Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID 19 вирусын пандемия деп жариялады. Пандемия – бір елдің тұтас аумағын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті эпидемия. Ол – белгілі бір індеттің тұтас бір халыққа жаппай жұғуы. Бұл қауіпті індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Қазақстан осынау сындарлы сәтте басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделей отырып, білім саласының мамандарын қашықтан оқыту режиміне көшірді. «Қазіргі уақытта әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осы форматта білім алуда. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс», — деді Білім және ғылым министрі А. Аймағанбетов. Өз жауапкершілігін терең түсінген ұстаздар қауымы бұл қиыншылықтан да шығарына сенімді болды және өз істеріне адалдық танытып, қашықтан оқыту әдістерінің қыр-сырын лезде меңгеріп алды десе де болады.
Түрлі қиындықтар мен кедергілерді саралай отырып, ең тиімді әдістерге көше бастаған ұстаздар алғашқы оқу аптасын жетістіктермен, ата –ана мен баланың оң пікірімен аяқтағаны қуантарлық жағдай болды және бұл іс-әрекет әр ұстазға шабыт беріп, шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал етті.
Оқушыларымның ынтасын жоғалтып алмау үшін не істеуім керек? Бұл тұрғыда алдыма қойған мақсатым біреу ғана болды: оқушымның зейінін ашу үшін шығармашылықпен айналысу керек екенін түсіндім. Адамзат басына қиындық түсіп жатқан кезде үлес қосуым — перзенттік парызым деп есептедім. Ютубтан ашқан каналым шәкірттерімнің сабаққа деген ынтасын арттыра түскендей болды. Олардың күнделікті жазып қалдырған пікірлері маған қанат бітіріп, шабыттандырды және менің ақпараттық-технологиялық білімімді толықтыруға жол көрсетті. Қашықтан оқытудың кемшілігін тере берсек, онда оқу процесінің жүруіне кері әсері көп болары сөзсіз. Ынтасы бар адамға білім алудың шекарасы болмау керек деп есептеймін. Қашықтан оқытудың жетістігі өте көп. Мәселен:
- Ұстаз қашықта да оқушылар назарында болады;
- Әр оқушыға ойын жеткізуге мүмкіндік беріледі;
- Сабақты қайталап шығуға, тоқтатып қайта көруге мүмкіндік болады;
- Оқушының да, оқытушының да ақпараттық технологиялық білім-білігі дамиды;
- Цифрлы Қазақстан стратегиясы мүмкіндіктерінің дамуына жол ашылады;
- Оқытушының да, оқушының да шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жеткілікті болады (тегін курстар мен олимпиадалардың көптеп болуы).
Сіздермен қашықтан оқыту барысында істейтін жұмысыммен бөлісуді жөн көріп отырмын.
- Әр сабақтың жоспарын дайындаймын. (Баламен жұмысқа бөлетін уақыт қанша болса да жоспар құру өте маңызды.)
- Еліміздегі ресми білім сайттары мен плотформаларынан алынатын сабақтың сапасын алдын ала тыңдап шығып, оқу бағдарламасына сәйкестігін анықтау. Kundelik.kz және Bilimland.kz сайттарын басшылыққа алу .
- Өз пәніңізге сәйкес балаға берілетін тапсырманы саралау. Ол оқу мақсатына негізделіну керек.
- Электронды почта, Kundelik.kz, Қазпошта және волонтерлер қызметіне сүйеніп, кері байланыс жасау.
- Әрдайым оқушының тапсырмасын жауапсыз қалдырмай, формативті бағалап отыру.
Алайда, бізге өмір сыйлаған жеті керемет — көру, есту, сезу, сөйлесу, ойлау, қуану, сүю кереметтеріне ештеңе жетпейтіні анық. Оқушыларымның сыңғырлаған дауысын естіп, шаттана қуанғанын көріп, басынан сипап ұстаздық мейірімді беріп, мәнерлеп айтқан тақпағын тыңдап, ұшқыр қиялы мен ойының дамуына ықпал етіп, жақсы көретінімді білдіріп, эмоцияммен бөліссем өмір керемет болмай ма? Ол күнге жетуге де көп қалған жоқ.
Рашаева М.Ж,
Талғар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы
№7 мектеп лицейінің математика пәнінің мұғалімі.
1 Пікір
Ақылбек 04.05.2020 at 10:56
Керемет