Күні кеше ғана өткен тамыз кеңесіндегі Президент Қ.Тоқаевтың үштілділік мәселесіне қатысты қабылдаған шешімі көптен бері көкейде жүрген үлкен мәселенің басын ашып берді. Әсіресе қазақ тілінің мамандары, мына біздер, қатты қуандық. Себебі көптеген ата-аналар мемлекеттік тілден гөрі ағылшын тіліне баса назар аударып кеткенін көріп жүрміз. Қазақ тілінің әріптерін енді оқып-үйреніп келе жатқан 1-сынып оқушысын өзі естіп-көрмеген өзге тілдің қыр-сырымен оқытуға бас салып қосымшаларға апарып жатқанын көрдік. Оң, солын енді үйреніп келе жатқан бала үшін бұл үлкен күйзеліске әкеп соғуы мүмкін. Әрине, ішінде бірден жаңылмай үштілді де меңгеріп кететіндері де жоқ емес. Бірақ ондай қабілет көпшіліктің бойында бола бермейді. Әр сыныпқа бір баладан ғана келуі мүмкін. Жалпы бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Көрнекті тіл жанашыры А.Байтұрсынов та оқушылардың ана тілінде білім алуына көп күш жұмсады емес пе?!
Ал ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс екенін баса айтқан Президент ата-аналарды тағы да бір қуантып тастады. Ол «Ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», — деді. Сонымен қатар, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажеттігін атап өтті. Мұндай жаңалыққа барша жұрт, ұстаздар қауымы ерекше қуанғаны рас.
Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады..», – деп тіл жайында терең толғаған өрелі ой-пікірі қай кезеңде де өз қадірін жоғалтпақ емес. Ендеше Президенттің тілге қатысты айтылған ұсыныстары өте орынды. Іс-жүзінде тезірек қолға алынса нұр үстіне нұр болары анық.
Күлпархан ҚАБАЕВА,
облыстық санаториялық үлгідегі
мектеп-интернатының мұғалімі.