«Ауру астан…» демекші, сатып алатын сапасыз тағамнан келетін кесел көп. Сол тағамдардың басында бау-бақша өнімдері тұрады. Әсіресе жеміс-жидектің қатарынан болатын қауын-қарбыз жаздыгүні үлкен сұранысқа ие. Дәл қазір қарбыз бен қауынның нақ піскен уақыты. Жапа-тармағай сатып алып жеушілер көп. Қарбыз бір жағынан шөліңді қандырса, бір жағынан бүйрек, несеп жолдарына ем. Бірақ оны тұтынғанда оның пайдасымен қоса зияны да ұшан-теңіз екенін ескермей жатамыз.
Осыған орай жуырда аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау (ТКҚСҚБ) басқармасының мамандары мен «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалының Талғар аудандық бөлімшесінің мамандары бірігіп «Нитраттарсыз бақша мәдениетін таңдаймыз!» тақырыбында акция өткізді. Шара Талғар қаласындағы «Тәуіп» базарында өтті. Аталмыш акцияның мақсаты – аудан тұрғындары және қонақтарын бақша дақылдарын дұрыс таңдау жасауға шақыру болды. Себебі өнімді көп және тез арада жинау мақсатында жеміс-жидек пен көкөніске тыңайтқыштар қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы – нитраттар. Ал нитратсыз жеміс-жидектің өсуі қиын. Осыған байланысты шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. «Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек екен. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне әсер етеді», дейді мамандар.
Акция барысында экспресс-әдісті қолдана отырып бақша дақылдарынан нитраттың құрамын тексеру үшін 21 зерттеу жұмысы жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша «Тәуіп» базарындағы қауын-қарбыздан шамадан тыс нитраттың көрсеткіші байқалмады. Сол жерде сатушыға өнімінде нитраттың құрамы шамадан тыс емес екенін көрсететін хаттамалар берілді. Қосымша 25 тұлғамен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 30 үнпарақшалары таратылды. «Тағы айта кететіні қауын-қарбыз сатушылардан рұқсат қағазын сұрасаңыз болады. Ол қосымша сақтық үшін керек. Қуантатыны биылғы жылы аудандық орталық ауруханасына нақты қарбыз-қауыннан уланған адам келіп түспеген», – дейді аудандық дәрігер-эпидемиолог Жансұлу Жұмаділова.
Жаратушы иеміз де «Сақтанғанды сақтаймын» демекші қарапайым қарбыз гигиенасын сақтауды ұмытпаңыздар: қауын-қарбызды көшеде, ашық жерден сатып алмаған жөн. Себебі қарбыз бойына газды тез арада сіңіріп алады екен. Ол жұқпалы ішек ауруына әкелуі мүмкін. Неғұрлым жабық дүкендерден тұтынған дұрыс; жарылған, я қарайған түскен қарбызға да жоламаған абзал; белгі салып тіліп алған қарбызды бір сағаттың ішінде жеген дұрыс; сырттан келген қарбызды бірден үстелге шығармай, сыртын сүртіп алу керек, оның бетіндегі микроб басқа тағамдарға түсіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ қауын-қарбызды тамаққа дейін, я тамақтан кейін арасына 2 сағат салып барып жеу керек. Себебі, тамақтар асқазанда қорытылса, қауын-қарбыз ішек жолдарында қорытылып кетеді екен.
Қауын-қарбыздың бақылаусыз саудаға өтіп кетуі тұтынушыларды қатты алаңдататыны белгілі. Сол себепті біз барынша ең керекті деген ақпаратты ұсынып отырмыз. «Сақтықта қорлық жоқ».
Бексұлтан Успанов, аудандық ТКҚСҚБ басқарма басшысы:
– Тыңайтқыштың аз мөлшері біздің ағзамызға өз зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс мөлшері өте қауіпті. Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттердің нитраттардан айырмашылығы, олар қан эритроциттеріне кері әсер етеді. Эритроциттердің құрамындағы гемоглобинмен нитриттер байланысып, метгемоглобин құрайды, бұл өз кезегінде оттегін тіндерге тасымалдау қабілетін қиындатады да нәтижесінде адам ағзасының оттегімен тыныс алуы нашарлайды. Ал адам қарбыздан уланып жатса 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі.
Әйгерім Әмір,
«Талғар».