Қашықтан оқудың олқылығы

Қашықтан оқудың олқылығы
Коронавирус салдарынан оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығына төнген қауіптің алдын алу барысында  карантиндік қатаң талаптардың қолға алынуына байланысты еліміздің барлық өңірі қашықтан оқуға көшкені белгілі. Қатарынан екі тоқсанды қашықтан оқып қажыған оқушы мен мұғалім үшінші тоқсанды да қашықтан оқуға мәжбүр болды. Алайда бұл тоқсанда Ғылым және Білім министрлігінің пәрменімен бәрі болмаса да біртіндеп 9, 10, 11-сыныптар 70 пайызға дейін дәстүрлі немесе аралас оқу үрдісіне оралды. Осыған орай  2020-2021 оқу жылдың үшінші тоқсанында Талғар ауданы бойынша да орта білім беру ұйымдарындағы оқу үрдісін ұйымдастыру мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілді. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне жүгінсек,  Алматы облысының аумағында карантиндік және кейбір шектеу шараларын енгізу туралы Алматы облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 8 қаңтар 2021 жылғы №1 қаулысына сәйкес аудан бойынша 1-5-сыныптарда 3562 оқушы дәстүрлі оқыту форматында, 9, 11-сыныптарда 4993 оқушы аралас оқу, 36 204 оқушы қашықтан оқыту форматында білім алуда. Білім беру бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекованың айтуынша, қазіргі уақытта кейбір ауылдарда 1-5, 6, 7, 8, 9-сыныптар ата-аналардың өтініші негізінде офлайн және онлайн оқуға көшіріліп, 9,11-сыныптардың оқушылары аралас форматта оқу мүмкіндігіне ие болды. Ата-аналардың өтініші бойынша 1-сыныпта –113 топ (1536 оқушы), 2-сыныпта – 52 топ (611 оқушы), 3-сыныпта – 46 топ (537 оқушы), 4-сыныпта – 55 топ (669 оқушы), 5-сыныпта – 16 топ (209 оқушы) кезекші сыныптарда оқытылады. Аралас оқу форматына көшкен 9,11-сыныптар пәндердің 70%-ын мектепте, қалған 30%-ын қашықтан оқиды. Нақтырақ айтсақ ҰБТ мен қорытынды аттестацияға кіретін пәндер мектепте оқытылады. Офлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері кірген. Бірақ сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтық сақталып, 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша оқытылуы тиіс. Сонымен қатар бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30%-нан аспайтын адам болып, санитариялық-дезинфекциялық режим сақталып, бетперде тағу режимі күшейтіледі.
Сонымен қатар мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке кеңес беру, оқыту мүмкіндігі қарастырылған.   ІІІ тоқсан 2021 жылдың 11 қаңтарында басталып, 19 наурызда аяқталатынын ескерсек, тоқсанның аяғына дейін бірталай уақыт бар. Осы уақыт ішінде карантиндік талаптарды барынша қатаң сақтап, барлық тараптан жауапкершіліктің күшейгенін құптаймыз. Өйткені ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан: «Пандемияның екінші жылы басталды. Коронавирустың таралу қарқынын ескерсек, биыл ахуал былтырғыдан да ауыр болуы мүмкін. Әсіресе Еуропа мен Солтүстік Америкадағы жағдай күрделі. Ауа райының қолайсыздығынан коронавирус өршіп барады», – деді. Тек соңғы аптада ғана әлем бойынша 5 миллионнан астам адам кеселдің құрбаны болса, 85 мыңнан астам адам қайтыс болған. Сондықтан арқаны кеңге салып, денсаулыққа немқұрайлы қарамай, амандығымыздың кілті – қатаң тәртіп пен сақтықта екенін естен шығармайық.
Елімізде пандемия басталғалы жылға жуық уақыт өтсе де ес жиып, етек жабуға мүмкіндік бермей келеді. Дақпырты дабыраға айналған атыжаман алқымнан алған шақта қайтсек аман қаламыздың бар шарасы қолға алынды. Осының салдарынан барлық мемлекеттік мекемелермен қатар карантиндік қатаң режимге көшкен білім саласы әлі күнге дейін қалыпты оқу үрдісіне көше алмай отыр.  Мұның кесірі мектебіне барып балалық шағының бал дәуренін бірге өткізетін қатарластарын да, екінші анасы саналатын ұстаздарын да көрмей қашықтан оқып отырған балаларға қатты тиюде. Қара тақтаға ақ борымен тақылдата жазып, оқушысының санасына бар білгенін құя алмай мұғалім, білім ордасының ауасымен кең тыныстап, тең құрдастарымен бірге жүре алмай бала, баласымен бірге сабақ оқып, үйге жіпсіз байланған ата-ана пұшайман болды. Жоқтан гөрі, жоғары санап қашықтан оқып жатқанымызға да, міне, бақандай бесінші ай. Осы уақыт ішінде көзіміз жеткен көп дүние бар, соның ішінде қашықтан оқудың басты деген олқы тұстарына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Себебі, осы уақытқа дейін үш баласы қашықтан оқитын ата-ана ретінде 3-сыныптың  70-ке тарта баласының оқу сапасын үздіксіз бақылап келемін. Ата-аналардың әлеуметтік желідегі ой-пікірлерін сараптап-саралай келе оқу үрдісінде  туындаған мына мәселелерді ерекше атап өтуге болады.
  1. Бес ай бойы бел жазбай телефон мен компьютерге телмірген мұғалім мен оқушының, ата-ананың жүйкесі жұқарып, елдегі ахуалдың қыр арқаға батқан батпандай ауыртпалығын амал жоқ арқалап келеді. Алайда қашықтан оқығалы бері қит еткеннің бәріне кінәлі болатын мұғалім қауымынан бала мен ата-анаға ауысқан жауапкершіліктің төмендеуінен оқудан сапа кетті. Оқудағы олқылықтың ең бастысы осы.
  2. Сабақ басталғаннан сынып жетекші мен пән мұғалімі оқушысын түгендеп, жоқ балалардың жекесіне телефон шалып, хат жолдайды. Оған жауап болмаса ата-анасына хабарласып баласын сабаққа қатыстыруды өтінеді. Ол жауап бермесе WatsApp-тағы ата-ана чаттарына арнайы хат жазып, аудио жазба жолдап барлық ата-анадан баласын сабақтан қалдырмауды өтініп сұрап жатады. Бұл оқушы мен ата-ана тарапынан жауапкершіліктің төмен екенін көрсетті.
  3. Айналдырған 30 минутта өтілуге тиіс сабақ итіс-тартыс болып отырып осылай өте шығады. Сол күнге жоспарланған жаңа сабақты барлық бала меңгеру мақсат етілгенімен, сабақтың барысы үдеден шықпайды. Салдарынан жанын салып дайындалып, жоспар жасап әуре болған мұғалімнің алтын уақыты зая кетіп, еңбегі еш болуда.
  4. Уақыт тапшылығынан оқушылар берілген тапсырмаларды сабақ уақытында түгел орындап үлгермейді. Сондықтан мұғалім қалғанын үй тапсырмасы ретінде беруге мәжбүр. Бірақ мұның өзін ойдағыдай орындайтын бала кем де кем…
  5. Қу тірліктен қолы босамай жүрген ата-аналардың қараусыз қалған балаларының жайы тіптен мүшкіл. Сабақ уақытында бастан-аяқ қатыспаған балалар басында бар екенін білдірген соң мұғалімнің сұрақтарына уақтылы жауап бермек түгілі, соңына дейін дым деместен отырып, аяғында жылтың етіп «сау болыңыз!» дейді. Екі ортадағы уақытта бала немен айналысып, қайда, не істеп жүр ол жағы белгісіз.
  6. Бүгінгі сабақты оқушыға қалай меңгертсем деп жанталасқан мұғалімнің ғана емес, білімге деген қызығушылығы жоқ, бойын босқа салған оқушының да қайта оралмайтын уақыты босқа өтуде. Мұның салдарын кім тартады? Өкінішін кім көреді? Әрине, баласын бақылай алмаған ата-ана, білімсіз өскен бала тартады.
Міне, көріп отырғанымыздай, ел ертеңі болар жас ұрпақтың тамырына өзіміздің жауапкершілігіміздің кемдігінен осылай балта шабылып жатыр. Бұл дегеніміз «су аяғы – құрдым» деген сөз. Ертең оқушы оқымағанына, ата-ана қадағалап оқыта алмай қалғанына өкініп, бармағын тістеп қалмау үшін аталған олқылықтардың орнын қалайда толтыруымыз керек. Ол үшін анау айтқандай қаржы немесе үлкен күштің керегі жоқ, балаларымыздың аз ғана ынтасы мен өз болашағына деген құштарлығы болса жеткілікті. Ал сіз бен біздің басты міндет – «болам деген баланың бетін қақпай, белін буып», қолдан келгенше қамшылай түсіп қадағалау. Ендеше ертеңімізге бей-жай қарамай, болашаққа деген сенімімізге селкеу түсірмей барынша мұқият болайық. Мынау алмағайып заманның аласапыраны сәл кеткен қателікті кешірмейтініне көз жеткен уақыттамыз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы,

тілші