Құрметі ерек шәкірттер

Құрметі  ерек  шәкірттер

Игілікті ісімен, салиқалы сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын ұрпақтың тәлімгері – ұстазға деген құрмет шектелген бе, шіркін. Нұра ауылындағы №12 орта мектепте те жыл сайын бұл дәстүр ерекшелене түсіп, биылғы ұстаздар күніне арналған мерекелік салтанат есте қаларлықтай өтті деуге болады.

Мектеп оқушылары жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын бойларына дарытып жүрген ұстаздарына дәл сондай сый-құрмет көрсетті. Мереке күні бәрі қолдарына түрлі-түсті шарларын ұстап, көңілдеріне ізгі тілектерін түйіп мектеп мұғалімдерін аулада көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Ал дәлізге өздері пісіріп келген торттары мен тәттілерін қойып, ұстаздарына ақ тілектерін арнап, мерекелік қабырға газеттерін таныстырды. Олардың ішінде 11 «А», 10 «А», 10 «Ә» сыныптардың газеттері үздік деп танылды.
Көңілдеріне қуаныш сыйлаған шәкірттерінің ісіне мұғалімдері де дән риза болысты. Әсіресе мектеп директоры Айнұр Бекенқызы өзі басқарып отырған білім шаңырағынан зерделі, парасатты, білімді, азаматтық құндылықтары бойында ұштасқан ұрпақ қалыптасып келе жатқанына қуанышты екендігін білдіріп, әр шәкіртіне алғысын білдірді.

Әрине мұның бәрі оқушылардың күшімен даярланса да оларға тәжірибелі ұстаздары көмекке келген еді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Раушан Алмабекқызы мен Орынгүл Берікбайқызы, педагог-ұйымдастырушы Заманбек Даривхан балалардың бастамасына қолдау танытып, жол көрсеткен-ді. Оқушылардың ұстазға деген ізгі ілтипаттары, әрине мұнымен тоқтап қалмақ емес. Заманауи білім бағытын ұстана отырып ұлттық құндылықтарды да ұлықтап жүретін білім ошағының шәкірттері үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қазақы мінез-құлықтарымен көпке үлгі бола бермек.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».