Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі бұқаралық ақпарат құралдары мен тілге қатысты мамандар арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі. Себебі жазу – әріптердің жиынтығы ғана емес, жазу бұл сол ұлттың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі таңбаланған жәдігері. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Сондықтан, ауданның тіл жанашырлары бұл мәселеге атүсті қарамай, тұщымды, татымды дүниелер арқылы жауаптылықпен жүзеге асырып келеді.
Бүлдіршіндер латын әліпбиімен әріп таниды
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе өткізіп жатқан іс-шаралар легі жаздың соңғы айында да жалғасын тапты. Аудандық кітапхананың оқу залына жиналған мектеп әдіскерлері мен бастауыш сынып мұғалімдері латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңдері өздеріне зор жауапкершілік жүктейтінін сезіну үстінде. Себебі, 2019 жылдың оқу жылында нөлдік сыныптарға баратын бүлдіршіндер латын әліпбиімен әріп танитын болады. Ал, бір жылды артқа салып, яғни 2020 жылы 1 сыныптың табалдырығын аттайтын жеткіншектер қазақ алфавитін жаңартылған нұсқада оқымақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осылай ақырын-ақырын, аңдап басып, еліміздегі білім беру жүйесі толығымен латын әліпбиімен оқытуға көшеді. Яғни бұл жерде білім басында жүрген мұғалімдерге қосымша міндет артылмақ. Әрине, тек қана мектеп жауапты деп бірізділікке салынуға болмайды, үйдегі ата-ана да баласының латын қарпінде сауат ашуын қадағалап, ұстазға болысқаны жөн. Осы жөнінде кіріспе сөзін айтқан аталмыш қоғамның әдіскері Гүлнәр Мамырбаева үш кезеңге жеке-жеке тоқталып, талдап өтті. Келесіде слайд арқылы емле ережелерімен таныстырды. Дауысты, дауыссыз дыбыстардың қатар келуі, қос сөз бен біріккен сөздегі әріптердің қалай жазылуы сынды терең білімді қажет ететін ақпаратты мұғалімдерге тегін түсіндіріп берді.
– Қыркүйек айынан бастап ауданда Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық филиалы ашылады. Үйренем деушілер топқа бөлініп аптасына екі реттен сабақ алады. Сертификатқа ие болам деушілер болса қосымша ақы төлейді, – деп оқыту жайын ашып айтып берді.
Шараны қорытындылағын «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Байшықова болса бұл тек мемлекеттік қызметкердің ғана емес бүкіл қоғамның жұмысы екенін алға тартты.
Бүгіннен іске кіріспек
Осындай басқосу аудандық жер қатынастары бөлімінде де өтті. Үнемі құжаттың әлегімен қарбалас үстінде жүретін бөлім қызметкерлері тіл мәселесіне келгенде күйіп тұрған жұмыстарын ысырып, ынтамен тыңдады. Латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтарын ұғып алған соң алдағы уақытта ашылатын курстардан қалмауға тас түйін дайын екендіктерін аңғартты. Өйткені кезең кезеңімен іске асқалы отырған бұл мәселе бәрібір алдарынан шығатынын біледі. Сондықтан «кезі келгенде үйреніп аламын ғой» деп немқұрайдылыққа салынбай, лаж болса қазірден бастап үйренуге дайын екендіктерін жеткізді.
Мақсаты айқын мекеме
2000-ға жуық қызметкері бар аудандық орталық аурухананың ұжымы да латын әліпбиіне деген көзқарастарының оң екенін байқатты. Кездесуді ашып, мақсатын түсіндіріп берген бас дәрігердің орынбасары Гүлнәр Кеңесқызы дәрігерлердің латын қарпімен таныс екенін айта кетті. Өйткені, бүкіл дәрілердің атауы мен рецептері латын қарпімен жазылатындықтан жаңа әліпбиді жаттау қиынға соқпайтынын біледі. Тек тіл мамандары емле ережесін толыққанды түсіндіріп берсе, бұл «сынақтан» еш кедергісіз өтетіндеріне сенеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлбосын Ақжігітова латын әліпбиінің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды рөл атқаратынын алға тартты.
P.S. Латын әліппесіне көшуде тек Үкімет пен әкімшілікке қарап отырмай, өзіміз де бір жағынан қадам жасап, бірігіп әрекетке көшу керекпіз. Мұндағы негізгі мақсат – қазақ тілін тек қана латынға көшіру емес, қазақ тілін үлкен модернизациядан өткізу болғандықтан бұл әліпбидің бізге алыстығы жоқ. Тек «Бес саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» естен шығармасақ болғаны.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».