Алматы облысының барлық аудандарында аналогтық телевизия өшіріліп, 2021 жылы республиканың бүкіл аумағы жаңа әрі тегін цифрлық форматқа көшеді. Цифрлық хабар таратуға көшу халықтың игілігі үшін жасалады. Тағы бір артықшылығы – цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткізілген баспасөз-мәслихатында Алматы облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының директоры Қайсар Раздықов мәлімдеді.
««Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардың мақсаты халыққа сапалы және көп арналы хабарды жеткізу болып табылады. Алматы облысында аналогтан цифрлық телевизияға көшуге дайындық кезінде 90 РТС (радио-телевизиялық стансалары) орнатылды. Бұл РТС саны Алматы облысының 748 елді мекенін цифрлық эфирлiк телевизиямен қамтуға мүмкіндік береді»,-деді Қ.Раздықов.
2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлiк телевизияға көшу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі уақытта телехабар таратудың жердегі хабар тарату желісін цифрлық форматқа көшіру Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан және Шымкент қалаларында толығымен аяқталды. Алматы облысында бұл процесс 2019 жылдың 30 маусымынан басталады. Бүгінгі таңда цифрлық телевизияда 10 арна болса, болашақта оның саны 30 дейін өспек. Ал, 2021 жылға дейін ел аумағында 270 радиотелевизиялық станция салынады.
Сондай-ақ, Алматы облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 4867 отбасы ұлттық сандық теледидар қызметіне қосылды.
Айта кету керек, заманауи цифрлық хабар тарататын құрал құны 5000 теңгеден 3500 теңгеге дейін арзандаған.
Талғар-ақпарат