Тұздыбастаулықтар белсенділік танытты

Тұздыбастаулықтар белсенділік танытты

Ауданымызда ел президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасын табуда. Президенттікке кандидаттар пен олардың сенім білдірілген адамдары біраз өңірді аралап, сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып жатыр. Талғар аудандық «Nur Otan» партиясы қоғамдық штабының мүшелері мен облыстық қоғамдық штаб мүшелері Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау көрсету мақсатында Тұздыбастау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдық Мәдениет үйіне жиналған қауымның алдында бірінші болып облыстық қоғамдық штаб мүшесі, Алматы облысының «Құрметті азаматы», Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Л. Хочиева сөз алды. Ол ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуы жолына жасаған елеулі еңбегін тілге тиек етіп, мемлекетіміздің одан әрі өркендеуі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыра алатын танымал тұлға қажет екенін алға тартып, партия төрағасы сенім білдірген үміткерді қолдауға шақырды. Талғар ауданының «Құрметті азаматы», облыстық қоғамдық штаб мүшесі Н. Үмбетова мен аудандық штаб мүшелері, кандидаттың сенімді өкілдері Жұмахан Еңкебайұлы, Амангелді Сембаев, Бағила Жолтаева, Дидар Мергенбаевтар өрелі ойларын ортаға салып, жерлестерін дұрыс таңдау жасауға шақырды. Сонымен қатар, жиын барысында еңбек ұжымына Қ.Тоқаевтың «BIRGE» жалпыұлттық акциясы аясында ұсыныс-тілектерін жазуға арналған сауалнама парақшалары таратылып, жұртшылықтың билікке деген ұсыныс-тілектері арайы жәшікке жинақталды. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектер кандидаттың ресми сайтында жарияланып, назарға алынатын болады.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».