Күні кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын оқып, өз ой-пікірімді білдіруді жөн санадым. Көптің көкейінде жүрген маңызды мәселелерді қамтыған сұхбат ел дамуының бірқатар өзекті бағыттарына қатысты Президентіміздің өрелі ой, салихалы пікірін қалың оқырманына жеткізіп отыр. Бүгінде әлем жұртын шошындырып, өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіріп отырған COVID 19 дертінің зардабы ел экономикасына да теріс әсерін тигізіп отырғаны айтылған. Расында да, небір дамыған мықты мемлекеттердің өзі ел дамуындағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды мойындап отыр. Иә, пандемия үшін шекара жоқ. Тек сақтық шараларын қатаң ұстанып, әрбір тұрғын өз отбасының, айналасындағылар мен жалпы қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі керек. Президент өз сөзінде осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамитынымыз жайында, алда тұрған келелі міндеттер туралы ой қозғады.Мемлекеттік тіл-қазақ тілілінің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын әрі қарай да кеңейтуге, яғни қажеттілікті дамыту мәселесі де сөз болды. Бұл орайда, мемлекет басшысы «ақырын жүріп, анық басу» керектігін алға тартты. Қазақ тілінің тұғырын бекітуде ың-шыңсыз, қызбалыққа салынбай, бастаған жұмыстарды табанды түрде жалғастыру керектігін айта келе, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болатындай қоғамда оған деген қажеттілікті арттыруды, мемлекеттік қызметке тағайындау кезінде де қазақ тілін меңгергендергебасымдық берілуі керектігін жеткізді .Маған ерекше ұнағаны мәні-мағынасы жоқ, тәрбиелік, танымдық талаптарға мүлдем жауап бермейтін телевизиялық және радио хабарларының орнына рухани ой салатын, тарихи топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту керектігі. Бұл мәселеге айрықша мән берілуін дүйім жұрт та қолдайтыны анық.Өйткені әлі оң-солын бағамдай қоймаған албырт жастарымыздың жан дүниесін улап, өзіміздің ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиемізден алшақтап бара жатқанымыз өкінішті. Сол олқылықтың орнын толтырып, Президент айтқан осы бір ұсыныс-пікір жүзеге асса, «нұр үстіне нұр болар» еді. Мектеп бағдарламасында да бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабағын көбейту, ал ағылшын тілін мектеп бағдарламасына тек 5-6 сыныптан бастап енгізудің тиімділігі жайындағы ойы көптен айтылып жүрген пікір еді. Бұл пікірі көңілге өте қонымды әрі көптің көкейінде жүрген маңызды мәселенің бірі болатын.
Жалпы қоғамда еңбексүйгіштікті, еңбекпен кәсібін дөңгелетіп, нәсібін таба білудің маңыздылығын нәсихаттау, дәріптеу қажет-ақ. «Еңбектің тері ащы, наны тәтті»деп бекер айтылмаған. Бүгінде еңбек нарығына аса қажетті, сұранысқа ие мамандықтарды жастар игеруі керек. Әрі уақытша жұмыс орындарын ашуға әуестенбей, адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге күш салу қажеттігі де назардан тыс қалмаған. Бұл бағытта үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, кешенді бағдарламалар аясында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Жалпы Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында көптеген маңызды мәселелер қамтылып, ел болашағына қатысты келелі ойлар көрініс тапқан. Барымызды бағалап,рухани, ұлттық құндылықтарымызды негізге ала отырып өркениет көшінен қалмай,сындарлы сәттен сүрінбей өту жолында аянбай еңбек етейік, дегім келеді.
Айтжамал Нұрбатырова,
аудандық мәслтихат депутаты.