АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛМЕК

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛМЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамның әлсіз топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де көрініс тапты. Мемлекет басшысы Үкіметке АӘК бөлу тәртібін реттеуді тапсырған болатын. Тағайындау жүйесінің ашық әрі әділетті болуын, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиістігін ескертті. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету аясында кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажеттігі де айтылды. Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Осы мәселеге қатысты және өзге де сауалдарға жауап іздеп, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Райхан Джулимбетоваға жолыққан едік.

– Райхан Борисқызы, биылғы жылдың сәуір айынан бастап тұрмысы төмен әрі көпбалалы отбасыларына тағайындалып келе жатқан жаңа форматтағы АӘК-ті бүгінгі күнге дейін қанша отбасы алды?
– Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырылған жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек – тұрмысы төмен азаматтарға және табысы төмен отбасыларына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем болып табылады. Естеріңізге сала кетейін, аз қамтылған отбасылар және көпбалалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін көтерілген болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 21 565 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төлеу қарастырылған. Ал ата-анасына кедейлік шегімен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысының айырмасы төленуде. АӘК тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысына көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалардың мүгедектігіне берілетін жәрдемақылар және стипендиялар қосылмайды. Осылайша, бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 5521 отбасы АӘК алды. Адам басына шаққанда бұл 25082 адамды құрайды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет қоржынынан 2 млрд. 287 млн. теңге жұмсалды.

– АӘК тағайындау барысында заңбұзушылық фактілері орын алды ма?
– Өкінішке орай, сәуір айында жаңа форматтағы АӘК тағайындау кезінде электронды базада толыққанды ақпарат көрсетілмегендіктен 69 адам өзінің отбасылық жиынтық табысын жасырып, қаржылай жәрдемақы алғаны анықталды. Бүгінде алынған қаржыны қайта өндіру процесі жүріп жатыр. Шамамен 18 млн. теңге кері қайтарылуы керек. Сондай-ақ, 271 отбасы материалдық жағдайы туралы жалған ақпарат беріп, АӘК қол жеткізген. Бұл факті бойынша да жұмыс жүргізіліп,ол отбасыларына тағайындалған АӘК тоқтатылды.
– Масылдықтан арылту үшін өтініш беруші отбасының еңбекке жарамды ересек мүшесі әлеуметтік келісім шартқа отырады емес пе? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Рас, белгіленген Ережеге сай әлеуметтік келісім шарт жасау талап етіледі. Осы уақытқа дейін 545 адаммен әлеуметтік келісім шарт жасалған болатын. Оның 410-ы жұмысқа орналастырылды, 54 адам қысқа мерзімді оқыту курстарында білім алды, 6 адам жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тартылды. Қоғамдық жұмысқа 53 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 5 адам жіберілді. Бес адам шағын несие алып өз кәсібін ашты, 50 адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (505 мың теңге), 40 адам 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (250 мың теңге) қайтарымсыз гранқа қол жеткізіп, кәсіппен шұғылдана бастады. Бұл көрсеткіш АӘК алған адамдарға қатысты мәлімет. Осылайша жұмыссыз жүрген көптеген жандарға үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, өз кәсібін дөңгелетуге, сол арқылы отбасының тұрмысын түзеуге мүмкіндік берілгені анық.

– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған қайтарымсыз грант алудың жолын білгісі келетіндер көп-ақ. Оның негізгі талаптарын түсіндіріп өтсеңіз.
– Елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, білімі жоқ адамдарды аз уақытта оқытып, кәсіп меңгеруіне жол ашатын «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылдың ішінде аталмыш жоба арқылы мемлекет тарапынан грант ұтып алып, өз бизнесін ашқандар жетерлік. Мамандық игеріп, отбасын асырап отырғандардың да саны артып келеді. Шарапаты мол бағдарламаның тиімділігін уақыт өзі көрсетті.
Қойылған сауалға байланысты қайтарымсыз грантқа қол жеткізудің талаптарына тоқталып өтейін. Кәсіп ашуға ниетті азаматтар жұмыссыздар қатарында болса қысқа мерзімді үш айлық қайта оқыту курстарында білім алуы керек немесе жергілікті кәсіпкерлік палатасына барып, «Бизнес Бастау» бағдарламасы арқылы бір айлық оқуға өтінім берулері қажет. Оқуды аяқтаған соң, бизнес жоспар жазылады. Бұл ретте бизнес тренерлер өз көмектерін аямайтынын айтқым келеді. Оны қорғаған соң,оқуды аяқтағаны жайында сертификатқа ие болады. Бұдан бөлек,оқу мерзіміне 16752 теңге көлемінде стипендия төленеді. Содан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп тіркеліп, грант алу жөнінде өтінім беруі керек. 200 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грант жастар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға беріледі. Өтініш берушінің мойнында ешқандай несие болмағаны жөн. Егер өтініш беруші жеке кәсіпкер болса, оның кәсіпкерлік қызметі бір жылдан аспауы керек немесе жұмыссыз болуы шарт. Дайындаған бизнес-жоспарын онлайн режимде облыстық комиссия алдында қорғайды. Осы талаптан сүрінбей өткен жағдайда 200 АЕК мөлшеріндегі қайтарымсыз грантқа ие болып өзінің жеке кәсібін ашып, жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Аталған қаржыны алушының есепшотына аудандық жұмыспен қамту орталығы аударады. Ал 100 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант алу үшін жас ерекшелігі, әлеуметтік жағдайы ескерілмейді, тек жеке кәсіпкерлікпен шұғылданған мерзімі жоғарыда айтып өткенімдей бір жылдан аспауы керек. Қажет болған жағдайда кейінірек кәсіпті ұлғайту үшін төмендетілген пайыз көлеміндегі несиеге де қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұл ретте 6 пайыздық мөлшерлеме арқылы 6 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Яғни, алдымен грант одан соң несие беріледі. Егер бірден несие алса, грант алуға мүмкіндік жоғын ескерген жөн.

– 2020 жылдың қаңтар айынан бастап АӘК төлеудің жаңа талаптары жүзеге асырылмақ. Жаңа жүйедегі өзгерістердің тиімді тұстары қандай? Осы жайында тарқатып берсеңіз.
– Ағымдағы жылдың 7 қазан күні ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктері жайында айтқан болатын. Жаңа жүйедегі басты бағыт – еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету болып табылады. Атаулы әлеуметтік көмек шын мәнінде өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы қажет. Осыған байланысты АӘК тағайындаудың жаңа тәсілдемелері, тетіктері ұсынылып отыр. Алдымен, көмектің тоқсан сайын тағайындалуын қайтару және тиісінше, шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау жүзеге аспақ. Себебі, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Әрине мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын кәсіпкерлікпен айналысуға көмектеседі. Бұл ретте, жүзеге асырылып отырған мемлекеттік бағдарламалар оң ықпалын беріп келеді. Сонымен қатар, бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады. Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына, материалдық жағдайына қарамастан төлеу ұсынылып отыр.Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі. Дәлірек айтсам, 4 баласы бар отбасыларға 42500 теңге, 5 балаға – 53125 теңге, 6 балаға – 63750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. Мемлекеттік көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы төмен отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылмақ. Атап айтсам, табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, осы аталған отбасы балаларының мектепке дейінгі жол жүру шығыны да өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық қызмет 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады. Әрине мемлекетіміздің бұл бағытта алға қойып отырған ең басты мақсаты көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларын әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қолдау көрсету. Ал отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілікті арттыра отырып, масылдықтан арылуы қажет. Тағы да қайталап айтамын, жаңа талап бойынша, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелеріне АӘК берілмейтін болады.

– Тұщымды жауаптарыңызға рахмет!

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».