Өз алдымызға тәуелсіз мемлекет болғанымызға жиырма сегіз жылдың жүзі болса да, мемлекеттік тіл төңірегіндегі әлі де болса шешімін таппай келе жатқан мәселелердің барын білеміз. Бір шаңырақ астында тұратын барша ұлт өкіліне бір қарым-қатынас тілін қолданысқа енгізу біздің билік үшін басы қайырылмаған іс болып тұр. Қоғам ішінде «мемлекет тарапынан талап күшеймей, тілге қатысты мәселенің кішіреймесі анық» деген де пікірдің бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Ата-заңымызда мемлекеттік тілдің қазақ тілі екендігі көрсетілгенімен, ауыз екі әңгімеге келгенде ана тіліміздің үлес салмағы анау айтқандай еместігін көз көріп жүр. Десе де, осы мәні терең, маңызы зор мәселенің шырмауын шешу үшін билік тарапы да қарап отырмағаны анық. Оның дәлелі мемлекеттік тілді дамыту жолындағы жобалардың көптеп ашылып, жолға қойылып жатқандығы.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында апта басында ауданымызға Қазақстанға еңбегі сіңген белгілі қоғам қайраткері, ҚХ Ассамблеясының ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Дос Көшім мырза орыстілді аудиторияға арналған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинар-кездесуге келіп кеткен болатын. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстелге «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлерінен бөлек №3, 4 мектеп мұғалімдері қатысты. Үш бөлімнен тұратын жиын барысында қозғалған тақырыптардың қай-қайсы болмасын жоғарыдағы жіпке тізген мәселелердің төңірегінде өрбіді.
Ономастика тақырыбынан бастау алған семинарда ұлтымызға, елімізге сіңірген еш еңбегі жоқ кей қайраткерлердің есімімен көше, ауыл, елді мекендердің аталуы да ойлануға тиісті дүние екендігі сөз болды. Өз кезегінде Дос мырза: «Бұл дегеніміз елді мекен атаулары басқа ұлттың қайраткерлерінің есімімен аталмауы керек деген сөз емес, қисынға келіп, талапқа сай болса қай ұлттан шықпасын атын беруге тиіспіз» деді. Мысал ретінде Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылының орта тұсында тұратын Калинин ескерткішінің өздерінің араласуымен алынып тасталғанын және осы сияқты әлі де болса өзгертілуге тиісті нысандардың барына мысал келтірді. Келесі әңгіме мемлекеттік тілдің қолданылу аясына ойысып, қазақ тіліне деген қажеттілікті тудырмай көп ұлтты еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесі шешімін таппайтынын айтты. Өзімізбен көршілес өзбек, тұсымызда тұратын тәжік ұлттарының Тіл туралы заңының бірнеше рет өзгергендігін, сәйкесінше аталған елдердегі тіл ахуалының бас бармақпен бағалайтындай жетістікке жеткендігінен мысал келтірді. Кешегі Балтық жағалауындағы елдердің қоғам болып күресіп, халық санасын ояту арқылы тілдік мәселені жеңген тәсілі, біздің елде де бірте-бірте бой көрсетуде екен. Оған мысал ретінде мемлекеттік тілде қызмет алуды қалаған бірқатар қандастарымыздың әлеуметтік желі арқылы тараған видеоларын, баспасөз беттерінде шыққан ащы мақалаларын атап өтті.
Сөз соңында спикер исі қазаққа деген өз ұсынысын ортаға салды. Ол 2021 жылы жалпы қазақстандықтардың құжаттары латын әрпіне көшкен кезде, тегіміздегі «ова», «ева» сынды кешегі кеңес кезінен қалған жалғаулардан арылуымыз керек екендігін айтып өтті.
Дархан ӘУК,
«Талғар».