Жаңа басшы қала тынысымен танысты

Жаңа  басшы  қала тынысымен  танысты

Жаңа апта басталысымен ауданымызға жуырда тағайындалған аудан әкімі Серікжан Ерекешев қала халықының тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйін көріп қайтты.

Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасарлары Хайдар Әбді­ханов пен Дәркен Нұржанов, қала әкімі Талғат Нұрмолдаев, аудандық тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Шамаев, аудандық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжанов, қала әкімдігінің бас маманы Сағындық Матан мен қоғам белсенділері Клара Хасанова, Назгүл Рысбаевалар бірге жүрді. Жұмыс тобы алдымен «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан бірқатар көшелерін аралап, жұмыс сапасын саралады. Бірінші кезекте қаламыздағы Райымбек көшесінің жөндеу жұмыс­тарын тексерді. Орташа жөндеу жұмыстарын «SILK ROAD CONSTRUCTION» ЖШС-і жүргізіп жатыр екен. Құрылыс жұмыстарына 95,029 млн. тг. қарастырылған. Жұмыс маусым айында басталған. Қараша айының аяғында толық аяқталуы тиіс.

Құрылыс жетекшісі тексеру тобына жұмыс барысын баяндап, межеленген мерзімде жұмысты аяқтайтындықтарын жеткізді. Аудан әкімі мердігер компанияға жұмысты сапалы, әрі тиянақты атқаруды қадап тапсырды. Осы тұста сөз алған қоғам белсендісі Клара Хасанова Райымбек көшесіне қарасты үш үйге апаратын жолдың жөндеу жұмыстарына қосылмай қалғанын алға тартты. Тұрғындардың айтуынша, Райымбек көшесінің атауы берілген үш үй негізгі көшеден тысқарылау болса керек. Сондықтан да жобаға ілінбей қалған-мыс. Серікжан Қазиұлы тиісті бөлім басшыларына бұл мәселені оңтайлы шешуді тапсырды. Отыз жыл бойы жөндеу көрмеген жол тағы да ескерусіз қалмаса екен деген тілегін білдірді қоғам белсендісі. Одан кейінгі кезекте жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқан Тұяқбаев, Асфандияров, Жастар, Нұртазин, Нахимов көшелерін аралады. Бұл көшелердің жөндеу жұмыстарын «Дортехмонтажсервис» ЖШС-і жүргі­зіп жатыр екен. Атқарып жатқан істері тиянақты мердігерге көңіліміз толғандай болды. Жұмысты да межелеген уақытында аяқтайтынына сендік. Арықтары да тартылған. Ал Абылайхан көшесінің жөндеу жұмыстарына 81 573 млн.тг. қарастырылып, жұмысты «ИПЦ Альянс» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні жұмыстың 65 пайызы аяқталған. Аудан бойынша жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны қадағалап отыр. Сонымен қатар авторлық бақылау, техникалық бақылау мердігер мекемелерімен және тапсырыс беруші тарапынан, қала, ауылдық округ әкімдерімен, «Nur Otan» партиясы өкілдері тарапынан қатаң бақылануда. Қоғам белсенділері де өз тарапынан мониторинг жүргізіп отырғаны айтылды.

Келесі кезекте аудан әкімі Серікжан Қазиұлы қаламыздың «Мелиоратор» мөлтек ауданы арқылы жүргізіліп жатқан көпір құрылысы мен қаламызда жаңадан бой көтере бастаған 1200 орындық мектептің құрылысын бақылап қайтты. Бас мердігер – «BI GLOBAL» ЖШС-і. Келісім шарттың жалпы сомасы – 3 млрд. 150 млн. теңгені құрайды. Ағымдағы жылы аталған жобаға – 1,0 млрд.теңге қаражат бөлініп, оның 494,7 млн. теңгесі игерілген. 8 блоктан тұратын 1200 орын­­дық мектепте трансформаторлық қосалқы станция, жерасты резервуары бар қазандық, дизельді электр станциясы, екі өрт сөндіруші резервуар, сорғы станциясы, шаруашылық алаңы, қоқыс жинауға арналған алаң, ұзындығы 250 м жүгіру жолы, кедергілер жолағы бар шағын футбол алаңы, волейбол мен баскетболға арналған құрама алаң, гимнастикалық алаң және Бастапқы әскери даярлыққа арналған алаңдар қарастырылған. Талғарлықтар көптен күткен білім ошағының жобасы да көңіл қуантарлық. Жиылған қауым жаңа басшыны тағы жаңа жобамен таныстырды. Рысқұлов аулынан қаламызға су құбыры тартылуда. Оған бюджет қоржынынан 857 млн. теңге қаражат бөлінген.

Әрі қарай жұмыс тобы қаламыздағы абаттандыру жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. «Жұмыспен қам­ту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған аулалар мен балалар алаңдарының құрылыс жұ­мыстары «Бозторғай» мөлтек ауданында аяқталуға шақ қалған. «Мелиоратор» мөлтекауданында қарқынды жүргізілуде. Ал «Автобаза» мен Бокин көшесіндегі аулалардың жұмысы тұралап тұр. Құрылыс басында бір-екі адам ғана әрнәрсені бір түртіп жүрді. Бірі құрылыс материалдарының тапшылығын ал­ға тартып әлек болды. Аудан әкімі Серікжан Қазиұлы мердігер компания басшыларына қатаң ескерту жасап, жұмыстың уақытында, әрі сапалы аяқталуын өзі назарға алды. Жұмыс барысында қаламыздағы құрылысы аяқталып, тұрғындарын күтіп отырған үш жалгерлік үй мен үш несиелік үйді аралап көріп, жұмыс сапасы мен ауласының абаттандырылуына көңілі толды. Аудан басшысы бұл күнгі жұмыс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты қала әкімі мен бөлім басшыларына ескертулер айтып, аралап танысқан нысандардың белгіленген мерзімде ел игілігіне тапсырылуын өз назарында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар қоғам белсенділерімен бірлесе жұмыс жасап, ел тілегінің ескерілуі керектігін айтты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».