Бокс баспалдағымен өрлеген

Бокс баспалдағымен өрлеген

«Талапты ерге – нұр жауар» – демекші, жас кезінен бокс өнерімен айналысып, бұл күндері жақсы жетістіктерімен қуантып жүрген он бес жасар боксшы Елнұр Нүсібәлі №2 қазақ орта мектебінде оқиды. Төртінші сыныптан бастап аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қанат Әбдікиримовтың қарамағына келген Елнұр 5-6 жыл бойы үзбей жаттығып келеді.

Бокс өнері – әрбір баладан төзімділік пен шы­дамдылықты, әрі ринг үстінде жан алып, жан беріскен шайқаста қайтпас қайсар мінез таныту­ды талап етеді. Мінезі байыпты, аптасына үш рет болатын жаттығуларда тауға қарай 10-15 шақырым жүгіру, шаршы алаң үстінде әріптестерімен кезек-кезек спарингтік жаттығу кезінде Елнұр Нүсібәлі үнемі алда жүретін. Баласы Елнұрға әкесі Бағдан да ақыл-кеңесін аямайтын. Жас кезінде еркін күреспен айналысып, спортқа жаны құмар әкесі баласына өз бетінше жаттығудың кестесін жасап беретін. «Өзіңді-өзің бағындыруға, өзіңе-өзің билік жүргізуге кішкентайыңнан үйрен. Құлқың соқпаған, бірақ қажетті істі атқаруға өзіңді көн­діре біл. Тиістіні тындыру – ерік қайраттың бірінші қайнар бұлағы» – деп В.А.Сухомалинский айтпақшы, жыл өткен сайын салмағы ауырлап, қолының бұлшық еттері мен дене күші жетіле түскен Елнұр 2020 жылы Жамбыл облысының Шу қаласындағы «Тарлан» спорт кешенінде өткен Қазақстан чемпионатында жүлде алмаса да, үлкен тәжірибе жинақтап қайтты. Елнұр Нүсі­бәлі қазір өрлеу үстінде. Жақында ғана Ақтөбе қала­сында өтетін Қазақстан біріншілігіне іріктеу жарысында 66 келі салмақта топ жарған ол енді қаңтар айының соңында Ақтөбе қаласында өте­тін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді. «Тал­пынған жетер-мұратқа» – дегендей, спорттағы бас­пал­дағы енді басталған Елнұр Нүсібәліден күтеріміз көп.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».