Бәрі де ана бір өзіңнен басталады…
Бүгінде ұлттық тәрбие мен отбасы мәселесінде теория мен әдістемелік нұсқаулықтар көп. Зиялы қауым өкілдері де, педагогтар мен психологтар да талай дүниені айтып, жазып жүр. Алайда бұл тақырыпты қанша талқыласақ та артық етпестігі анық. Себебі ұрпақ тәрбиесі, отбасы бірлігі, жас жанұялардың татулығы күн тәртібінен түспеуі керек және түспейді де. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің ұстанған бағыты мен мақсат-мүддесі айқын дәлел бола алады.
Жуырда Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің кең залында өткен форумда бұл мәселе тағы бір мәрте нақтыланып, дәріптелді. Кешегі мен бүгінгінің ортасын жалғап, рухани сабақтастықты жалғастыру, ой-сананы жетілдіру, отбасы құндылығын сақтау, Аналар кеңесінің рөлін арттыру сынды өзекті тақырыптар қаузалған басқосуға Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймәдиева, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сиқымбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, аудандық «Nur Otan» партиясының кеңесшісі Сақыпжамал Үскібаева мен ұрпақ болашағына бей-жай қарамайтын ұлтжандылар қатысты.
Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, еңбектің бел ортасынан табылатын талғарлық аналардың тындырымды іс-әрекеттері — бүгінде көпке үлгі болып отыр. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан шара осыны аңғартты. Мұны өз баяндамасында Дәрменияр Алғатбекұлы да айта кетті. Бұл жайлы кейінірек. Алдымен кең фойеге жайылған аудандағы этномәдени бірлестіктердің ұлттық бейнесі жарқыраған көрмесін аралаудан бастаған алқалы топ бұл жиынның аужайы әріде жатқандығын байқады. Толеранттылық пен этносаралық келісімді нығайта білсек, ұлттар достығы мен бірлігін айшықтай білсек ұтары көп болатынын көрме иелері де түйсінген тәрізді. Осы ұстаныммен құрылған Аналар кеңесінің бір жылдық жұмысы облыстан келген төрайымды сүйсіндірді десек артық айтқандығымыз емес. Аналар кеңесінің Тұздыбастау ауылдық округінің төрайымы Раушан Қабылжанова атқарған жұмыстардың көрнекіліктерін майын тамыза түсіндіріп, кеңес сөзбен ғана емес іспен де ірілік көрсетіп жатқандығын дәлелдеп берді.
Қымыздың 18 түрін көрмеге қойған белбұлақтықтар бұл шараның көркін кіргізді. Үстіне қос етек көйлегі мен оқалы өңірмен безендірілген камзолын, басына ақ шаңқан кимешегі мен күндігін киген аталмыш округтің «Шапағат» әжелер ансамблінің мүшесі Рысхан Қабылбекова бар қымызды баппен түсіндіріп, атаулардың шыққан мағынасына да тоқталды.
— Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі. Бал қымыз, басты қымыз, жуас қымыз, дөнен қымыз, құнан қымыз сынды атауларға қанық болғанымызбен біз естімеген де қымыздың түрлері бар. Мысалы, қысырақ қымыз – бірнеше рет құлындаған қулық биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қулық биенің сүті жылда сауылып жүрген сары қарын мама биелердің сүтіне қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз. Бие алғаш байланып уыз қымыз ішер уақытта бір той болса, бие ағытылып, сірге жияр қымызды ішер уақытта да бір той болады. Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылған қымыз, – деп байыппен түсіндірілген атауларды қонақтар да, біз де түртіп алдық.
Сонымен, «Бір шаңырақ аясында» атты тақырыпты арқау еткен форумдағы алғашқы сөзді өңір басшысының орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы алғандығын басында айтып кеттік. Елбасымыздың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданғанын тілге тиек еткен баяндамашы бұл бағытта ауданның айтарлықтай еңбек етіп жатқандығын айта кетті. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейінгі уақыт аралығында 4739 аз қамтылған отбасыларына 1286,8 млн. теңге, оның ішінде 3591 көпбалалы отбасыларына АӘК төленгенін жеткізді. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 26 тамыз 2019 жылғы №459 бұйрығына сай АӘК тағайындау критерийлеріне қатысты Ережеге өзгерістер енгізілгенін алға тартып, ол жайында да түсініктеме берді. Және де көпбалалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы, атап айтар болсақ «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар жайында да хабардар етті. Сонымен қатар бас қосқан отбасылардың ішінде ажырасу фактілерінің жиілеп кеткендігін, осы мәселені Аналар кеңесі мықтап қолға алып, жас отбасылар арасында ерлі-зайыптылардың міндеттерін, жанұя бақытын насихаттайтын іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастыру қажеттігін еске салды. Құттықтау сөз үшін мінберге көтерілген Жамал Қасымбекқызы да басты тақырып жайлы ойын білдіріп, тәрбие тізгіні бесіктен екендігін, ананың рөлі қоғамда да, отбасында да маңызды екендігін жеткізді. Осы бағытта тынымсыз еңбек етіп жүрген әжелерге облыстық «Достық үйі — Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Тәңірберген Қасымақынұлының «Алғыс хатын» табыс етті.
Аудандық Аналар кеңесі мен «Талғар аудандық Ауыл әйелдері Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәрия Ордабайқызының тоғыз ай ішіндегі атқарылған жұмыстары туралы қорытындысы көңіл көншітерліктей болды. Талғар қаласы мен 10 ауылдық округте аналар кеңесі құрылып, 50-ге тарта мүшесі айтылған мәселелер төңірегінде жұмыс жүргізіп келе жатқандығын тілге тиек еткен төрайым тоғыз ай ішінде аудан бойынша атқарылған іс-шаралардың легіне тоқталды. Ақпан айының басында бір жылға құрылған жоспар бойынша жүйелі жұмыс атқарған Аналар кеңесі мен «Талғар аудандық Ауыл әйелдері Одағы» қоғамдық бірлестігі ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, насихаттауда көш басында келеді. Қай-қайсы да жастарды тәрбиелеуге, отбасы бірлігін насихаттауға негізделгендіктен мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыра беретіндігі айтылды. Кеңес төрайымы озық жұмыс нәтижесін көрсетіп жүрген Алатау (А.Қадырбаева), Белбұлақ (Ш.Нұхаева), Нұра (Н.Досқанаева), Қайнар (Г.Нұрсейітова) ауылдық округтердің Аналар кеңесінің төрайымдарына «Алғыс хатын» табыс етті. Форум барысында Раушан Әбдіғалиқызы, Гульбану Бакиева сынды белсенді аналар сөз алып, ой-тілектерін білдірді. Ақын Бексұлтан Көлбаев жырдан шашу шашып, аналар рөлін асқақ жырмен әспеттеп берді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Халықтық «Әжелер шуағы» ансамбілінің орындауындағы «Әжелер» әнінен соң халықтық «Еңбек ардагерлерінің» хоры сахна сәнін кіргізді. Этнобірлестік өкілдері де ән мен биден шашу шашып, форумның жұмысын көтеріңкі нотада аяқтады. Бала тәрбиесінің бесік жырынан басталуының маңызы айрықша екендігін атам қазақ айтып кеткен. Әке қаншалықты отбасының иесі, тірегі болса да, бар жауапкершілік ананың мойнында екендігі айтпаса да түсінікті. Бәрі ана бір өзіңнен басталатыны содан.
Меруерт Дүйсенғалиева
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ