Тілбұзар жарнамалар тәртіпке келді

Тілбұзар жарнамалар тәртіпке келді

Маусым айында басталған «Тіл тазалығын сақтайық» акциясының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Қоғамдық орындарда өгей баланың күйін кешіп жүрген ана тіліміздің аталмыш акция арқылы көсегесі бір көгерді десек артық айтқандығым емес. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, нақты фактілерді сөйлетейік.

Талғар ауданы әкімінің өкімімен бекі­тілген жұмысшы топ екі ай бойы Талғар қаласындағы Д.Қонаев, Абай, Бокин, Тө­ле­баев, Бекбаев-Крутенко көшелерінің бойын, орталық базар мен халыққа қызмет көрсету нысандарын аралап, тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Тіл сақшылары көзге түскен сауатсыз аудармалар мен жарымжан жарнамалардың сол жерде иесін тауып ескерту жасады. Тіл жанашырларының тынымсыз еңбектерінің арқасында аудан көлемінде 80 рейдтік шаралар ұйымдастырылып, 100 нысанның жарнамалары тексерілді. Нәтижесінде орын алған 40 кемшілік анықталып, оның 30-ы өз қателерін түзетті. Қалған 10-ына тағы қосымша уақыт берілді. Егер сол уақыт аралығында сапасыз сөйлемдеріне түзету енгізбесе, мемлекеттік тілге менменсіп қарағаны үшін айыппұл салынатын болады. Қазақша аудармасына қимаған аз қаржысын заң жүзінде қомақты қылып өтегенде ғана мемлекеттік тілдің тегеуріні мықты екендігіне көзі жетер.


Акция барысында, сондай-ақ нысан атауы­ның латын әліпбиінде дұрыс жазылуы да назарға алынды. «Аттанға айғай қосушылар» латын графикасымен жазсақ ешкім көзімізден нұқымас деп жауаптан жалтарғысы келетіндей. Бірақ одан да қате табылып жатқандықтан, алдағы уақытта «екі шоқып, бір қарайтын» болады. Күні кешенің өзінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұ.Ақжігітова мен «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Р.Байшықова мен әдіскері Г.Мамырбаева бастап БАҚ өкілдері қостаған рейдтік шарада ескерту жасалған нысандардың шығарған қорытындылары тексерілді. «Shahar» кафесі мен «Bayern» мейрамханасының ішкі-сыртқы жарнамаларында әлі де түзететін кемшіліктер бар екендігі ескертілді. Ал «Денсаулық және сұлулық» орталығы болса осыған дейін жасалған сын-ескертпеден оң қорытынды шығарыпты. ЖК «Семенова» да уақыт берілсе жарнамаларының қазақша нұсқасын жазатынын айтып ақталды. «Миг tv» қазақша нұсқасы жасалынып жатқанын айтты. Акция алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Меруерт Мәулетхан,
«Талғар».