Қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілді

Қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілді

Осы аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған аудандық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Отырыс жұмысын аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Дәрменияр Алғатбекұлы жүргізді. Күн тәртібінде қаралған мәселе – «Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 71 адамды жіберу» болды. Бүгінде үкіметіміз халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жан-жақты жағдай жасай отырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделуде. Бұл ретте өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген адамдарды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп түрлеріне икемдеуге бағытталған қысқа мерзімді курстар арқылы қайта оқытудың маңызы зор.
Комиссия мүшелерінің алдында хабарлама жасаған аудандық жұмыспен қамту орталығының бастығы Райхан Джулимбетова жұмыссыздықпен күреске бағытталған кешенді бағдарлама аясында 3 қыркүйектен бастап 71 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілетінін жеткізді. Атап айтқанда, Талғар қаласындағы «Инновациялық-оқыту орталығы» ЖК-і нысанында тігінші, шаштараз, бет әрлеуші мамандықтарына ұзын саны 40 адам жіберілмек, ал 31 білім алушы «Еркемай-Алматы» ЖШС-нің балаларға арналған білім беру орталығында аспазшы мамандығына ден қоймақ. Балабақшада тәрбиеленетін кішкентай бүлдіршіндердің ас мәзіріне қойылатын талап та ерекше екенін ескерсек, мұнда білім алатын аспазшылар мектепке дейінгі мекемелерде ас әзірлеудің қыр-сырын игереді. Талапқа сай оқу мерзімі үш айды құрайды. Алғашқы айы теориялық білімге негізделсе, қалған екі ай тәжірибемен ұштастырылады. Курсқа қабылданған оқушыға ай сайын 16 мың 759 теңге стипендия төленеді, оған қоса аудан аумағынан, яғни ауылдардан келіп баспана жалдап оқитын оқушыларға, жалдама баспананың өтемі ретінде тағы да 5 АЕК есебінде қосымша қаражат қарастырылған. Оқу курсын тәмамдаған соң арнайы сертификат пен куәлік табыс етіледі. Бұдан соң да аудандық жұмыспен қамту орталығы мен қайта оқу курсын ұйымдастырған оқыту орталықтары бірлесе отырып түлектердің жұмысқа орналасып кетуіне барынша ықпалдастық жасайды.

Райхан Азимова,
«Талғар».