Кәсіпкер, сауатты бол!

Кәсіпкер, сауатты бол!

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады деп солардың ығына жығыла-жығыла мемлекеттік тілімізді де мүшкіл халге түсіріп болдық. Неге сонша санамыз әлсізденіп, рухымыз төмендеп кетті. Қазақ елінде, қазақ жерінде тұрып өзге ұлттың аузына жәутеңдейміз, он қазақ отырып өзге ұлт өкілі кіріп келсе өзге тілде шүлдірлей жөнелеміз. Кімнен қорқамыз? Неден тайсақтаймыз?

Осы сөздердің дәлелі болсын – көшеде кетіп бара жатып қоғамдық тамақтану және сауда орындарының маңдайшаларына, бан­нерлерге, ақпарат тақтайшаларына назар аударыңызшы. Орысша мәтініне қарасаң – зор, қазақшасына қарасаң – қор. Тауарын өткізу үшін емес қазақ тілін мазақтау үшін іліп қойғандай. Одан қалса, «Жарнаманың мазмұнына жарнама беруші жауапты» деп бадырайтып жазып қоятындар да бар. Кінәліні тауып көріңіз?

Неге бұлай екені айтпаса да түсінікті. Жар­нама әуелі орысша жасалады. Кәсіп­керді ұят қысып бара жатса немесе тіл жанашырларының қырағы көзіне түссе қа­зақшасын аударта салады. Жоқтан бар, әйтеуір. Аудартқанда да кәсіби аудар­ма­шы­ларға жүгінбейді. Ақшасын шығындап қайтсін. Сол мекемеде қазақшасы қалған­дарынан тәуір-ау деген маманға өтініш жа­сайды. Болмаса «гуглдете» салады. Қа­шан да инновациялық технологияның ба­сын­да өзге ұлт өкілдерінің отырғандығын ескерсек ол бағдарлама оңған аударма ұсына қоюы екіталай. Кәсіп иесі әлгі аударманы тиіс­ті орынға тексертіп қайтсін, көшіреді де, маңдайшасына іліп қояды. Тіпті біз естімеген, кітаптарда кездес­тірмеген қазақша аудармаларды ежіктеп елу рет оқысаң да мағынасын түсіне алмайсың. Етістігі сөйлемнің басында, зат есімі соңында, адам түсінбейтін қойыртпақты заң алдындағы жауапкершіліктен құтылу үшін де көрсете салады. Себебі Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19, 21-баптарында, «Жарнама туралы» Заң­ның 20-бабында, «Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық» кодексінің 75-бабының 3-тар­ма­ғын­да кәсіп иесінің көрнекі ақпарат құ­ралдарының орналасуын, сауаттылығын, жазылуын бақылауға алу көрсетілген. Заң бойынша мемлекеттік тілде сол жағына және жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады. Және әріп өлшемі бірдей болуы қажет. Басқа тілдерге де аударып жатса құба-құп. Тек қазақ тілінің құқығы тапталмауы қатаң сақталуы керек.

Осы көкейкесті мәселені көтерген келелі жиын Т.Рысқұлов атындағы экономика колледжінде өтті. «Сауатты кәсіпкер сауатсыз жарнамаға жол бермейді» тақырыбын алға тартқан басқосу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығымен жүзеге асты. Басқосуға жауапты сала өкіл­де­рінен бөлек «Атамекен» ҰКП-ның қыз­мет­кері А.Жансейітова, кәсіпкерлер мен сол саланы игеріп жатқан жастар, жар­на­­ма агенттіктерінің өкілдері, ірі-сауда үй­ле­рі­нің әдіскерлері қатысты. Аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің ма­маны Ұ.Ақжігітова шараның мақсатын тү­сін­діріп, мемлекеттік тіл саясатын іске асы­ру бағытында атқарылған іс-шараларға тоқ­талып өтті. Үстіміздегі жылдың алты айы ішінде «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы аясында аудан бойынша 100-ден астам нысан тексеріліп, сараптау тобының сынына іліккен нысан иелеріне ескертулер берілген. 10 күн ішінде жарнамаларын заң талаптарына сай рәсімдеген кәсіп иелерінің жауапкершіліктеріне разы болсаң, керісінше заңға пысқырып, құлақ аспағандар да та­был­ған көрінеді. Тіл сақшыларының сын­-ес­кертпелерінен нәтиже шығармаған кә­сіп иелеріне заң тұрғысында айыппұл салы­нады. Бұл жөнінде қалалық әкімдігінің бас ма­маны Ж.Ордабаева айтып өтті. Қа­ла аумағында тіл­ге қырын қараған сауда нүк­телеріне қосымша уақыт беріліп, бүгінде олардың басым бө­лігі жарнамаларына сауаттылық енгізіп үлгеріпті. Дегенмен жаз айларында жаздық қоғамдық тамақтану орындары, балалар алаң­дары көп­теп ашылатындықтан, олардың атау­лары мен ақпараттық жарнамаларындағы қателерді тү­зету жұмыстары жүргізіліп жа­тыр.

Шараға қатысқан аудандық «Қазақ тілі» қоғамының әдіскері, сыртқа жарнаманың са­уат­сыз мә­тіндерімен күресіп жүрген тіл жана­шыры Гүлнәр Мамырбаева көрнекі ақпарат құралдарындағы калька аудармалардың кө­ңі­ліне қонбай жүргенін жеткізді. Сондай-ақ латын қарпіндегі жазудың нақты нұсқасы бекітілмей жатып маңдайшаларға латын ті­лін­де жазуға шектеу қойылу керектігін де атап берді. Кез келген жарнаманың қазақ тіліндегі нұсқасының ілінуіне арнайы ма­ман­дардың тексерісінен өтіп, сарапталып, талданғанына рұқсат берілгені жөн. Және бұл мін­деттелгені дұрыс.
Осылайша сауатсыз жарнамалардың ше­шіл­мей жатқан тілдік және әлеуметтік мә­се­лелері кеңінен талқыланған жиын кәсіп­керлер мен жарнама агенттіктерінің ар-на­мысын оятуға тырысты. Үнемі өзгеріп, же­­ті­ліп отыратын тілге тек адамдардың не­мқұрайлығы ғана кері әсерін тигізеді. Қа­зақ тіліне деген мұндай немқұрайлылық – өліммен тең екенін сіз бен бізге ұғынатын сәттен кешігіп қалмайық.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».