«Тәрбие мен білім- әрбір адам болмысындағы қазынасы. Мұғалім – өзі тәрбиелейтін балалардың әкесі. Мұғалім – ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» – деп ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түркімен халқының ойшылы, ақын Мақтұмқұлы айтқандай, ұстаздық мамандығына ғұмырын арнаған әрбір жан алдындағы әрбір шәкіртінің білімді де білікті, оқу мен қатар адамгершілігі мол азамат болып қалыптасса екен деген оймен жүретін мамандық иесі.
Біз бүгін әңгіме еткелі отырған жан да ғұмырының 37 жылын ұстаздық кәсіпке арнап, ұзақ жылдар бойы түрлі мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, соңғы 10-15 жылдың көлемінде қаладағы Ю.Гагарин атындағы дарынды балаларға арналған, үш тілде оқытатын №8 арнаулы гимназияның директоры болып, кеудесіне республикалық «Дарын» орталығының 20- жылдық мерекелік медалі мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық медалі және ҚР Оқу министрлігінің «Құрмет грамотасы» бастаған сан түрлі марапаттарға ие болған Гүлмәрия Ошақбаева да сондай жандардың бірі.
1960 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүниеге келген Гүлмәрия сол жердегі мата шығаратын «Қарғалы» фабрикасында өндіріс шебері болып істейтін Ошақбаев Досмұхамбет атты қазақтың бес баласының бірі еді. Өткен ғасырдың басында, яғни, 1910 жылы Ресейден келіп, Жетісу жерінде мақта-мата өндіретін үлкен фабрика ашқан көпес Шахворостовтың қарауында жұмыс істеген атасы Жақсыбай Ошақбаев та, әкесі Досмұхамбет те, жалпы Ошақбаевтар әулеті сол ірі кәсіпорыннан дәм-тұздарын айырған кәсіп иелері еді. 1977 жылы Қарғалы ауылындағы Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, педагог Құдыс Әбсеметов атындағы №2 орта мектепті бітірген Гүлмәрия Ошақбаева сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі бөліміне түседі. Институт қабырғасында білікті ұстаздардан білім алып, орыс әдебиетінің терең қайнарынан сусындаған алғыр қыз 1982 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Ұзынағаштағы орыс мектебінде ұстаздық етеді. Орыс және қазақ тілдеріне жүйрік, мектеп оқушыларымен тез тіл табыса білетін жас оқытушы №2 мектепте комсомол ұйымының жетекшісі болып көзге түседі. «Арманның өмір шындығынан да асып түсетін кездері болады, өмір шындығының да арманнан асатын аяулы сырлары бар. Нағыз бақыт осы екеуінің түйіскен жерінен табылар» – деп орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой айтпақшы, оқу-біліміне көркі сай, мінезі орнықты, жас комсомолдармен ортақ тіл табыса білетін Гүлмәрия сол кезде аудан көлемінде өтетін ауқымды іс- шаралардың ортасында жүретін. 1997 жылы Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебінде мұғалім, кейін мектеп директоры Раушан Букаеваның оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Г.Ошақбаева көп нәрсені осы оқу орнынан зердесіне тоқып шықты. Ол 2008 жылы Талғар қаласындағы үш тілде білім беретін №8 мектеп-гимназиясына директор болып барды. Оқу орнындағы 84 мұғаліммен бірге сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің балалары оқитын 1180 оқушыны биіктерге жетектей білген Гүлмәрия Ошақбаева бұл күндері аудандағы үздік мектеп директорының бірі. «Мектеп – барлық адамды барлық нәрсеге үйрететін адамгершіліктің шеберханасы» – деп поляг педагогы Я.А.Коменскидің айтқан сөзі бар. Сол айтпақшы, мектеп ұстаздарының жетекшісі, қашан да әріптестерінің пікіріне ден қоя білетін, не істесе де мұғалімдердің ақыл-кеңесіне сүйенетін Гүлмәрия Ошақбаева өзі басшылық еткен жылдары №8 гимназиядан талай-талай «Алтын белгі» иегерлері мен пәндік олимпиадалардан небір білім жүйріктерін баптап шығарды. Өмір – арбаның доңғалағындай тез-тез айналып, өте шығатын дүние екен. Ғұмырының қырық жылға жуық уақытын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, бойындағы білімі мен қажыр- қайратын аямаған Гүлмәрия Ошақбаева осы тамыз айының 10-жұлдызында зейнет демалысына шығады. Бала тәрбиесінің бағбаны, көрнекті басшы, білгір маман, үздік педагог Гүлмәриядай асыл жанға мектеп ұстаздары мен шәкірттері ұзақ ғұмыр тілейді!
Тұрсынбек Жалғасбаев,
Талғар.