«Махаббат тағамы» некені нығайтады

«Махаббат тағамы»  некені нығайтады

Бану Баудинова Тұздыбастаудағы №31 мектепте табаны күректей 41 жыл еңбек еткен білікті ұстаз. Бастауыштан сабақ беріп, балалардың зейінін ашудан жалықпаған ұлағатты жан бүгінде құрметті демалысқа шыққан зейнеткер. Десе де, «болды, бітті» деп екі қолды алдыға салып жайбарақаттылыққа салынған жоқ. Бала тәрбиесіне байланысты білгендерін қыздары мен келіндеріне, немерелеріне үйретіп, қала берді ауылдың қыз-келіншектеріне дейін ақыл-кеңесімен бөлісіп келеді. 2013 жылдан бері «Тұздыбастау ауылдық ұйғыр әйелдері» қоғамының төрайымы сайланғалы бұл іске деген жауапкершілігі еселеніп, енді аудан көлеміндегі айтулы шаралардың басында жүр.

Аудандық ішкі саясат бөлімі мен ау­дандық Қоғамдық келісім кеңесі қолға алған «Өркендеген Талғар» атты үлкен жобаның негізінде ұйымдастырылған шара­ның да белсенді қатысушысы Бану апа болды. Бұл әлеуметтік-мәдени бағдарлама ауданның қоғамдық бастамаларын қолдап, өлкемізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарын жас қыз-келіншектерге үйрету арқылы отбасы институтын ны­ғайтып, татулық пен тұрақтылықты қол­дауға бағытталған болатын. Ай сайын ұйымдастырылып жатқан тегін шеберлік сабағының кезегі осы жолы ұйғыр асхана­сында. Бұл ұлттың негізгі тағамы лағман екендігін баршамыз білеміз. Ал сол та­ға­мның «махаббат тағамы» деп аталатынын білетін бе едіңіз? Ұйғырларда жыл мезгіліне байланысты лағман 4 түрге бөлінеді. Көктемде бұл тағамның құймасына жасыл пияз, жусай өскіндерін, балдыркөк пен шалғамды қосып дайындайды. Жазда – қияр, сарымсақ, жусай, қысқа және ұзын үрме бұршақ, қызанақ, жасыл және қызыл бұрыш, баклажан, пияз қосады. Күзде – кольраби, шомыр, шалқанды қосып әзірлесе, қыста лағманға кептірілген және тұздалған көкөністерді қосу ұйғыр асханасының ерекшелігі. Сонымен қатар дайындауларына байланысты гуйру, суйру, цомян, тухум деп аттары өзгеріп кете береді. Қызыл-Қайрат ауылындағы «Ахат» кафесінде өткізілген шеберлік сабағында Бану апа бұл тағамды дайындауда назарға алатын басты қажеттіліктерге тоқталды.

– Ұйғыр халқы етке көк шөптердің бірне­ше түрін қосып, баптап тамақ жасауға өте шебер халық. Солардың ішінде ең ұнамды және кеңінен таралған тағамдарының бірі – лағман. Бұл арнайы дайындалып, жіңішкелеп созылған қамырдың үстіне құйма құйып ұсынатын тағам түрі. Мұндағы маңызды назар аударатын дүние қамыр илеу. Ол әбден иі қанған, не жұмсақ, не қатты емес, созғанда үзіліп кетпейтін қамыр болуы керек. Бәрінен бұрын басқа орамал тартып, қолды тазалап жуу қажеттігін ұмытпаңыздар, – деп лағман кеспесінің илену техникасын көрсетіп, тұз бен судың мөлшерін анықтап берді. Келесі кезекте құйманың негізгі ингредиенттерін қалай қуыру керектігін көрсетті. Сүйіктісінің сүйген асын дәмді етіп ұсынуды ойлаған қыз-келіншектер бас шебер Бану апайдың айтқанын түртіп алып, қайтара сұрап қатты қызығушылық танытып жатты. Өйткені, қызылды-жасылды көкөністерімен көзді арбап, буы бұрқырап, иісі тәбетті ашатын бұл асты бәрі жақсы көрсе де, дайындауға келгенде епті қолдан бөлек еңбек пен ниет керек екендігін ұқты. Сондықтан да «махаббат тағамы» аталса керек.
Шараға келген аудан әкімі Р.Сатбаев, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ж.Бұтабаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Саметова аға буын мен бала буынның арасындағы тәрбие тізгінін жалғауда бұл жобаның маңыздылығы ерек екенін алға тартты.


– Байқасаңыздар кез келген іс-шараның мақсаты – болашақтың іргесін нықтайтын жастар тәрбиесіне бағытталады. Бұл жоба да сол межеден ауытқыған жоқ. Отбасының негізгі тетігі әйел адамда болғандықтан олардан отағасын да сыйлап, баласын да тәрбиелеп, жұмысына да үлгеріп, қазанын да қайнатып, үйін де жайнатып отыру талап етіледі. «Еркекке жол – асқазаннан» деген күлкілі тәмсіл бекерге шықпаған болар. Жұмыстан шаршап, есікті ашқан жолдасын мұрынды жарған дәмді тамақтың иісі қарсы алса қатулы қабақ өз-өзінен жадырап сала бермей ме? Біздің аталмыш шара арқылы айтпақ ойымыз да осы – жас келіндер мен оң босағадағы қыздарды түрлі ас мәзірінің қыр-сырымен қанықтыру, сол арқылы неке салтын сақтау, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова.
– Менің келін атанғаныма екі жыл. Жастай шаңырақ құрғандықтан білгенімнен білмегенім көп екенін өзім де сеземін. Сондықтан да ас қамдауға арналған тегін шеберлік сабағы өтетіні жайлы әлеуметтік желіден біле сала бірден келдім. Мен де үйде лағман жасаймын, бірақ бәсәй деген көкөністің тек ортадағы қатты өскінін ғана салатынын білмейді екенмін. Мен көк жапырағымен қосып турап, салып жүріппін. Сондай-ақ, қамырды үй температурасындағы сумен илеуді өз тәжірибемде қолданып көремін. Алдағы уақытта болатын басқа да шеберлік сабақтарынан қалмауға тырысамын. Жас келінге берері мол шара екен, – дейді Мәриям Сермаханова.

Отбасындағы тәрбие мен татулық ту­ралы татымды әңгіме дастархан басында жалғасын тапты. Көрген-білгені көп әпке-жеңгелердің айтқан ақыл-кеңестері – көпшілікке дерек, жастарға керек.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».