Талдықорғанда алғаш рет киберспорттық турнир өтті

Талдықорғанда алғаш рет киберспорттық турнир өтті

Демалыс күндері қаламызда алғаш рет «Taldyqorgan ESPORTS CUP» киберспорттық турнирі өтті. Жарыс ауқымды ойын алаңына айналды.  Шараға жалпы алғанда  200-дей адам қатысқан. Басым көпшілігі  оқушы мен студенттер, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Киберспорт дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан «спорт» ретінде саналады. 1997 жылдан бастап осы кезге дейін турнирлер әр жыл сайын «Warcraft III», «LoL», «Dota2», «Counter-strike» және де «Starcraft» атты компьютер ойындарынан өткізіліп келеді. Бұған қоса киберспорт дамыған Россия, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын арнайы кафедралар 2015-і жылдан бастап студенттер қабылдап, үйрете бастаған.

Жанат Омарұлының  бұл ойын түрінен 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Оның айтуынша, Қазақстанда интернет желісінің төмендігі ең ауқымды мәселе екен.

Біздің жылдамдықпен қазақстандықтардың халықаралық деңгейге шығуы өте қиын. Қаламызда турнирдің өтуі біз үшін жақсы бастама. Болашақта жалғыз ойыншылар емес, командалар қатысатын халықаралық турнирлер өткізілетініне сенемін. Мен киберспортпен айналысып жүргеніме  15 жыл болды. Менің хоббиім десем болады»,-деді ол.

Тіпті, бұл ойын түрін  елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің ашылу рәсімінде қолдайтынын атап өткен болатын.

Турнир қатысушылары DotA2, Counter-Strike Go, Fortnite сияқты ойын түрлерінен бақтарын сынады. Аталмыш дода жеңімпаздарына ноутбук, моноблок, проектор, велосипед сияқты жүлделер берілді.

Нәтижесінде  «Counter-Strike Go» ойынынан Нұрбек Стахановқа бірінші орын иеленсе, «DotA2»-ден Әмір Ақмолин үздік деп танылды. «Fortnite» ойынынан Владислав Ожеговқа жетер қарсылас болған жоқ.

Талғар-ақпарат