Кәсіпкерлікке кең өріс
Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейтіні анық. Себебі кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына да септігін тигізіп, нарықтың дамуына ықпал етеді. Қазіргі уақытта, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріліп, әр түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр.
Кәсіпкерлікті дамыту саласына ең үлкен үлесін қосып келе жатқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Ол өзінің қызметі аясында Қазақстандағы қаржы құралдарының кең спектрі мен біліктілікті дамыту бойынша бағдарламалардан тұратын кешенді қолдау көрсетуі арқылы еліміздегі шағын және орта бизнесті сапалы дамытуға қолдау көрсетуде. Еліміздің барлық аймақтарына «Даму» Қорының филиалдары ашылып, жергілікті кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйымдармен және биліктің жергілікті атқарушы органдарымен қарқынды жұмыс жасауда.
Өткен аптада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы филиалының ұйымдастыруымен ауданымыздағы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға баспасөз-туры өткізілген болатын. Журналистер қауымы түрлі қызмет салаларында өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асырып келе жатқан ауданымыздағы үш ірі кәсіпорынға барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Тілшілерді бастап келген «Даму» қорының бас менеджері Әлия Нугманова мен «Интер Медиа Груп» ЖШС-нің ұйымдастырушысы Гүлбану Сарсембаева бірінші кезекте қаламыздағы ірі кәсіпорындардың бірі – «ЗЕТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне атбасын тіреді. Кәсіпорын жұмысымен бізді серіктестік директоры Мақсұт Омарбаев таныстырды.
Аталмыш серіктестіктің ауданымызда ашылғанына он екі жылдан астам уақыт болды. Бүгінде бұл кәсіпорын металл, пластик және ағаш өнімдерінен төрт мыңға жуық тауар түрлерін өндіруде. Корпустық және жұмсақ жиһаздар, креслолар, орындықтар, үстелдер, пластикалық бұйымдар мен металдан жасалатын түрлі бұйымдар шығарады. Қажетті шикізаттың басым көпшілігін еліміздегі ірі өндіріс орындарынан алады. Атап айтсақ, металды Қарағанды металл зауытынан, ағашты Өскеменнен алса, паралонды Семей, Павлодар өңірлерінен жеткізеді. Ал, қажетті құрал-жабдықтарды Ресей, Қытай, Италия, Польша, Тайвань, Иран елдерінен алдырған. Олардың барлығы озық үлгідегі, автоматтандырылған құрылғылар. Бүгінгі таңда өндіріс орны барлығы екі мыңнан аса қазақстандықты жұмыспен қамтып отырса, оның 714-і біздің қаламыздағы зауытта еңбек етуде. Қазақстанның барлық ірі қалаларында 55 дүкендер желісі ашылған. Ел азаматтарын жергілікті тауарлармен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан кәсіпорын күнделікті жаңа тауар түрлерін енгізіп, қосымша цехтар ашып, жұмысын жандандыру үстінде. Өндірілген тауарларымен тек елімізді ғана қамтамасыз етпей алыс-жақын шет елдерге де экспорттауда. Атап айтқанда Ресей, Польша, Шешен, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерге саудалап жатыр. Бүгінгі күнге дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1,5 миллиард теңгедей қаржы алып, өндірісті кеңейтсе, жуырда тағы 500 миллион теңгеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа жаңа станоктар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Панфилов ауылдық округінен қайта өңдеу цехын ашып, жуырда іске қоспақшы. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Инновациялық қаржылық өркендеу» бағдарламалары бойынша қаржылық қолдауға ие болып отырған кәсіпорын басшылығы әлі де өндірісті дамытып, өнімнің жаңа түрлерін шығарып, дилерлік желіні нығайтып, сауда орындарын ашып, сату көлемін 10-15 пайызға ұлғайтуды көздеп отыр. Кәсіпорынның кеңейгені ауданымызда тағы жұмыс орындарын ашып, жұртшылықты тұрмысқа қажетті заттармен қамтамсыз етеді деген сөз. Қазіргі күні жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 150 мың теңгені құрайды. Жұмысшыларды тұрақтандыру мен ынталандыру мақсатында оларды несиелік тұрғын үймен қамтып, жер телімін береді. Ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, әрдайым қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. Кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп отырған серіктестің жарқын болашаққа бағыты бағамды, мақсаты айқын.
Дәл осындай қарқынмен жұмыс жасап жатқан қаламыздағы кәсіпорындардың бірі – «CLOTWELL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тігін кәсібімен айналысатын бұл серіктестік еліміздің нарығында жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс жасап келеді. О баста тоқылған көрпелер мен төсек-орын жабдықтарын тігуден бастаған өнеркәсіп бүгінде түрлі салалар мен күш құрылымдарына арнайы киім тігуде. Серіктестіктің коммерциялық директоры Евгений Цхенің айтуынша бүгінгі күні өнеркәсіпте барлығы 151 адам жұмыс жасайды екен. Жұмыскерлердің жалақысы орта есеппен 120 мың теңгені құрайды. Тегін тамақ, байланыс, жол күресіде оңтайлы шешілген. Бүгінгі күні тігіншілер келісімді жалақыға жұмыс жасап жатса, болашақта айлық жалақыға көшіріп, қосымша сыйақы беруді де көздеп отыр. Бұл жұмыс сапасын жақсартып, жұмыскерлерді де ынталандыратыны анық. Бүгінге дейін тапсырыстарының басым бөлігі әскери киімдер болатын. Ал қазіргі күні түрлі салаларға ерекше киім үлгілерін тігіп, сапасы өте жоғары әрі сәнді күнделікті тұтынуға қажетті киім үлгілерін тігіп, сатылымға шығармақшы. Жуырда қаламыздан жеке дүкен ашу да ойларында бар екен. Маталарды негізінен еліміздің жер-жерінен сатып алады. Ал кейбір елімізде сатылымда жоқ маталарды Америка, Италия, Беларусия және Қытай мемлекеттерінен алдырады. Бұл серіктестік мата мен фурнитура өндірушілермен өз бетінше нәтижелі жұмыс жасай алады. Сондықтан да тапсырыс берушілердің қалауы бойынша матаның түсі мен функционалдығын әзірлеуге мүмкіндігі бар. Тек кәсіби киім үлгісін ғана тігіп қоймай басқа да жаңа бағыттар бойынша жұмыс жасап, белсенді демалыс, аң және балық аулауға арналған киімдерді тігеді. Барлық өнімдері сертификатталған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 92 миллион теңге қаржы алып, үлкен тігін цехын салған. Әртүрлі өндіріске қажетті техникаларды да жаңартып отырады.
Содан кейін тілшілер қауымы қаламыздағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Интеллсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. 1991 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан баспахана жарнамалық полиграфияны басып шығарудан бастаған еді. Бүгінде ірі әмбебеп баспаханалардың біріне айналып, полиграфиялық қызметтердің қазіргі заманғы қазақстандық нарығын дамытуға ауқымды үлес қосып келеді. Бұл өндіріс орны да озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әрдайым сапалы өнім өндіріп, кез келген бюджеті бар тапсырыс берушілер үшін жоғары сервисті жасап, барынша кәсібилігін жетілдіріп отырады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылай қолдауына ие болып отырған серіктестік үнемі жанданып, даму үстінде.
Баспасөз-туры барысында аралап көрген кәсіпорындардың барлығының жұмысы тындырымды, ісі алға басуда. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауына алғыстарын білдіріп жатыр. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағамды бағдарламалардың әлі талай игілігін көреміз деген үміттері бар.
Перизат НҰРҚАЕВА,
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ