COVID-19 және QazCovid-in

COVID-19 және QazCovid-in
Дүниежүзін дүрмекке салып отырған аты шулы пандемияның ақыры бүгін-ертең  көрінбейді.  Әлемдік ақпарат құралдары таратқан ақпарларға сүйенсек, сәт сайын мутацияға ұшырап, дереу түрленіп және күшейіп шыға келетін аты жаманның құрығына іліккендер саны әлем бойынша 90,2 миллионнан асып, 1 млн 933 мыңнан астам науқас аталмыш індеттен көз жұмса, 49,9 миллионнан астам адам аурудан айыққан. Әлем елдерінің ғалымдары барынша зерттеп, ғылыми негізде қаншама тұжырымдар жасағанымен төрткүл дүниені жайлаған дертке дауа болар нақты вакцина да табылған жоқ. Тыныс алу жолдарын зақымдап, арты асқынған пневмонияға айналатын бұл аурудың зардабын әсіресе қарт адамдар мен созылмалы ауры бар жандар тартып келеді. Бірақ бұл жас және орта жастағылар үшін қауіпсіз деген сөз емес. Осыған байланысты елдегі ахуалда мәз емес екенін көріп отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы бойынша еліміз бойынша коронавирустың құрығына іліккендер саны 210 мыңнан асып, өткен жылдың желтоқсанының 15-інен бергі көрсеткіш ішінде бір күнде 1300-ге дейін науқас тіркелгені айтылды. Бұл дегеніміз пандемияның өсу қарқыны әлі де қайтқан жоқ деген сөз. Коронавирустың таралу деңгейіне қарай жасалған тізімде Қазақстанның аты 49 орында аталып тұр.
2020 жылғы статистикалық мәлімет бойынша Алматы облысында 35856 науқас жіті респираторлық вирусты жұқпа жұқтырған болса (ары қарай ЖРВИ), оның 3207 жағдайы Талғар ауданында тіркелген. Ал олардың 712-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Эпидемиологиялық кезеңдерде тұмауға қарсы екпе жасау қарқынды түрде жүргізілгеніне қарамастан, ауру жұқтырғандар саны алдағы уақытта күрт артуы мүмкін. Қазіргі жағдайда 19949 адам арнайы екпе салдырған, оның 4718-сі 14 жасқа дейінгі балалар, ал 15231-і ересектер. Осыған байланысты аудандың СЭС-ның басшысы Бексұлтан Манарбекұлының айтуына қарағанда «Талғар ауданында 2020-2021 жылдардағы эпидемиялық маусымдағы  ЖРВИ, тұмау бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, эпидемияға қарсы шаралар қатаң түрде қолға алынған. Бұл бағыттағы барлық ахуалды бақылауда ұстау мақсатында Талғар аудандық тауарлар мен іс-шаралардың жүргізілуін бақылау басқармасы мен ШЖҚ «Талғар аудандық орталық ауруханасы», сондай-ақ білім беру басқармасымен бірлесе отырып арнайы бұйрық шығарды». Аталмыш бұйрықтың №1 қосымшасына сәйкес, аудан бойынша білім беру мен жасөспірімдерді тәрбиелеу нысандарында пандемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру алгоритмі сақталып, эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауға алынған. Аудандағы ахуалды назарда ұстау үшін медициналық ұйымдар тарапынан тұмау мен ЖРВИ-ге қосымша 25 төсек-орын қоры бөлініп, науқастарға кеңес беру үшін арнайы телефон байланысы да іске қосылған. Аурудың алдын алу мақсатында амбулаториялық емдеу шараларын іске асырып, науқастарға көмек көрсететін медициналық мекемелердің барлығының кіреберісі санитарлық талаптарға сай техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, келушілердің ыстығын өлшеп, алғашқы көмек көрсету үшін кезекші мамандар үздіксіз жұмыс істеуде. Аурудың өршу кезеңдерінде жұмыс уақыты 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, ал сенбі, жексенбі күндері  9.00-ден 18.00-ге дейін ұзартылды. Ал COVID-19 вирусына шалдыққандар арнайы жасақталған уақытша емдеу орталықтарында ем алып, күндіз-түні дәрігердің бақылауында қатаң режимде жұмыс істеуде.
ҚР Премьер минстрі Асқар Мамин өндірістік қуаты жылына 60 млн доза вакцинаны өндіруге жететін Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) отандық QazCovid-in вакцинасына клиникалық сынаудың I және II фазаларын жүргізгенін хабарлады. Тыңғылықты зерттеудің алдын ала нәтижелері бойынша бұл вакцина 96% жоғары дәрежедегі қауіпсіздігін, иммуногенділігін және тиімділігін  көрсетті. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдады. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ҒЗИ-да отандық вакцинамен егілді. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталды. Олардың қатарында  QazCovid-in вакцинасын алғашқылардың бірі болып салдырған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин де бар.  III кезеңді өткізу үшін вакцинаның 10 мың доза көлемі шығарылатыны хабарланды. «Отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады», — деді А. Мамин.
Ел ішінде коронавирус екпесіне қатысты  келер жылдан бастап жаппай егу басталып, барлығына бірдей вакцинаны салдыру міндеттеледі  деген сыңайлы түрлі өсек-аяң да өршіп тұр. Қауырт таралған қауесетке сеніп, дүрмекке ілесіп дүрлікпес  бұрын саналы адам ретінде нақты ақпараттарға көз салып, құлақ түруге шақырамыз. Қазір барлық дамыған мемлекеттерде коронавирусқа  қарсы вакцина жасап шығару жоғары деңгейде қолға алынғаны белгілі. Оған пандемияның қақпанынан құтыла алмаған ел ретінде  біздің ғалымдар да барынша атсалысып, отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынаудан өткізілуде. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылыми министрлігі Ғылым комитетінің Facebook-тегі жеке парақшасында хабарланды. Онда «2020 жылғы 19 желтоқсанда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ ғалымдары әзірлеген қазақстандық инактивтендірілген QazCovid-in вакцинасының клиникалық зерттеулерінің үшінші кезеңі басталды. 244 қазақстандық қатысқан клиникалық зерттеулердің бірінші және екінші фазаларының нәтижелері көрсеткендей, вакцина қауіпсіз болып табылады, антиденелер қалыптастырып, жасушалық және гуморальдық иммунитетті индукциялайды. Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңіне үш мың ерікті қатысады. Алдыңғы фазалар сияқты, үшінші фаза Дүниежүзілік Медицина қауымдастығының Хельсинки декларациясының ережелеріне, «Тиісті клиникалық практика» (GCP) басшылығының талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады. Зерттеулердің барлық қатысушысына бір реттік сыйақы төленіп, медициналық сақтандыру кепілдендірілген. Зерттеудің үшінші кезеңінің басталуына масс-медиа және қоғам асқан қызығушылық танытып отыр. Соңғы күндері Ғылым комитетіне ресми волонтер болғысы келетін және бағдарламаға қосылуға ниет білдірген қазақстандықтардан көптеген өтініштер келіп түсті»  делінген. Сонымен қатар жазбада соңғы уақытта қазақстандықтардың басым көпшілігі ресми зерттеу хаттамасынан тыс ерікті түрде вакцина салдыртуға дайын екені айтылды.
Қазіргі уақытта Алматы облысының бірқатар ауданы коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» және «сары» аймақта тұр. Осыған байланысты Талдықорған қаласы мен екі ауданда шектеу шаралары күшейтіледі. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 13 қаңтардан бастап Талдықорған қаласында, Көксу, Ескелді аудандарында демалыс күндері қосымша шектеулер енгізіледі. 11 қаңтарға дейін Талдықорған қаласында 135 адам, Көксу ауданында 62 адам, Ескелді ауданында 41 адам инфекция жұқтырған. Соңғы мәлімет бойынша коронавирус жұқтырған 597 адам тіркелген. Қазір 434 адам ауруханада емделіп жатыр, 29 адамның жағдайы ауыр, 357 адам амбулаториялық деңгейде емделуде. Науқастардың 40%-ы қоғамдық орындарда, 25%-ы отбасында жұқтырған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ)  белгілері коронавирусқа ұқсас пневманияны да COVID-19  тануға нұсқау бергенімен, біздің елде ПТР тесті оң шыққандар мен теріс нәтиже көрсеткен, бірақ белгілері коронавирусқа ұқсас пневмания түріне жеке-жеке код беріп, әрқайсысын бөлек есептеп келеді.  Мұның ішінде атыжаманға шалдыққандардың саны жағынан  Алматы қаласы мен Алматы облысы  алдыңғы орындарға шыққаны белгілі. Аурудың айтып келмейтінін ескерсек, бұл ретте әр тұрғын өзінің және жақындарының амандығы мен саулығына өзі жауапты екені айтпаса да түсінікті.
Дәл қазір мутациялану деңгейі өте жоғары COVID-19-дың «британдық коронавирус штамы» Ресей елінде тіркелді деген дабыл қағылуда. Осыған байланысты Ресей мен Ұлыбритания арасындағы әуе қатынасы тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, вирустың бұл түрі кәдімгі коронавирусқа қарағанда 50-70 пайыз жылдам таралатындықтан шапшаң жайылып бара жатқан дерттің тырғанына ілінгендер саны Ұлыбританияның өзінде санаулы күнде-ақ 50 мыңнан асқан. Сондықтан аурудың таралу ауқымын шектеу мақсатында елде локдаун режимі орнаған. Аталмыш ауруға шалдыққандар Испания, Италия, Германия, Нидерланд, Қытай, Швеция мен Азия елдерінде де тіркеліп, аурудың асқыну салдары күн санап өршіп келе жатқан көрінеді. Ендеше іргеде індеттің жаңа түрі есік қағып тұрғанда «қой мың, жылқы жүз» болып, жағаны жайлауға, арқаны кеңге салатын жайымыз жоқ. «Сақтансаң сақтаймын» деген, ел ішінде аурудың тамырын терең тартып тез таралып кетпеуіне, жақынымыздың түбіне атыжаман жетпеуіне баршамыз жауапты екенімізді де әсте естен шығаруға болмайды.

Жанбота Сұлтанмұратқызы,

тілші