Ол – өз ұлтын, мемлекетін, елін, жерін жан-тәнімен сүйді. Арын да, -жанын да сол жауапкершілік жолында құрбан етті. Әлемге уын шашқан пандемия дейтін мылтықсыз майданның алғы шебінде көз жұмды. Турашылдық жолында туғанына да жақпаған, бірақ еліне, халыққа қызмет ету дағдысында жұрт сенімін ақтаған қайраткер азамат Жолан Ыбырайақынұлының дүниеден өткеніне де 40 күн толыпты. 41 жасында қыршынынан қиылған қайсар ұлдың халықтық перзентке айналғанына қоштасу сәтінде анық көз жеткіздік.
Ұлы Сүйінбай, Жамбыл бабаларымыздың бесігін тербеген киелі Суықтөбе баурайындағы Беріктас аулында жаназа намазы оқылған сәтте оғыланды қимай, қабырғасы қайысқан Талғар ауданының тұрғындары ұлт, ұлыс демей әкімдік ғимараты алдында Жолан Омаровпен қоштасу жиынын өткізді. «Арысым…» деп аңыраған елдің қайғысына Талғар таулары да күрсініп, қабаржып тұрды. Қаралы хабарды естіген, Азаматтың есіміне қанық алыс-жақындағы жұрттың көңіл пернесі екі күн бойы зәу көктен жаңбыр болып төгілді.
Әйгілі Әнет баба Қазыбек биге: «әкім» деген сөзді жадыңда сақта» деген екен. Сонда Қазыбек би:
«Ә» дегені – әділ бол. «К» дегені – күншіл болма, көпшіл бол. «І» дегені – ілтипатты бол. «М» дегені – менмен болма, мейірбан бол» деп сөз астарын жанындағы жолдастарына тәпсірлеп берген екен.
Осы аманатты еске алсақ, Жолан шын мәнісіндегі әкім болды, халыққа жақын болды.
Мемлекеттік қызметке араласқан уақыты он-ақ жыл. Әу баста заңгер мамандығын алып, еңбек жолын «КИРЗАВОД-1» ЖШС-нен бастады. Кейіннен Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде кадастрлық жер бөлімінде білімін жалғастырды. Жер жағдайын жетік меңгерген маманның жиған білімі Алматы облыстық жер басқармасын басқарғанда білте шамға айналды. ҚР Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Талдықорғанға барған бір сапарында облыстағы жер ресурстарын пайдалану жайында Жолан Омаровтың берген есебіне, сымдай тартылған жас басшының тиянақтылығына дән риза болған-ды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Жолан Омаров 2017 жылдың желтоқсан айында Райымбек ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол кезде аудан орталығы Кеген болатын. Алғашқы қадамын жұма намаздан бастаған Жоланның жорығы әрі қарай ел ішін аралауға ұласты. Қасына шабармандарын ертпей, жалғыз жүріп, талай белес, қыр асты. Халықтың ішкі жағдайымен мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне деген жауаптылығына сол арқылы көз жеткізді. «Күндіз күлмеген, түнде кірпік ілмеген» Күлтегін сынды Жоланның әрбір ісіне таңданған Кеген жұрты ғарыш әлемінің кейіпкерімен кездескендей күй кешті. Анығында жас жаңа әкімнің жұмыс тәсілі аңызбен емес, ақиқатпен үйлесті. Түн ортасы ауғанда қарапайым шаруаның кейпінде аудандық аурухананың есігін қақты. Алайда кезекшіліктегі (Гиппократ антына адал жандар) «ауырып» келген науқасқа назар да салған жоқ еді. Содан-ақ ақ халаттылардың қызметінің салғырттығының себебі мен дерегіне қанықты. Іскер әкім түн қата жүріп аудандық ішкі істер бөлімінің, жарықпен қамту орталығының, т.б мекемелердің жұмысының кемшін тұсын дөп басты. Ол – өмірде жайсаң, еркөңіл болғанмен, қызметте өте талапшыл, қатал, жауапкершілікті басшы болды, ал бұл тәртіпке көнбегендер қызметімен қоштасты. Есесіне, талапшыл басшы халықпен достасты. Таулы өлкенің қақаған қаңтарында, ақтүтек боранында Жолан да қолына күрек алып жолшылармен бірге кей жердің қарын да күрескенін біреу білсе, біреу білмейді. Жүрегі елім деп соққан тұлғаның саулығын таулықтар күні-түні тіледі. Тынымсыз тірлікпен күн өтті, түн өтті. Сол үш-ақ ай мерзімде шекаралы өңірдің тыныс-тіршілігін құлпыртып, түлетті.
Ақпан айындағы әрбір округтегі ауыл әкімдерінің есеп беру жиналысына бастан-аяқ тікелей өзі қатысты. Ауыз су, жер жағдайы, мектеп пен Мәдениет үйлерінің күрделі жөндеуі мен жол құрылысы секілді мәселенің мән-жайын елмен бірге талқылап, ортақ ой қорытты. Көптеген сұрақтарға жауабын анық та, қанық етіп берді. Өз құзырынан келгенін өзі шешті, келмегенін облыс басшысының алдына қойып, шешімін жедел табуға күш салды. Оның игілігін көп уақыт өтпей-ақ халық көрді. Айтпақшы, әрбір ауылдық жердегі есеп беру жиынындағы бұрынғыдай «ас ішіп, аяқ босататын» аста-төк дастарқанға пышақ кесті тыйым салғанын округ басшыларының өзі жырдан қызық етіп айтқанын естідік. Шалғайдағы әр ауылды сенбі, жексенбіде аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Кейбір ауыл тұрғындарының жөн сұрап тұрған кісінің аудан әкімінің өзі екенін сезбей де қалған кездері болды. Бұл тәсіл жалпы жұрттың көкейіне қонды.
Ұршық уақыт айналып, бар тіршілік иесі көктеммен қауышты. Сол аралықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Кеген ауданы қайта құрылып, Жолан Ыбырайақынұлы Райымбек ауданының әкімі болып Нарынқолға ауысты. 2018 жылы, 18 сәуірде Нарынқолда алқалы жиын өтті. Бұл басқосудың мәні де, жөні де бөлек еді. Жиырма бір жылдан кейін қайтадан аудан мәртебесін иеленген нарынқолдықтардың қуанышында шек жоқ. Алдымен сөз алған облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы жиылған жұртқа ауданның жаңа әкімін таныстырды.
«Құрметті ағайын, бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн! Бүгіннен бастап Райымбек ауданының орталығы Нарынқол болғандығын сүйіншілеп келіп отырмыз. Алда атқарылар шаруалар өте көп. Мен жаңа барлық көшені аралап шықтым. Талай істі басынан қайта бастауға тура келеді. Сол үшін де қолынан іс келетін, Кегенді басқарған аз-ақ уақыт ішінде өз деңгейін көрсете білген қайратты да қажырлы Жолан Омаровты Ақорданың келісімімен осы ауданның әкімі қызметіне тағайындадым», – деп үлкен сенім жүктеді.
Кезінде Нарынқол ауданын басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бақыт Оспанов осы жиындағы өз сөзінде: «Құрметті бауырлар, араға жылдар салып сіздермен қайта қауышып отырмын! Нарынқол өңірінде басшылық еткен жылдарым есіме түсіп тұр. Ал қайта құрылған ауданның жаңа әкімі Жолан – менің шәкіртім, қарамағымда қызмет етті. Ол – өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын өте ұқыпты азамат. Сіздердің де, облыс әкімінің де, менің де үміт-сенімімізді ақтайды, оған мен кепілдік беремін» деген еді. Бұл сөзді уақыт өзі растады.
«Мен сенемін жастарға» деп Мағжан ақын айтқандай, Жолан аудан әкімінің бірінші орынбасарынан бастап кілең жастарды қызметке тартты. Оларға үлкен сенім артты. Аудандық ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып көптеген жобаны іске асырды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев секілді тәжірибелі мамандардың кеңесіне жүгінді. Нәтижесінде ел басқарудың ішкі құпияларын ұғынды. Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтай атқа мініп, егістік алқабының басында, малшының қосында Жоланның өзі жүрді. Автокөліктен түспейтін, ноқта-жүгеннің не екенін ұмыта бастаған ауыл әкімдеріне атқа мінуге тура келді. Өзі де сол шекаралы ауданды атпен аралап жүріп басқарды десе де болады.
Қайта ашылған ауданның құрметіне 2018 жылдың 21 шілдесінде атақты Шәлкөде жайлауында еңбекші халыққа арнап үлкен сабан той өткізді. Соның аясында «Жетісу жүйрігі» дейтін әйгілі ат бәйгесін ұйымдастырды. Сол үшін де жайлаудың қақ төрінен бір айналымы төрт шақырым болатын үлкен атшабар алаңын жасатты. Сәйгүліктер сүрінбесін деп әлгі алаңның әрбір тасы мен шымын өз қолымен терді, оны көзіміз көрді. Түйір тасы жоқ алаңда жарысқа шыққан жүйріктердің бәйгеден соң ақсағанын көрмедік. Осының барлығы Жоланның жылқыға деген шынайы құрметі, ат иесіне, шабандоз бен бапкерге деген жанашырлығы, қауіпсіздік шараларына деген жауапкершілігі болатын.
Өткен 2019 жылдың 14 шілдесінде сол ханжайлау Шәлкөде алабындағы алаңда «Жетісу жүйрігі» бәйгесін екінші рет өткізіп, Жаркент, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандары арасында мал шаруашылығы көрмесін ұйымдастырды. Мұндай малшылар қауымының еңбегін бағалайтын жиынның сол өлкеде дүбірлеп өтпегеніне ширек ғасыр уақыт болған еді… Жеке шаруа қожалықтарымен малшылардың еңбегіне айрықша тоқталып, өз атынан сыйлықтар тапсырып, қуанышқа кенелтті. Соның барлығы да келер жылы аталып өтетін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық тойының дайындық жұмыстары еді. Бір сөзінде «Сарыжаз, Қарасаз, Тұзкөлге, одан әрі Шәлкөде жайлауына дейін асфальт жол төсетемін, той өтер, жолдың игілігін халық, малшылар көруі керек қой» деп еді. Одан да бөлек арман-мақсаты көп еді. Аспантаулар өлкесінің туризмін дамыту, Шәлкөдеде халықаралық этнофестивалін ұйымдастырып, «Алтын тұлпар» ат бәйгесін өткізу, әрбір ауылда асыл тұқымды жылқы өсіру, Шоған Абыз, Албан Асан, Көдек, Жанғабыл шешен, Шарғын ақын секілді тұлғалардың әдеби мұрасын жинақ етіп шығарып, Нарынқолдың кіре берісіне Мұқағали шайырдың ескерткішін салу жоспарын да жасап қойған болатын. Амал қанша?
Кегеннен қоныс аударып, Нарынқолға барған соң да жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Жоланның Нарынқолда көлік жүргізушісі болған Нұрлан Бөрібайұлы сол бір күндерді былай деп еске алады:
– Жолан аға ешқашан жұмыстан шаршаған емес. Күні бойы тыным таппайтын. Түнгі уақытта да жұмыстан қол үзген жоқ. Ол кісі түн ішінде қызметтік көлікке мінген емес, көбіне қарапайым киініп алып, велосипедпен көше аралап, аудан орталығының түнгі тынысын бақылайтын. Велосипедін мен өзім дайындап беретінмін. Түн ішінде көшеде жүрген жастармен сөйлесетін. Аудан әкімінің, басқа да мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы әлеуметтік саладағы кем-кетікті жұрттың өз аузынан естіп, іле-шала зерттеп-біліп, оң шешім қабылдауға күш салатын. Облысқа шұғыл жиналысқа шақырғанда кейде түн ортасы жолға шығатынбыз. Бір-екі рет жолда қалғып кеткенім бар. Сондай сәтте «сен дем ала бер» деп, сонау Талдықорғанға дейін көлікті өзі жүргізе беретін. Өңі сұсты, талапшыл, қатал адам болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, өте қайырымды, мейірбан азамат еді. Жолан аға жоқ дегенге сене алар емеспін…
Қытай қақпасының дәл түбіндегі Нарынқол аудан орталығы болған соң тамырына қайта қан жүгірді. Соның барлығын қалпына келтіру жолында Талдықорған мен Алматы, Нарынқол арасында сан жүгірді. О.Жандосов атындағы орта мектептің іргесінен су жаңа үйлер салынды. Қаңырап қалған ауылдың шетінде бой түзеген бұл үйлердің барлығы да мемлекеттік қызметкерлерге берілді. Жаңадан құрылған кәдімгі шағын аудан десе де болады. Алдағы уақытта «Жолан Омаров» атындағы мөлтек аудан деп атаса да ешкім қарсы бола қоймас. Ол уақыттың еншісіндегі дүние…
Велосипедпен әр көшені аралап, Байынқолдың өзенін жағалап, түнгі ауамен тыныстап, табиғаттан қуат алып, сергіп қайтатын Жоланның бастамасымен 500 түп тал егілді. Бұл да ағашы сиреген Байынқол тоғайының іргесін қымтады.
Гүлнәра РАУАНҚЫЗЫ, «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Жолан Ыбырайақынұлы ешқашан үлкеннің жолын кесіп өткен емес. Өте кішіпейіл болатын. Шоқ жұлдыздай жарқырап тұрған сәтінде ағып түскені орны толмас қайғы болды. Жүрегі өте жұмсақ еді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мен мүгедек балаларға, өзге де көмекке мұқтаж жандарға арнап қаншама қайырымдылық шараларын өткіздік. Сонда Ж.Ыбырайақынұлының көңілі толқып, әлгі балаларға қарап жанарына жас алғанын көрдім. Содан-ақ ол кісінің ішкі жан дүниесінің таза, жүрегінің кең, мемлекетшіл тұлға екенін байқауға болады. Жолан Ыбырайақынұлы жұмыс барысында қара қылды қақ жарып, тек қана әділдігін айтатын. Адалдық пен тазалықтың, парасат мектебінің үлгісін қалыптастырды. Жоланның осы өлкеге басшы болып келгені халық үшін өте пайдалы болды. Бір жарым жылда Райымбек ауданын республикаға танытты. Жөкең бұл ауданды ерекше жақсы көрді. Осы жылғы шілде айында телефон арқылы сөйлескенімізде «Нарынқолды, Шәлкөдені сағынып жүрмін» деп еді. Енді міне, өзі де мәңгілік сағынышқа айналды.
Кем-кетіктің орны толып, шекаралы ауданның әдеби-мәдени өмірінде де елеулі өзгерістер болды. 2019 жылдың 11 тамызында аудандағы орталық Мәдениет үйіне үкіметтің шешімімен жазушы Баққожа Мұқайдың есімі берілді. Соған орай, ауданға барған Н.Оразалин, С.Елубай, А.Әбдіқал, Ж.Аупбаев, Р.Сәрсенбайұлы, Д.Мағлұмов секілді қаламгерлер қауымын күтіп алған Жолан өз шаңырағынан қонақасы беріп, тікесінен тік тұрып қызмет етті. Сөз арасында Рысбек ағамыз:
– Әй, Жолан, мына Сарыжаз аулындағы ескі мектепке бір кезде облыс әкімі Серік Үмбетовтің пәрменімен Алтынбектің ескерткіш тақтасы орнатылып еді. Қазір оқушылар жаңа мектепте оқиды. Ана тақтаны жаңа мектепке орнатуға ешкім рұқсат етпеді. Сонда бұл қалай? – деді.
– Аға, мен бұл жайдан хабарсыз екенмін. Алтекең Елбасымыздың жанында жүріп, тәуелсіз еліміздің қалыптасуына аянбай еңбек сіңірген тұлға. Сондықтан сіз айтқан тақта таңертең сағат 9-да орнатылатын болады, тиісті орындарға жауабын өзім беремін, – деп кесіп айтты. Уәде еткеніндей, ертесі жаңа мектептің кіре берісіне А.Сәрсенбайұлының ескерткіш тақтасы орнатылыпты. Қайтар жолда өз көзімен көрген қонақтар риза болып аттанды. Жоланның осындай батыл істері ұмытылмастай жадымызға жатталды.
2019 жылы 13 қыркүйек, жұма күні Жолан Омаров Талғар ауданы әкімі қыз-метіне кірісті. Ұлттық құндылықты ұлықтап, дін мен дәстүрді ұмытпаған ұлағатты ұлдың Талғардағы алғашқы жұмысы орталық мешітке барып, ел-жердің бүтіндігі үшін бата тілеуден басталды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев өткен аптада Талғарға келген сапарында Жолан Омаровтың кезіндегі жетістіктерге тоқталды.
Осы жылдың жеті айында Талғар ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша оң серпін сақталған. Барлық салада өсім бар. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 15,4 млрд теңге, ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,3 млрд теңгені құраған. Аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға артқан, сондай-ақ 36,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көлемі 25,4 пайызға артқан.
Осының бәрі Жолан Ыбырайақынұлының Талғар ауданын 9 ай басқарғандағы жұмысының нәтижесі. Осы арада Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақынұлының пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:
– Жолан Ыбырайақынұлы Талғарға келген күннен өзінің нағыз іскер басшы екенін танытты. Сол түні Талғардың әр көшесін аралап, ертесі күнгі жиналыста көше тазалығы, жарық пен жол мәселесінің барлығын күн тәртібіне қойды. Аудан бойынша әрбір елдімекендерді бір апта ішінде аралап шығып, халықпен тікелей кездесіп, жол жөндеу жұмыстарының барлығын есептетіп, аз уақыт ішінде келер жылдың бюджетіне кіргізіп үлгерді. Оны қатаң бақылауда ұстады. Соның нәтижесінде бұрынғы жылдармен салыстырғанда 2019 жылдағы бюджетіміз 10 млрд. теңгеге жуық көтерілді. Сол қаражаттың барлығы қажетті салаларға жұмсалды. Биылғы жылдың басында да жұмыспен қамту бағдарламасына қатысты дайын тұрған жобалар үшін облыстан 46 жобаға 6,3 млрд теңгенің қаражаты бөлінді. Аудандағы екі үлкен мектептің күрделі жұмысы бар. Жолға қатысты 18 жоба. Талғар қаласы мен елдімекендердің 60-қа жуық көшесіне 70 шақырым ұзындыққа түрлі жөндеу жұмыстары жасалды. Бірінші кезекте Талғардың өр жағынан су тартылатын жоба енгізілді. Талғарда 340 пәтерлік 6 тұрғын үй салынды. Осы жылдың 5 шілдесінде 170 пәтерлік үш үй жалға беру жүйесімен пайдалануға берілді. Тұрғын үй мәселесіне баса көңіл бөлді. «Сол арқылы кезекте тұрған жандардың мәселесін тезірек шешуіміз керек» дейтін. Талғарда «Жаңа ықшам аудан» деген жерде 72 пәтерлік 10 үй салуды жобалап та қойған болатын. Қазіргі уақытта Талғар қаласында 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Жолан Ыбырайақынұлы бүгін істелу керек шаруаны ертеңге қалдырмайтын. Егер су құбыры жарылып кетсе, ол сол күні-ақ жасалып, қайтадан іске қосылатын. Ондай істің басы-қасында тікелей өзі жүретін. Ол кісі өте талапшыл басшы болды. Бірде аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдау күнінде арбаға таңылған бір мүгедек кісі қабылдауына келді. Әр саланың жауапты басшылары сол жиында болатын. Әлгі кісіні көре салып аудан әкімі орнынан қарғып тұрып, арбадағы кісіні көтеріп әкеліп өз қасына төрге отырғызды. Сол сәтте әлгі кісі: «Маған осы уақытқа дейін бірде-бір әкім осылай құрмет көрсеткен емес, ықыласыңызға мың алғыс! Айтарға сөзім жоқ, мен қайтайын» деді. Сонда басшымыз: «Аға, қандай бұйымтаймен келдіңіз? Шаруаңызды айтыңыз» деді. Сөйтсек, ол адамның пәтер кезегінде тұрғанына көп жыл өткен екен. Бірақ құжаттары компьютерлік базаға енгізілмей қалыпты. Жолан Ыбырайақынұлы: «Сіз бірден сотқа жүгініңіз, құжаттарыңызды апарыңыз, сот шешім шығарып береді. Сол шешім негізінде мен сізге үйдің кілтін беремін» деді. Ол мәселе заңды түрде шешілген соң, осы жылдың 5 шілдесінде Жөкең әлгі кісінің қолына пәтер кілтін ұстатты. Сол күнгі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Талай жылғы арманына қолы жеткен пәтер иесі Жоланды құшақтап жылағанын өз көзіммен көрдім.
Осы орайда көпшілік біле бермейтін жүрек тебірентер мына бір жағдайды айта кеткенді жөн көрдім. Жолан Талғар ауданын басқарған кезінде шағын автобусты қоғамдық көлік ретінде жалдап алып, бетпердесін, көзілдірігін тағып, спорттық киіммен жүргізушінің жанында отырып Алматы-Талғар арасында және Талғардың өз ішінде халыққа қызмет жасаған. Жол ақысынан бастап, елдің жағдайы, халықтың пікірі, әлеуметтік қажеттіліктерді, басқа да өзіне қажет ақпараттарды зерттеп, зердесіне түйіп, сол арқылы шешімдер қабылдағанын әкімдіктегі бірді-екілі қызметкерлер мен жеке жүргізушісі, көмекшілерінен өзге бірі де білмейді. Ел басқарудағы мұндай қадамдарына қалай сүйсінбейсің!
Айналып болмас аядай ғана жасында аңыздай болған осындай әділетті де, іскер адамның ғұмыры келте болғаны өте өкінішті. Өзегімізге от тастап кетті. Арыстай азаматтың қазасын естіген ел екі күн бойы аза тұтты. Қашанда халықты өзінен биік қойған текті тұлғаның жаны жаннатта болсын!
Төле бидің бел баласы Жолан баһадүрдің екі ғасырдан кейін есімін жаңғыртып, 1979 жылдың 7 шілдесінде дүниеге келген сәби Жоланның жүрегіне жүктелген жүктің таудан биік, теңізден терең екенін ешкім де болжаған жоқ. Қалмақтың ханы Қалдан Серенге жеті жылдық кепілге берілген Жолан өзге елде өзіне артылған аманатты қалай атқарғаны тарихтан белгілі. Ал Тәуелсіз Қазақстанның жағдайында қолында билігі бар көптеген шенеуніктердің мемлекет үшін халық жолында ақ-адал қызмет етуі өте ауыр сын еді. Содан сүрінбей келе жатқандардың бел ортасында Жоланның есімі тұр. Аманат арқалаған осы ғасырдағы Жолан да қысқа ғұмырында халыққа қалтқысыз қызмет етті. Жампоз ұлдың қазасын естігенде:
«Жүрегі – аттың басындай,
Жанары – от пен жасындай,
Сәйгүлігі – сайдың тасындай,
Өзі бір туған Асылдай,
Барады өксік басылмай…
Қайралып тұрған шағында, қайрақтай морт сынып, қайран қалдырып кеткен «Ер Жолан» деп жоқтаған Жанарбек ақынның осы жолдары батыр тұлғалы азаматқа берілген лайықты баға еді.
Өткізді жұрт ақ тілеумен ақ тойды,
Дана молда көкейдегі тапты ойды.
Таң алдында азан айтып, айғай сап,
Нәрестеге Нұрбапа деп ат қойды.
Ел-жұртының нұры болу аманат.
Тәлейіне дарымасын жаман ат.
Нәрестені тосын тағдыр күтуде,
Күтіп тұрды өзгерістер ғаламат, – деп ақын Еркін Ібітанов қиын кезеңдерде кеңестік Қазақ елін басқарған Нұрбапа Өмірзақовтың күреске толы өмірінен сыр шертеді. Сол Нұрбапа мен Жоланның да тағдыр жолы, тар өткелі бір-біріне ұқсайтындай…
Жолан жүрген жолдарда, асқар биік тауларда талай-талай із қалды. Таусылмас аңыз қалды. Маусым айының соңында облыстық төтенше жағдайлар басқармасының тікұшағымен Талғар тауларының төбесінен ұшып, болуы мүмкін табиғи апаттарды өз көзімен көруі, мұздықтардың еруі де пандемиямен қатар тұрпаты бөлек тұлғаның жүрегіне салмақ түсірді ме, кім білсін? Бірақ сол сапардағы ТЖЖ басқарма өкілінің «Осы салада ұзақ жыл қызмет етіп келемін, бізбен бірге тікұшақпен көтеріліп, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізген әкімді бірінші рет көруім» деген таңданысының өзі Жоланның мойнындағы аманатқа деген адалдықтан айғақ беріп тұрғандай.
Өткен жылы Алаш арыстары С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгірұлының туғанына 125 жыл толуы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Өкінішке қарай, Т.Рысқұловтың 125 жылдығы көлеңкеде қалды. Осыған жаны ауырған Жолан Омаров «жағаңды кірлетпе, балам!» деген тар қапаста айтқан әке өсиетіне адал болып кеткен Тұрар атамызға өзінің Талғарында арнайы жиын өткізді. Сол арқылы ұлтқа қызмет еткен қайраткер тұлғаның жан-жақты қырын өскелең ұрпақтың санасына жеткізді. Алдағы жылдары Талғардың орталығына Тұрар мен әкесі Рысқұлға арнап үлкен ескерткіш орнатып, саябақ ашамын деген арманы да өзімен бірге үзіліп кетті.
Аспантау мен Атырау, Сыр мен Алтайдың арасында өзің жортқан құба жон жолдар өзіңді жоқтап тұр. Тұлпарлар дүбірін күткен Шәлкөдедегі бәйге алаңы мен мұнараны да мұң басты, Жолан! Өзің тасын тазалап, шымын үйдірген төбеге малшылар қауымы «Жолан төбе» деп ат қойыпты. Кіндігінен туған елдің қазығына байланған бауырым, қас-қағым сәтте сен де ғайыпқа айналдың…
«Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген Дінмұхамед Қонаевтың даналығын жалғастырған ер Жолан, сенің жолың да әлі-ақ өнеге мектебіне айналады…
Бақыт Жағыпарұлы,
ақын. «Ана тілі» газеті.
27.08.2020 ж.
2 комментария
Әлия 28.08.2020 at 18:20
Ия, ел ықыласына бөленген, халық алғысын арқалаған азамат еді — Жолан Умаров…
Әсіресе, ауданымыздың тарихында бірінші рет — осындай шыншыл, әділ, іскер, талапкер әкім Жолан Умаров қана болды. Инфраструктураның дамуына зор үлес қосты, «жас келсе — іске» деп қатты қуанып, аман жүруіне тілеулес болып едік…өмірден ерте озды. Жаны жаннаттан орын алсын!
Айман 31.08.2020 at 22:16
Жоландай әкім енді келер келмесі екі талай. Жолан аз уақыт ішінде халықтың құрметіне бөленіп үлгерді.Ел сенімін ақтады. Отыз жылда талай әкім келіп кетті, бәрінің көксегені қалай жесем, амалын тауып жымқырсам деген оймен келетін, ал Жолан болса жас келсе іске демекші, бірден іске кірісті. Менің өз ойым ұсынысым Талғар қаласындағы Павлова көшесін Жолан Омаровтың атынан берсе орынды болар еді.