ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ЖАЗУЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ЖАЗУЫ

Қазақстан тəуелсіздігін алған соң оқтын-оқтын сөз болып, талай мəрте мінберлерден айтылып, жылдар өте халық болып қолға алынған мəні зор істің бірі – Қазақстан мемлекетінің латын қаріпіне көшуі еді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кескен» осы бір мемлекеттік мəселеге Елбасы Н.Назарбаев соңғы нүктесін қойып, қазақ елі латын əліпбиіне көшуді қолға алғаны қуантады.

Осы аптада Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепте аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Байшықованың ұйытқы болуымен «Латын графикасына көшу ерекшелігі туралы» семинар-кеңес болып өтті. Оған Талдыбұлақ ауылындағы №35 орта мектеп директоры Айтжамал Нұрбатырова, №34 мектеп директоры Замзагүл Марипова жəне №10 орта мектеп директорының оқу-əдістеме ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Исабаева жетекшілік ететін мектептің барлық пəн мұғалімдері қатысып, күн тəртібіндегі мəселені талқылады.

Семинар-кеңесте ұстаздар алдына шығып «Латын əліпбиіне көшу – бүгінгі күн талабы» тақырыбында əңгіме өрбіткен, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының маманы Г.Мамырбекова Латын графикасына негізделген қазақ əліпбиі, дыбыс пен əріптің оқытылуы, кіріккен сөздер, шет тілден енген сөздердің емлесі, латын əліпбиіндегі қосымшаның жалғануы, ағылшын тіліндегі түпнұсқасымен енген кейбір сөздердің жазылуы туралы егжей-тегжейлі ұстаздар қауымына түсіндіріп берді. Талғар политехникалық колледжінің оқытушысы, «Латын əліпбиінің қазақша нұсқасы» кітапшасының авторы Лəйлə Абызова «Латын əліпбиінің оқытылуы, емлелік мəселелері жəне əріптердің таңбалануы» деген тақырыпта, лекция- сабақ өткізіп, ұстаздардың сан алуан сұрақтарына жауап берді.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

Талғар.