Өзі арамызда жоқ болғанымен, сөзі, көзі, рухы өлмейтін жандар болады. Солардың бірі – Нұрсұлу Сатыбалдықызы дер едік. Ауданымызда он жылға жуық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған Нұрсұлу апай нағыз тіл жанашыры, ұлттық мүдде тұрғысындағы ойын ашып айтатын, шындық пен ақиқаттың жақтаушысы-тұғын. Амал жоқ, рухы мықты жан 2010 жылы кенеттен дүниеден озды…Бүгінде жыл сайын сол кісінің атында аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіліп тұрады.
Кезекті шараның шымылдығы орталық кітапханада ашылып, оның өтуіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мұрындық болды. Сегіз мектептен қатысқан үміткерлер алдын ала таратылған ереже талабы бойынша үш номинациядан бақтарын сынады. Бұл жөнінде қоғам төрайымы Рая Медетқызы кең көлемде айтып кетті. Содан соң Нұрсұлу Сатыбалдықызының өмірбаянымен таныстырып, ол кісінің қоғам үшін, жас ұрпақ үшін атқарып кеткен игілікті істеріне шолу жасады. Экран арқылы бейнесі әспеттеліп, жалынды, отты сөздерін тыңдатты. Әр сөзіне мұқият ден қойған оқушылар мен олардың жетекшілері қажетті жерде қараға да, ханға да кесіп айтқан ұлт жанашырының патриоттық сезімін экран арқылы жүректеріне ұялата білуге тырысты.
Байқауды жүргізуді міндетіне алған қоғам мүшесі, ұстаз Ләйлә Абызова алдымен әділқазы алқаларын таныстырып өтті. Олардың құрамында ақын Камнұр Тәлімұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова болды. Қазылар алқасына Рая Байшықова төрағалық етті.
Байқау десе делебесі қозатын өрендер сақадай сай екендіктерін байқатып, алғашқы үміткер де ортаға шақырылды. А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінің 6 «Б» сынып оқушысы Әділ Әбдірәсіл М.Мақатаевтың «Арыз жазып кетейін» өлеңімен байқауды бастап берді. Әділдің беріле орындауы, мәнері, Мұқағали ақынша тебірене айтуы тыңдармандарды тәнті қылды. Жас та болса өлеңді нақышына келтіріп, көркемдеп оқи алуы өзге қатысушыларға жеңіл болмайтынын аңғартты. Бірақ өзгелері де оңай шағылар жаңғақ емес екендіктерін байқатып жатты. Бірі Н.Айтұлының, бірі К.Ахметованың, бірі Ф.Оңғарсынованың өлеңдерін жаттап келіп көсілсе, енді біреулері Абайға жүгініп, Махамбеттің шығармашылығынан жыр теріпті. Тартысты өткен байқауда шын мықтыны анықтау қазыларға оңайға соққан жоқ. Ақылдаса келе олар әр номинациядан бір-бір жеңімпаз шығаруды жөн деп тауыпты. Нәтижесінде бірінші орынды Айым Бексұлтан (№2 орта мектеп), Мадина Фазыл (№20 мектеп), Әділ Әбдірәсіл (№6 орта мектеп) жеңіп алды. Екінші орын иегерлері болып Мадияр Еденбаев, Әсел Сағат, Гүлназ Даупасова аталды. Ал Аяулым Әріпжан, Диляра Жазылбекова, Алина Әлібай үштікті түйіндеді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан «Алғыс хаттар» мен сыйлықтар табыс етілді. Барлық қатысушылар да белсенділіктері үшін «Мадақтама қағаздарға» ие болды. Естелік суретке түсіп тарқасқан оқушылар мұндай байқаудан қалмауға ниетті болды.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».