Жалғасын тапқан шарапатты шара

Жалғасын  тапқан  шарапатты  шара

Мектепке жол акциясы

Қайырымдылық – адам бойында болатын асыл қасиет. Ол адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы, мейірімділік танытуы. Осындай игі шараның бірі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы. Биылғы жылы да өз жалғасын тапқан шарапатты шара шілде айында басталып 30-қыркүйекке дейін жалғасады.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады. Акция кезеңінде рейдтік, үйлерді және пәтерлерді аралау және т.б іс-шаралар барысында сабаққа қатыспайтын балаларды анықтауға ерек­ше назар аударылады. Сонымен қатар ауданның әр өңірінде демеушілер мен меценаттарды кеңінен қатыстырып, «Балаға мейірім сыйла!», «Мен мектепке барамын» атты қайырымдылық акциялары өткізіледі. Бүгінде аудан бойынша қайырымдылық акциясы аясында қандай іс-шаралар жүзеге асырылғанын байқайық.

Осы уақытқа дейін аудан бойынша барлығы 97 мектеп жасындағы оқушыға 1 164 000 тг. көлемінде демеушілер есебінен мектеп формасы, спорттық киімдер, мектепке керекті құрал-жабдықтар алып берілді, сондай-ақ 1438 оқушыға бюджеттен 36 309 500 қаражат бөлінді. Акция барысында 33 буклет дайындалып, таратылды.

2019-2020 оқу жылына дайындық бағ­дарламасы аясында аудан көлемінде «Мектеп базары», «Мектепке жол» жәрмеңкелерін ұйымдастыру, қала, аудандар бойынша жартылай жетім, аз қамтылған, көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға мектеп формасы, спорттық киімдер және оқу құралдарымен көмек ұйымдастыру, қоғамдық қабылдаулар ұйым­дастыру, аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесінің отырысын өткізу жоспарда бар.

Бірінші сынып оқушыларын құрметтеуді ұйымдастыруға бағытталған «Бірінші сы­ныпқа – бірінші рет», «Бірінші сынып оқушыларына сыйлық» акциялары ұйым­дастырылмақ. Бұл орайда әлеуметтік қор­ғалмаған отбасылардың бірінші сы­ныпқа баратын балаларына ерекше назар аудара отырып, ірі сауда орталықтарында қажетті оқу құрал-жабдықтарын тарату үшін гуманитарлық көмек пункттерін ашу жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы да айтулы шарадан қалыс қалып көрген емес. Биыл да бас партияның өкілдері көмекке зәру балалардың білім алуына қолдау танытуда. Фи­лиал басшысының орынбасары М.Ер­ма­­ғамбетованың басшылығымен, Бел­­бұ­­лақ бастауыш партиясының ұй­ым­дас­тыруымен №32, 10, 34, 35 мек­теп­тердің әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін отбасылардың балаларына демеушілік жасалды. Атап айтар болсақ 13 балаға «Көк жайлау», «Аружан» мейрамханаларының басшылары мек­теп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сыйлады. Мұндай кө­мек Нұра бастауыш партиясының қабырғасында да өтті. 10 отбасының балаларына кәсіпкер Жанар Мұсаева демеушілік жасап, мектеп сөмкесі мен кеңсе тауарларын ұсынды.
Американдық жазушы Роберт Линн «Керек кезде көрсеткен азғантай көмек, қажетсіз кезде жасаған үлкен көмектен әлдеқайда жақсырақ» деген екен. Бұл орайда көрсетілер көмектің көлемі емес, оның дер кезінде мұқтаж жандарға жасалуында болып тұр. Ал, бүлдіршіндер қоғамның ең қымбат әрі әлсіз бөлігі. Балаға жасаған жақсылықтың сауабы да сан мәрте. Бала – отбасының үміті ғана емес, елдің болашағы. «Жақ­сылық жасасаң-балаға жаса» деп те­гін айтылмаған. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген сөз тағы бар. Көмекке мұқтаж оқушыларымыздың барлығы да назардан тыс қалмайтынына сеніміміз мол. Олай болса, игі шарадан қалыс қалмай, қолдан келген көмекті аямау аса маңызды.

Аталмыш игі шара қыркүйек айының соңына дейін жалғаса бермек. Осыған байланысты, аудандық білім бөлімі ауданның барлық азаматтарын, кәсіп­керлерді, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдары мен мемлекеттік органдарды өмірде қиын жағдайға душар болған от­басылар мен балаларға көмек қолын созып, қайырымдылық акциясына бір кісідей атсалысуға шақырады.

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».