Тық…тық…тық… Кішкене бөлме ішін алып тұрған шаппа шоттың тықылы бірде басыңқылау естіліп, енді бірде бәсеңдей қалады. Ісіне соншалықты беріліп кеткен шебердің әр соққысы мағыналы, әуезді. Музыка ноталарына дәл түсуге талпынып жатқан музыканттай. Ағашты арамен кесіп, балтамен шабу кез келген адамның қолынан келе беретіні анық қой. Ал сол ағашты мәнерлеп шабуды жүздің бірі ғана білуі мүмкін. Осындай өнерімен тамсандырған қолөнерші жігіттің әр қимылын бағып тұрған мен бұл еріккеннің ермегі емес, көпті өзіне еліткеннің еңбегі екенін үнсіз түйсініп тұра бердім….
Ауданымызға қарасты Нұра ауылында тұратын ағаштан түйін түйген шебер Құмарбек Төлеуханұлына жолығып, сұхбаттасудың сəті үшінші рет əрең түсті. Дағдарыс деп алақан жайып отыра алмайтын, үнемі жұмыс үстінде жүретін өнерлі жігіттің əр минуты санаулы болғандықтан мен де алтын уақытын көп рəсуа еткім келмеді. Дегенмен, ел ішіндегі өнер иелерін насихаттап, ұлттық көне дəстүрлерді көздің қарашығындай сақтап əрі дамытып, əрі байытып отырған Құмарбектей азаматтарды қалың оқырмандардың біле жүргені дұрыс та деп ойладым.
Шебердің атадан қалған қара бəкіні серік етіп, біз отынға ғана жарайды деген кеспелтектен ойып, жонып қолданыстағы түрлі бұйымдарды жасап жүргеніне 20 жылдан асыпты. Ата-анасы Құмарбектің бала кезінде Моңғолиядан атажұртқа оралып, Нұра ауылына қоныс тебеді. Балалығы осы өлкеде өткен балаң жігіттің қолөнерге деген қызығушылығы 15-16 жасынан бастап оянады. Оған нағашылары себеп болған екен. «Шеберді шеге қағысынан таны» дегендей, жиенінің өнерге жақын екенін байқаған үлкендер бірден баулып, бағыттай бастайды.
– Мектеп бітіруге аз қалған уақытта болашақ мамандығың жайлы алаңдай бастайсың ғой. Мен де бүгінгі нарықта сұранысқа ие мамандық түрлерін шолып, ізденгеніммен, жан-дүниеммен ешқайсысы қабыспайтындай көрінді. Ақырында бала кезімнен нағашыларымнан көріп, көңілге түйіп өскен кəсіпке бет бұруды жөн көрдім. Олар шетінен ерші, үйші болатын. Қазақтың қолөнер кəсібінің өзі бірнеше түрге бөлінген ғой. Мəселен, ағаш өңдеу шеберлеріне байланысты ағаш шебері немесе олардың өзі жасаған бұйымдарына қарай ерші, үйші, арбашы, ұста деп кете берген, – дейді Құмарбек əңгімесін бастап.
Осылайша бағытын айқындаған бозбала шеберлігін кəсіби түрде шыңдауға көшеді. Ұлттық өнердің иісі аңқыған ұлттық дүниелердің ұрпақтан ұрпаққа жетуі ағаштан түйін түйген шеберлердің арқасы екенін түсініп, баба өнерінің өліп кетпеуіне барын сала бастайды. Алдымен ЖОО түсіп, дизайн саласындағы жетістіктері үшін Евразиялық дизайнерлер одағы медалімен марапатталған Еуразиялық дизайн Одағының мүшесі Нұрəлі Адамқұловтан дəріс алады. Домбыра жасаудың, ағаш өңдеудің қыр-сырын жетік меңгеріп, ұстаз үйреткеннен бөлек өз бетімен де ізденеді. Қолына дипломын алып, қолөнер жасаудың тың технологиясын үйреніп келгеннен кейін Құмарбек те тың қадамдарды қолға алады. Туған ауылы Нұраның төрінен, Мəдениет үйінің өзінен қолөнер үйірмесін ашады.
– Өнерде шек жоқ. Ол бір ағаштан тұрған нəрсе емес. Өнерлі адам ағаш та оя алады, темір де жона алады. Тек мына техника дамып, бəрі автоматтандырылған сайын қолөнер жоғалып кете ме деп қорқамын. Сондықтан да əлі күнге көп нəрсені қолмен жасап келемін. Балаларға да солай үйретіп жатырмын. Бүгінде іріктелген 10-15 шəкіртім бар. Аудандық, республикалық көрмелерден жүлделі орын алып жүрген шəкірттерім де бар. №12 орта мектепте еңбек пəнінен сабақ беремін. Ғасырлар үшін бұл ең көне кəсіптің бірі болса, қазіргі заман үшін нəсіп берер керекті кəсіптің көзіне айналып отырғанын саналарына құя отырып үйретіп келемін. Өзім де ұстаздың алдын көргендіктен, білгенімді келер ұрпаққа үйретіп, ата кəсібін жалғастыру – азаматтық парызым деп білемін.
Рас, шебердің сөзінің жаны бар. Бұрынғы қолмен жасайтын еңбектің бəрін бүгінде қуатты құрылғылар алмастырған. Үлкен цехтарда астаулардың ішінен бастап жиегіндегі оюларына дейін электрлі қашаудың көмегімен ойылады екен. Олар уақыт пен күш-қуатты үнемдесе де, көздің майын тауысып, саусақтың табымен жасалған дүниеге жетпейтіндей. Астау демекші, Құмарбекке келер көп тапсырыс – осы ағаштан жасалған астауларда екен.
– Ертеде қазақтың қара шаңырағынан бастап қасығына дейін ағаш болған. Көшіп-қонуға ыңғайлы, төзімді əрі зиянсыз. Шеберлер тұрмыстық затттар жасағанда ағаштың қаттылығы, иілгіштігі, салмағы, тығыздығы, серпімділігі, дыбылыс өткізгіштігі сияқты қасиеттерді басты назарға ұстаған. Олар ылғал ағаштың қабығын аршып, көлеңке жерде жылдап кептірген. Қазір де сапалы дүние шығару үшін халық шеберлерінің тəсілдерін басшылыққа аламын. Дегенмен өз əдіс-тəсілім де бар. Астауды көбінесе қарағаштан, теректен, қайыңнан жасаймын. Қарағаштан жасалған қатты, əдемі əрі шыдамды болады. Астаудың пішіні, кескіні, өлшемі, дизайны тұтынушының қалауына байланысты өзгеріп отырады. Бір астауға апталап, кейде айлап уақыт кетеді. Біткен астау жылқының жəне қаздың майымен майланады. Бүгінде өсімдік майын да қазанға қайнатып, майлау əдістерін қолданып жүрмін.
Астаудан бөлек шебердің халыққа, нарыққа ұсынып жүрген дүниелері баршылық. Оюлап тұрып бесік те жасайды. Ұзатылатын қыздың жасауына арналған сандық та жасайды. Қымыз құятын шара, тостаған, ағаш қасық, тіпті тəтті-тармақ салатын жиналмалы ыдыс-аяқ, гүл салатын құмыра сынды күнделікті тұрмыстық заттары да шебердің қолынан шығады. Авторлық домбырасы да талай өнерпаздың қолында жүр. Тозығы жеткен ағаш бұйымдарын тұрғындардың өтінішімен қалпына келтіріп, жөндеп те береді. Жалпы адамдардың талаптілегіне орай қолынан келетіннің бəрін істейді. Ұлттық нақышы жоғалмай жасалған түрлі бейнедегі кəдесыйлар да (сувенирлер) біздің кейіпкердің топтамаларының арасында көптеп кездеседі.
Үйінен кішігірім шеберхана ашып, «Атакəсіп» деп айдар тағып қойған. Өзінен кейінгі екі інісімен бірлесе «Атакəсіптің» тасын өрге домалатып, дəстүрлі өнерді дəріптеп жүрген жайлары бар.
– Жас күнімнен қазақтың тұрмыстіршілігін өз бояуында көргеннен кейін, өсе келе ұлттық құндылықтарды əспеттеуге, оларды жұрт назарына ұсынуға асық болдым. Алдағы уақытта туындыларымды жеке қолтаңбаммен жасап, авторлық құқығымды қорғап алсам деймін.
Кəсібім нəсібін беріп отырғандықтан, жұмыс ауқымын кеңейту де жоспарда бар. Оқушыларыма, шəкірттеріме кəдесыйлардың жасалу жолдарын көрсетіп, үйреткеніммен, өзім тұрақты түрде қолға алмаппын осы уақытқа дейін. Алдағы уақытта ел сүйсіне қарайтын, туристер қызыға алатын ұлттық нақыштағы кəдесыйларды жасап, сатылымға шығарсам деймін. Мысалы, өзіміз де шет елдерге барсақ магниті бар тоңазытқышқа жапсыратын кішкене бұйымын естелікке сатып аламыз. Біз де сондай естелік бұйымдарды неге шығармасқа. Егемендік алғаннан кейін бой көтерген Бəйтерек, Тəуелсіздік сынды монументтердің, Астана, Көктөбе сынды көрнекті орындардың символдары бар, əрине. Дегенмен киелі қобызымыз, домбырамыз, қазақ үйіміз, шаңырағымыз, қала берді асығымыздың өзін əдемілеп тұрып жасап, кəдесый ретінде ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Болашақта осындай ой ұшқындарын жүзеге асырсам деп талпынып жүрмін, – дейді қазақы өнерді құлпыртып жүрген Құмарбек ойымен бөлісіп.
Аз ғана уақыт тілдескенімізде бабалар мұрасын бойына сіңіріп, ата дəстүрін жалғастырып, жүрегі «ұлтым» деп соққан Құмарбек Төлеуханұлының шын шеберлігі жан-дүниемді желпінтіп өтті. Бабалар мұрасына қанығып қана қоймай, «жантақтан – ине, жаңқадан – түйме» жасаған біздің даланың шеберлеріне еріксіз басымды идім. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген сұраныстың жоғарылауы ұлы дала өнерін жалғастырушы Құмарбек сынды алтын қолды шеберлердің шабытының сарқылмауын тіледім. Ойландым. Рухани жаңғыру үшін оқушылар мен студенттерді де, өңірімізге келген қонақтарды да осындай ұлттық иісі аңқыған орталыққа апаруды қолға алсақ қандай керемет болар еді. Ата дəстүрін, баба өнерін қастерлеген ұрпақ, көкірегі рухани құндылықтарға толып өскен жастар адаспасы кəдік.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».