ЕРТАЙДЫҢ ЕРЛІГІН ҰМЫТПАЙЫҚ

ЕРТАЙДЫҢ  ЕРЛІГІН ҰМЫТПАЙЫҚ

Алаштың асыл азаматы, қазақ ұлтының тәуелсіз ел болуы жолында жанын пида еткен Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт-азаттығы-ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі алдында өсіп дамиды, жеміс береді» – деп жазған болатын. 1986 жылы 16-18 желтоқсан күндері Алматыда болған «Желтоқсан көтерілісі» сол кезде аспан аударылып жерге түскендей оқиға болды.

Ресей империясының құрсауында болған Қазақ ұлты сол кезде өз тілінде сөйлей алмайтын, Алматы астанасы болса да бұл қалада тұра алмайтын шерменде болған ұлт еді. Алматыда бір-ақ қазақ мектебі болған болса, қалғанының бәрі орыс мектебі еді. Қалада қазақтың үлесі 18-20 пайызды құраса, қазақ жастары мен түрлі оқу орындарында оқитын студенттердің бәрі де тек жатақханаларды қоныс ететін. Ал Ресейден келген славян ұлтының өкілдері Алматыда шалқып өмір сүріп, қаладан екі-үш пәтерден иемденіп, ісіп-кеуіп жүретін. Қазақты басынғаны соншалық, екі қазақ бір-бірімен ана тілінде сөйлесіп тұрса, «Сендер неге жабайылардың тілінде сөйлесіп тұрсыңдар? Кәне, біз түсінетін орыс тілінде сөйлеңдер!» – деп зілдене, айбат шегетін. Осындай қорлықты көріп келе жатқан қазақ ұл-қыздары ақыры 1986 жылы 16 желтоқсанда жанартау болып атылды. «Тұрып жатқан елінің тілін тек қонақтар, ақымақтар немесе сол елде өз тілінде сөйлесу тәртібін орнатуды көксеген басқыншылар ғана білмеуі мүмкін» – деп неміс ұлтының ұлы ойшылы Карл Маркс айтқандай, 16-18 желтоқсан күндері қолдарындағы ақ матаға: «Қазақ ұлтына қазақ басшы керек!» – деген жазу жазып алғын өрімдей-өрімдей қазақтың ұл-қыздарын Ресейден әкелінген Кеңес Одағы әскерінің арнайы дайындалған «жендет» кейпіндегі жирен сары солдаттары аямай ұрып-соғып, қайта бас көтере алмайтын етіп қан-жоса етіп тастады.
Міне, осы көтерілістің бел ортасында жүргендердің бірі Алматыдағы архитектура институтының бірінші курс студенті Ертай Көпесбаев еді. Семей облысының тумасы, сол жылы жазда Герман Демократиялық Республикасында сарбаздық міндетін атқарып келген болатын. Сол бір қанды көтеріліс күндері алаңда мерт болған Ербол Сыпатаев сияқты ондаған қазақ боздақтары көп болса да, отаршылдар билеген Үкіметке алаңда өлген Савицкий сияқты славян ұлтының өкілдері қымбат еді. Славян өлтірген адамды тез арада табуды көздеген ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, алаңда көзге түсіп қалған Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Ташенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаевтарды «кісі өлтіруші» деп танып, оларды ұзақ жылға соттап жіберді. Ал олардың қатарында болған Ертай Көпесбаев жабылған жаланы еш мойындамай қойды. Суық түрмеде ұстап, үстіне жиі-жиі суық су шашып, түрлі азаптар көрсетсе де бір сөзінен қайтпай қойған қайсар бозбаланы Қазақ ССР-нің Жоғары соты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 173, 65, 60- статьяларымен төрт жылға соттап жіберді. Ақтөбе маңындағы Хромтау түрмесінде азапты жылдарын өткерген Ертай Көпесбаев 1990 жылы ақталып шықты. Сол жылы Сарқанд ауданының қызы Айбаршын Жұмағалиқызымен отау құрып, Талғар қаласына қоныс тепті. Қаладағы газ шаруашылығында, аудандық автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болған Ертай түрмедегі азапты жылдарында алған ескі сырқаттан 2015 жылы мәңгіге көз жұмды. Қайсар азамат халқының азат ел болғанын, басқа ұлттар сияқты бостандықтың тәтті дәмін татқанын өз көзімен көріп кетті.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»