өмірден артта қалдық па.
Бәлкім осының бәріне кінәлі қарттық шығар. Ақыл айтып, ұрпаққа жол сілтеген кешегі қара шалдар мен бүгінгі шалдардың арасы жер мен көктей… Болашаққа бағыт берер қарияның бейнесі міне, күйкі тірлік қамытын киген. Болашақтың бетіне тура қарай алмай терезеден анау қыс пен көктемнің арасындағы сұрқай дүниеге қарап телміре қалуы да содан болар…
Абырой болғанда келесі аялдама өзімнің аялдамам болып, түсіп қалдым.
Меруерт Бөлек,
«Талғар».
2 комментария
Жанар 02.02.2021 at 10:25
Ой саларлық мақала екен.
Ата-аналардың балаға қарауға уақыты жоқ.
Балаға басқа тіл үйретсек, соңғы сәнмен киіндірсек, болды деп ойлайтын ұрпақ көбейгенінің белгісі.
Бала тәрбиесі жеке тәрбие емес екенін түсінбейтін боп кеттік қой.»Кәне тұр, орын бер, қай мектептің оқушысысың, кімнің баласысың? Сені осылай тәрбиеледі ма? — деп айтар ауыз аз.
Қоғам боп тәрбиемен айналысу керек.» ТҮЛЕЙДІ ТҮРТПЕСЕҢ БІЛМЕЙДІ»- деп бекер айтпаған.
Түрту керек, түзеу керек, ауруды асқындврмай алдын алу керек.
Сіздің мақалаңызды оқыған адамдар ортасына жақсы жағынан әсер етеді деп ойлаймын.
Алла разы болсын, сізге!
Құрметпен Жанар Ханқызы.
Болашағымыз — бала десек, өзімізді тәрбиелеуіміз керек .
Отан отбасынан басталады дейміз.
Отбасы дұрыс болмаса , аиа- ана Отаншылдыққа тәрбиелемесе , мұғалімнің айтқанын заң көрмесе сондай ұрпақ қоғамда көбейері сөзсіз.
Тәрбиесіз білімнің пайдасы аз екенін түсіндіретін жұмыстар аз.
Мектеп оқушысы тұрмақ орта кәсіп және жоғары оқу оорнында беріліп жатқан тәрбие кімнің қадағалауында? Бәрі тыныш өмірдің құлы.
Болашақты ойлайтындар саны аз.Кімге өкпелейміз?
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА 01.03.2021 at 16:05
Құрметті, Жанар Ханқызы! Мақаланы оқып, пікір білдіріп жатқаныңызға рахмет! Осындай өзекті мәселелерді көп болып шешсек «Нұр үстіне нұр болар» еді. Көп түкірсе көл. Алдағы уақытта да белсенділік танытып отырсаңыз, алғысым шексіз.