Термешінің төресі

Термешінің  төресі

Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Тек сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы биыл да жоғары деңгейде өткізілді. Әр аудан мен қалалардан қатысқан өнерпаздар ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған байқауда барын салып бақты. Қай-қайсы болмасын жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін, жаңаша дем беруге тырысып, сол арқылы ата өнеріне үлес қосуды мақсат тұтты.

Талғар қалалық музыка мектебінің ұстазы Ермек Рахымбайұлы да аталған байқауға қатысып, аудан намысын абыроймен қорғап қайтты. Аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алған термеші жігіт облыстық байқауда да сүрінбей, бірінші орын иегері атанды. Дәстүрлі ұлттық өнердің танымал тұлғаларынан, ғалымдарынан құралған қазылар алқасы бас жүлдегердің орындаушылық шеберлігін жоғары бағалап, марапатын табыстап тұрып ұстаздық қызметінде де қазақтың термесін құйқылжыта айтатын шәкірттерінің көп болуына тілектестігін білдірді. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұстаз енді республикалық додада облыс атынан сынға түспек.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».