Дүние жүзінде 200-ден астам ел бар. Ал халықаралық энциклопедияларға сүйенетін болсақ, әлем тілдерінің саны 6 мыңнан 10 мыңға дейін барады. Оның ішінде 15 күн сайын жоғалып отыратын тілдер де бар екен. Осы тілдердің ішінде әлем бойынша 400 млн. халық пайдаланатыны ағылшын тілі. Десек те, осы ағылшындықтар латын әліпбиін пайдаланады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру арқылы үлкен аренаға шығамыз деп жар салатынымыз да сондықтан. Бүгінде бағдарламаның алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асты деуге болады. Жаңа ұлттық әліпбидің латын графикасы негізіндегі емле ережелері әзірленіп, үкіметте мақұлданып жұртшылыққа ұсынылған еді. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары және «Қазақ тілі» қоғамы мүшелері жаз бойы мемлекеттік мекемелер, бөлімдер мен ұйымдардың қызметкерлеріне латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі екенін айтып, емле ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын бастап кеткен болатын. Сондай кезекті шаралардың бірі өткен аптада аудандық орталық пошта және аудандық сот қызметкерлерінің арасында өтті.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен болған бұл жолғы түсіндірме жұмыстары «Қазақстан халқы тілдері күні» қарсаңында тілдердің онкүндігі аясында өтті. «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» атты атаумен ұйымдастырылған дөңгелек үстелге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар филиалының жетекшісі Камнұр Тәлімұлы, аталмыш орталықтың оқытушысы Гүлнәр Мамырбаева және Талғар экономикалық-гуманитарлық колледжінде латын графикасын меңгерту курсының оқытушысы Ләйлә Абызова қатысты.
Латыннегізді әліпбиді әбден оқып-тоқыған Гүлнәр Мамырбаева пошта қызметкерлерін жаңа алфавиттің қыр-сырымен толыққанды таныстырды. Емле ережелерін түсіндірді. Жаһандану заманында бұл әліпбидің елімізге берері мол екеніне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ алфавитті үйрену бұрынғыдан оңайға түсетінін айтты. 42 әріптен тұратын әліпби 32-ге қысқарған. Орыс тілінен еңген барлық әріптер алынып тасталған. Тек төл тілімізге қатысты әріптер ғана қалған. Ерекшелігі сол сөзді қалай естісеңіз солай жазасыз. Бұл кез келген қазақ тілінің латыннегізді әліпбиін үйренем деген адам үшін оңай. Дөңгелек үстелге қатысқан пошта қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.
«Тіл-оқу» әдістемелік орталығының директоры, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Камнұр Тәлімұлы латыннегізді әліпбидің қазақ еліне жақын екенін баса айтты. Әр мекемеден 2 адамнан орталықтың алғашқы сабағына тізімделе беруіне болатынын да жеткізді. Орталық директорын мұқият тыңдаған пошташылар қуана-қуана оқыту курсына жазылатын болды. Шара соңында қызметкерлер латыннегізді әліпбимен «Жеке өмірбаян» атты жазба жұмысын жазды. Қорытындысына баға берген мамандар «жаман емес» деп тарқасты.
Дәл осы қарқынмен мамандар сол күні аудандық сотта болып қайтты. «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты семинарда кеңсе меңгерушісі Қалмақбаев Асқар Абдулкапарұлының бастамасымен соттың қызметкерлеріне емле ережелері түсіндірілді. Олар үшін латын қарпі еш қиындық туындатпайтынын, күнделікті өмірде жиі қолданатындарын жеткізді. Тек емле ережесін түсініп оқып алсақ болды деп отыр. Қарқындарына қарап біздің де ішіміз жылып қалды. Сонымен қоса кеңсе меңгерушісі Асқар Қалмақбаев және бірнеше қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясынан «Латын графикасы негізіндегі ресми жазылым» тақырыбы бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарының бағдарламасын 8 академиялық сағат көлемінде нәтижелі аяқтағаны жөнінде сертификат алғандарына куә болдық. Оқу Талдықорған қаласында өткен.
Еліміздегі түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран «Латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркітілдес ағайындар Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқадан оқи алады. Менің ойымша, сол кезде он сегіз миллион қазақстандық қазақ тілін үйренеді» дейді. Ендеше латыннегізді әліпбиіміз қазақстандықтарды бір арнаға тоғыстыратын, түбі бір туыстас түркі еліне жақындастыратын тікелей жол деп білейік.
Әйгерім ӘМІР,
«Талғар».