Жаңа бағдарламаның жастарға берері мол

Жаңа бағдарламаның жастарға берері мол

Жуырда ауданымызда аудан әкімдігінің ауылда өмір сүру сапасын арттыру мақсатына бағытталған «Өркендеген Талғар» атты кешенді әлеуметтік-мәдени бағдарламасы іске қосылған болатын.

Бұл әлеуметтік жоба Елба­сы­мыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатын артты­ру: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, соны­мен қатар биылғы «Жастар жылына» орай әзірленген.


Бұл бірегей бағдарлама әр түрлі ба­ғыт­тағы іс-шараларды біріктіріп, халықтың барлық топтарын қамтитын болады. Оның негізгі мақсатты аудиториясы бар­лық аудан тұрғындары мен оның әр түр­лі жастағы қонақтары. Атап айтқанда, ба­ла­лар, жасөспірімдер, жастар, орта жас­тағы адамдар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шек­теулі адамдар болып табылады. Аталмыш бағдарлама ауданымыздың қо­ғамдық бас­тамаларын қолдауға, тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға бағытталған. Одан басқа, әлеуметтік-жеке серіктестік негізінде барлық үлкен әлеуметтік бел­сенді азаматтарды тарту, әлеуметтік кәсіп­керлік және қоғамдық бастамалар са­ласындағы тәжірибені анықтау және қолдау жоспарланған. Аталмыш бағдарлама аясында аудан аумағында тұратын өзге де ұлттардың ұлттық тағамдарын дайындауға үйрететін апта сайынғы тегін мастер-кластар ұсынылады. Бұл мастер-кластар әсіресе, қыз-келіншектер үшін тиімді болмақ. «Ас – адамның арқауы» демекші, дәмді ас әзірлеу кез келген қыз-келіншектің қолынан келуі тиіс. Бұл алаң тек ас әзір­леу шеберлігін үйретіп қана қоймай, отбасындағы әйелдің рөлін белгілеп, әйел азаматтарға берік отбасын қалыптастыру үшін қажетті кеңестер береді.
Аудандық Қоғамдық келісім кеңесі мен аудандық ішкі саясат бөлімінің мұрындық болуымен қолға алынған игі бастаманың алғашқы басқосуы сәрсенбінің сәтінде қаламыздағы «Бақыт сарайы» мейрамханасында өтті. Оған ауданымызға арнайы іссапармен келген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынба­сары Жаныс Сапарғалиев, басқарманың тал­дау және сараптау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Құрманғалиева, аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы мен бірқатар бөлім басшылары, аудандық этномәдени орталықтарының жетекшілері қатысты. Бұл бастамаға «Бақыт сарайы» мейрамханасының басшылығы да қолдау көрсетіп, апта сайын түрлі халықтардың аспаздық дәстүрлерімен таныстыруға дайын екендіктерін айтқан. Бірінші шеберлік сағатының тақырыбы қазақ халқының ұлттық тағамы – «қазақша ет» (бешбармақ) әзірлеу бойынша өтті.

Жүгі нарда, қазаны теңде болып көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы асты өте жоғары бағалап, қастерлей білген. Халқымыз адам өмірінде тамақты тіршілікке қажетті құндылықтардың бәрінен де жоғары қойған. Кез келген қазақы шаңырақтың дастарханын ет тағамдарынсыз елестету мүмкін емес. «Жаман ауру – жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу қалады» – деп халық тегін айтпаған. Қай заманда, қалай айтылғанына қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін таба білген. Ел мен елді татуластыруды, жақсылар мен жайсандарды құрметтеуді, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын, ел дәулетін қазақ кең дастарқаны арқылы яғни, қонақасы арқылы көрсеткен. Сондықтан да дана халқымыз тағамның дайындалуына ерекше мән берген. Аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бутабаева жиылған қауымға игілікті шараның мақсатын түсіндіре келе қазақша еттің жасалу әдісі­мен таныстырды. Қонаққа тартылатын табақтың түр-түрін тарқата айтып, етке салатын қамырды дайындау ерекшелегімен де бө­лісті. «Ет – етке, сорпа – бетке» демекші, сорпаның да сырын ашып өтті. Жиылған көпшілік шеберлікпен дайындалған ас­тан дәм татып, қазақтай дархан халықтың кеңдігіне қайран қалысып тарасты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».