Жаңалық ауылында 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митинг болып өтті. Аталмыш шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов, қоғамдық ұйым өкілдері, репрессияға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, аудан әкімі және аудан тұрғындары қатысты.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғалы бері жыл сайын осы күні, осы қасиетті жерде халқымыздың болашағы үшін, ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске алу мақсатында жиналып отырады.
Тарихшылар дерегіне жүгінсек 1929 жылдан бастап 1953 жылға дейін Кеңес елінде 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Халқымыздың аяулы перзенттері: Тұрар Рысқұловтың, Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Ораз Жандосовтың, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың, Санжар Асфендияровтың, Халел және Жаһанша Досмұханбетовтардың, басқа да өзімізге мәлім және беймәлім жандардың өмірі дәл осы үрейлі жылдары қиылды.
– Отызыншы жылдардың ішінде дүркін-дүркін қайталанған зұлмат күндердің салдарынан қазақтардың жартысына жуығы аштықтан қырылып, миллионнан астам адам шет елдерге ауып кетті. Жазықсыз құрбан болған бабаларымызды аза тұтуға жиналып тұрған дәл осы қасиетті жерде 4 мыңнан аса озбыр саясат құрбандары мәңгілікке көз жұмған. Олардың барлығы халқымыздың біртуар, маңдай алды, озық ойлы азаматтары еді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады. Кінәсіз атылып, осы маңайдағы шұңқырларда беттері шала-шарпы жабыла салған, сол аяулы арыстарымызды арулап қайта жерлегеніміз, бастарына белгі орнатып жыл сайын дәл осы күні еске алып, тәу етуге жиналатынымызды бабалар алдындағы мәңгілік парызымыз деп білеміз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біздің боздақтар алдындағы қасиетті борышымыз екені даусыз. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, «Әділет» қоғамының төрағасы Хангелді Махмутұлы Әбжановтың айтуынша, 1989 жылы құрылған «Әділет» қоғамы ескерткіш бой көтергелі осы жерге келіп, құрбандар рухына тағзым етіп келеді. Зұлмат жылдарды көзімен көрген жандар өкінішке орай қазір қалған жоқ. Арттарынан қалған ұрпақтарының өзі бұл күндері шау тартып, немерелері, шөберелері келіп бабаларының рухына тағзым етіп ескерткішке гүл шоқтарын қоюда. Қалай десек те, сол бір қаралы күндердің ұмытылмасы анық! Бірнеше жылдан бері осы шараны ұйымдастыратын Алматы облысы мен Талғар ауданының әкімдігіне жұрт зор ризашылықтарын айтуда. Шара соңында жазықсыз жапа шеккен бабалар рухына арнап Құран оқылып, ас берілді.
«Талғар ақпарат».