Бүгінгі ұрпақ тарихтың ақиқатын білуі керек
Саяси қуғын-сүргін құрбандары Президенттің 1997 жылдың 5 сәуірдегі бұйрығынан соң жыл сайын 31 мамырда еске алынады. Бұл дата – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған зор жұмыстың бастауы ғана. Тарих өткелдерінде Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталғандығы айтылады. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысып «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялык шаралар жүргізе бастайды . Осылайша төтеден келген зауал зиялыларға ауыз салудан басталады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Бір ғана Қазақстанның өзінде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Қазақстан тарихының трагедияға толы кезеңін еске алу күні қарсаңында Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаевпен онлайн сұхбат құрған едік.
Қазақтың басына түскен қасіреттің зардабын әйгілейтін музей салу ісі 20 жыл бұрын қозғалса да белгісіз себептермен кейінге шегеріле берген екен. Кейін республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының араласуымен сәтті жүзеге асқан көрінеді. Осы жөнінде тарқатып айтып кетсеңіз?
Ол рас. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігі Жаңалық мемориалды кешеніне көңіл бөліп, облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың бастамасымен ұзақ жылдардан бері республикалық деңгейде сөз болып келе жатқан «Саяси қуған-сүргін құрбандары» музейі салынбақшы болды. «Әділет» қоғамы (төрағасы профессор Ғ.Әнес) өзіне тиесілі 15 га жерден заңды түрде 1 га жерді мемлекеттік акті арқылы музей құрылысына бөліп беріп, 2018 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес музей құрылысы 2019 жылы наурыз айында бітуі тиіс болатын. Әйтсе де облыс әкімі А.Ғ.Баталовтың тікелей қадағалауының нәтижесінде құрылыс қазан айында толық аяқталды. Одан соң М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тікелей араласуымен музей іші толық жабдықталып, 2018 жылы 27 желтоқсан күні облыс басшысының қатысуымен Музей салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастады.
Яғни бұл мекеме үлкен тарихи, мәдени, ағартушылық бағыттағы мекеме ғой?
Иә, біздің «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі еліміздегі алғаш ірге көтерген Шымкент қаласындағы осы тақылеттес музейден, Нұр-Сұлтан қаласы іргесіндегі «АЛЖИР» музейінен кейінгі тұрған Алаш арыстары мен өзге де репрессия құрбандарын ұлықтау ісін қолға алған бірден-бір мекеме.
Музейдің бүгінгі тынысына тоқтала кетсеңіз?
Сталиндік режимнің құрбандарын зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін музей жұмысы бірнеше бағытқа бөлінген. Олар: ғылыми-зерттеу және жинау жұмысы, ғылыми қор жұмысы, ғылыми-экспозициялық жұмыс, ғылыми көпшілік ағарту жұмысы және баспасөз жұмысы. Ғылыми көпшілік ағартушылық жұмысы бойынша 2020 жылдың басынан музей қабырғасында Алаш зиялыларына арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауқымдыларына тоқтала кетсек, «Алғыс айту» күніне Қазақстан грек қоғамдары «Филия» қауымдастығының президенті Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Георгий Константинович Иорданидимен кездесу өткізіп, департация жылдардағы грек халқы жайлы сөз қозғалды. «Үлкен террор» тек Алаш қайраткерлерін емес олардың отбасын да қудалауға салғандығы жайлы «Азап шеккен ару аналар» атты үлкен көрме ұйымдастырылды. Және қалың ұйқыға кеткен қаймана халықтың есін жинап, еңсесін көтеру үшін бозторғайдай шырылдаған сол күрес жолында қоғам қайраткері болып қана қоймай, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпағына баға жетпес асыл қазына қалдырып кеткен сегіз қырлы, бір сырлы дарын Міржақып Дулатовтың 135 жылдығына орай ұрпақтарымен кездесіп, тың деректер жиналды.
Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында да атқарылып жатқан жұмыстар бар шығар?
Балалардың музейге, тарихқа қызығушылығын ояту мақсатында музей жанынан «Тарих, өлкетану және әдебиет» атты үйірме құрылған. Үйірме жұмысы тарихи бағыт бойынша Сталиндік режимнің құрбаны болған тұлғаларымызды зеттеп, жинау жұмысын үйрету болса, әдеби бағытта алаш зиялыларының шығармаларын үйрету. 31 мамыр да сол мақсатта қойылған датаның бірі ғой. Қазіргі ұрпақ тарихтың ақиқатын білуі керек, осыған мемлекеттік деңгейде ден қойып, түбірімен қопарып зерттеу жүргізу қиын емес. Әуелі ғылым керек, соның негізінде фильм де , ән де жазылады.
«Жаңалық» мемориалды кешені туралы не айтасыз?
«Жаңалық» мемориалды кешені – тоталитаризм жылдарында Алматы қаласында атылған саяси қуғын-сүргін құрбандары көмілген қорымға қойылған ескерткіш. Ол Республикалық сакральды объектілер тізіміне енген. Бұрыннан тарихи-мемориальдық кешен ретінде республикалық және Алматы облыстық өкілетті органдардың шешімімен мемлекетттік қорғауға алынған. Кешеннің ашылуы Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы қызметіне тікелей байланысты. 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекені жанындағы саяжайлар үшін бөлінген аумақтан бас қорабын оқ тескен адамдардың сүйектері табылған-ды. Саяжайлық жерлерден ҚазТАҚ «Әділет» мұрындық болып қазып алынған сүйектерге соттық-медициналық сараптама жасалды, республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері екенін, «Үлкен террор» жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындады. Сот-медициналық экспертизадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді. Қорым ретінде танылған аумақ 15 га жер Алматы облысы, Талғар ауданы билігінің шешімімен саяси репрессиялар құрбандарын есте қалдыруға бағытталған құрылыс нысандарын салу және тиісті еске алу әрі тарихи-ағарту шараларын жасап тұруы үшін 1997 жылы мемлекеттік актімен ҚазТАҚ «Әділетке» бөліп берілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әділет» қоғамының құрылуына он жыл толуына орай 2000 жылы қабылдауында болған қоғам төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология институтының» директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., проф. М.Қ.Қозыбаев бастаған делегация айтқан өтінішті тыңдап, атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берді. Сол кездегі Алматы облысының басшысы З.Нұрқаділовтің бастамасымен қорым басына «Жаңалық» мемориал кешенінің басты ескерткіші салынып, оны 2002 жылы 31 мамырда салтанатты түрде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі ашты.
Міне, жиырма жылдан бері жыл сайын 31 мамыр күні осы жерде сонау 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтіп тұрады. Атап өтерлік бір жайт, 2017 жылға дейін бұл шараны Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктері бірлесе ұйымдастырып, кең көлемде атап өтілетін. 2017 жылы Алматы қаласында Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылған соң (ол жерде «Әділет» қоғамы орнатқан тас белгі ширек ғасыр тұрды, жақын жерде екі жыл жұмыс істеген Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі болды) қаралы жиынға қатысушылар екіге бөлінетін болды.
Меруерт Мәулетханқызы