Талғар ауданында майда моншақтар мен асыл тастарға жан бітіріп, көздің жауын алатын түрлі әшекей бұйымдар жасайтын шебер тұрады десем сенесіз бе. Әрине күмәнмен қарайсыз. Өйткені сіз ол кісінің өнімін тұтынып, өзімен сырласып көрген жоқ шығарсыз. Ендеше, оқыңыз. Ұлттық өрнегі бар қолдан жасалған бұйымдарды жасап жүрген Меруерт Үсенбекқызымен болған сұхбат қаны қазақ деп бүлкілдеп жатқан қай жанды болмасын бей-жай қалдырмайтыны анық.
- Қолының ебі бар адам үшін майда тастардан тізбектеп әшекей жасау оңай болып көрінгенімен оның да өз машақаты бары белгілі. «Еңбек ептілікті сүйеді» деген біздің елдің мақалы осындайда шықса керек. Көз бен ойдың ұшқырлығын, төзімділік пен сабырлылықтың сындарлығын тілейтін бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
- Бұл өнерді кәсіпкер болайын деп таңдаған жоқпын. Бұл – жүрегімнің қалауы. Қыз бала бала кезден жылтыраққа, әдемілікке құмар болып өседі ғой. Оның үстіне анам да түрлі-түсті моншақтарды «көз тимесін» деп тағып қоятын. Бала жүрек ананың махаббатын сол кезде-ақ қабылдап алған шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, ел қатарлы университетте білім алып, орыс тілі сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін білдей бір мұғалімдік дипломым бар. Ол кезде қай мамандық тапшы соған құжаттарымызды тапсыратынбыз. Оның үстіне анам ұстаз болғандықтан, сол мамандық қолайлы сияқты көрінді. Жоғары оқу орнын үздік бітіріп, төрт жылдық біліміміз мен дипломымызды ақтайық деп лицейде, мектепте, колледжде сабақ беріп, ұстаздық қызметті абыроймен атқара білдік. Мәнерлеп сырғанаудан еліміздің атын шығарған қыршын жас Денис Тенге қазақ тілінен сабақ бергенмін лицейде істеп жүргенімде. Ол кезде Денис түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, мектептің ғана емес елдің намысын қорғап жүрген болатын. Сабаққа көп қатыспайтын. Кейін тоқсандық, жылдық қорытынды шығарғанда қазақ тілінде Абайдың бір өлеңін жаттап келуге тапсырма беретінмін. Намысқой жігіт емес пе, шама-шарқынша жаттап, тиісті бағасын алатын. Сол азаматтың мемлекеттік тілде сөйлеуіне сәл де болса үлес қостым ғой деп ойлаймын қазір.
Негізі мен тәуекелшілмін. Қарағандыда дүниеге келіп, Қызылордада бойжетіп, Алматыда білім алып, Талғарда тұрып жатқан кезімде, мектепте мұғалім болып жүрген сәтімде «неге құштарлығымды кәсіп көзіне айналдырмасқа?» деген ой сап ете қалды. Инстаграмнан, фейсбуктен қараймын, адам жасай алатын дүниелерді адамдар жасап, сатып жатыр. Тастардан әдемілеп білезік жасап әлемжеліге салып қойдым. Елдерден оң пікірлер келе бастады. «Бізге де жасап беріңізші» деген өтініштер түсті. Ол білезікті біреулер моншағымен, біреулер сырғасымен жасап беруімді қалап, ақырындап тапсырыстар түсте бастады. Сөйтіп мұғалімдік карьерарымды біржолата жаптым да, 2014 жылы «Meruert Ermekova handmade products» деген атпен бутигімді аштым. Шүкір, сол кездегі тәуекелшілдігімнің арқасында бойдағы өнерімді елеулі табыс көзіне айналдырып отырған жайым бар.
- Жалпы, ісмерлік, шеберлік қазақтың қанында бар өнер ғой. Сіздің де бәлкім отбасыңызда осы өнермен айналысқан жандар болған шығар?
- Мүмкін жеті атамның бірі осы өнермен аты шыққан жандар болған шығар. Ол жағы маған беймәлім. Ал өз әке-шешем өнерден мүлдем құралақан дей алмаймын. Анам мен әкем Қарағанды облысындағы «Салтанат» ән-би ансамбілінің белді мүшелері болған. Анам қобыз пен шаңқобызда, әкем домбырада ойнап, гастрольдік сапарларға шығып, ән-жырмен халықтың еңсесін көтеріп жүрген өнерпаз адамдар. Кейіннен әкем жұмыс бабымен Қызылорда қаласына келіп, екеуі де негізгі жұмыстарымен әуреленіп кеткен де, өнерлері екінші орынға ысырылып қалған. Бірақ әлі күнге дейін жиын-тойларда халық әндерін орындап, көпшілікті қуантып жатады. Бойымдағы өнерге деген махаббаттың бір ұшқыны осында ма деп ойлаймын. Екеуі де шабыт пен шығармашылықты талап ететін сала ғой.
- Расында да, ісмерлікті кәсіп деп қарағанымызбен бұл өнер тұнып тұрған шығармашылық емес пе? Яғни шабытты талап етеді. Соны идеяларды қайдан аласыз?
- Рас айтасыз.Шабыт шалқып тұрса ең қиын деген эскиздің өзін аз уақыттың ішінде жасап тастауға болады. Ал кейде қолың жүрмей, бастаған ісің айға, аптаға созылып кетеді. Кейде жасап отырған затың сенің ойыңдағыдан мүлде бөлек, жаңа дүние болып шыға келеді. Яғни қатып қалған қағидасы, ережесі жоқ. Тек бұл кәсіпке шабыттан бөлек орнықты көңіл керек. Және төзім керек. Ал тапсырыс берушілердің бұйымдарын көңіліндегідей шығарып беруге тырысамын. Тәжірибем жоқ алғашқы кездерде тапсырыстың иесіне ұнамай қалған кездері болатын. Ол кезде алушының ыңғайына жығылып, қайта жасап беруге көндіремін. Бұл сала ғана емес кез келген саланың өз қиындығы болады. Тек соны жеңе біліп, төзімділік пен сабырлылық таныта білсең берер жемісі молынан болмақ. Сәл қиналып қалғанда қолды бір сілтеп тастап кетпеу керек. Кез келген саланың өзінің аудиториясы болады. Кез келген бұйымның өзінің иесі болады. Бағасы қымбат өнімнің де, арзан өнімнің де өз тұтынушысы бар ғой. Мына дүнием өтпей қалатын болды деген қорқыныш жоқ.
- ХХІ ғасырдың кәсібі жарнамасыз тұралап қалатынын білеміз. Өнімдерінізді қалай жарнамалайсыз?
- Қазіргі таңда ол жағынан қиындық жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы халықты бірден қызықтырып әкетуге болады. Менің алғашқы тұтынушыларым солай келген. Қазір де солай. Тек Алматы облысының көлемінде ғана емес Астана, Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстаннан да тапсырыс берушілердің қатары көбеюде. Интернет арқылы шет елден де тапсырыс беруші азаматтар бар бүгінде.
- Ұлттық стильдегі бұйымдарға деген халықтың сұранысы қалай? Осы шет елдерде темірде болсын, таста болсын саусақтың ізі қалған, техниканың емес адамның қолымен жасалған дүние екендігі айқын аңғарылатын бұйымдар жақсы саудаланады екен. Ал бізде ше?
- Бізде тым төмен деп айта алмаймын. Жастар қазір «модерн» деген стильмен киінгенді, күнделікті киім үлгісіне ұлттық өрнектің бір-екі элементтерін енгізіп қоюды жақсы көреді. Ерекшелікті ұнатады. Мысалы, соңғы кезде ағаштан оюлап жасалған сырғалар сәнде. Соларға тапсырыс көп. Ал қазақы жиынтықтарға шынымен де шет ел азаматтардың сүйсінісі де жоғары, қызығушылығы да ерен. Және мына Ақтау, Атырау жақтағылар қазақы әшекейлерді көп сұрайды. «Білезігін қалың қылып жасаңызшы. Мына ою түрлерін енгізіңізші» деп өздерінің талап-тілектерін айта отырып тапсырыс береді. Ал біздің өңірде ұзатуда киетін сәукеле, өңіржиек, бесбілезік сынды дүниелер көптеп өтеді. Және бір байқағаным, менің бағытым – асыл тастармен жұмыс болғандықтан тастарға да сұраныс көп. Әсіресе, орыс ағайындардан. Жұлдызнама бойынша тастарын сұрап, алып кетіп жатады. Қазақтарда да тасқа деген әуестік болған. Күмістің ортасына гауһар, бирюза, топаз, меруерт, жақұт тастарын салып, жарқырата тағып жүрген. «Ырымым қырын кетпесін» деп ырым-тыйымға жақын жүретін халықпыз ғой.
- Әр тастың өзіндік сыры бар болар онда?
- Ия, асыл тастар — жан мен тән дауасы десем қателеспеймін. Күнделікті әшекей ретінде тағып жүретін асыл тастар денсаулығымызға жағымды әсер беріп, аурулардан аман сақтап, жүйкемізді тыныштандыра алады екен. Осы тастары бар сырға, алқа, сақиналардың қарапайым әшекейлерден пайдасы да, сымбаты да молырақ болады. Қай тасты таңдайтыныңызды өзіңіздің ішкі дауысыңызға тапсырыңыз. Мысалы кәріптасты (янтарь) алайық. Тастың атауы «аурулардан сақтану» деп аударылады. Кезінде кәріптастың емдей алмайтын ауруы болмайды деп те саналған. Ол жүрек ауруларына дауа бола алады, жалпы ағзаның қалпына келуіне көмектеседі, қартаюды баяулатады, асқорыту жүйесін жақсартып, жаралардың тез сауығуына ықпал етеді. Бирюза. Бұл тас көз тиюден сақтап, стресстерден демалуға мүмкіндік береді. Жүйке жүйесімен болатын қиындықтарда көмектесіп, тыныштандырады. Жалпы бас ауруларына де көмектеседі. Мысық көз тасы жасушалардың қалпына келуіне көмектеседі, ағзаның қорғаныс қасиеттерін жоғарылатады. Психиканы қалыпқа келтіріп, жүрек қағысын бірсарынды қылады. Цирконий — ағзаның күшін қалпына келтіреді, жүйке жүйесіне шипа. Бір затқа ғана көңіл беріп, тиянақты жұмыс жасауға көмектеседі. Шашыраңқылықтан сақтайды. Лағыл (рубин) — жүрек-тамыр жүйесін нығайтып, қан қысымын реттейді. Маржан (коралл) — жаралардың тез жазылуына көмектеседі. Өкпемен қиындықтары бар, ентігетін адамдарға киюге ұсынылады. Аквамарин тасы теңіз ауруынан сақтайды. Лазурит тасы ұйқысыздықты емдей алады. Аметист. Бұл күлгін тас жүйке жүйесін тыныштандырып, шаршағандық сезімінен арылтады. Меруерт тастары қалқанша безін қорғап, гормондардың жұмысын реттейді. Топаз асыл тасы эпилепсия мен экземада көмектеседі. Міне, тізе берсек тізім жалғаса береді. Тұтынушылардың сенімінен шығу үшін бұл тастарды арнайы тапсырыстар арқылы сапалысын алуға тырысамын. Әрине, бастапқы кезде өтірік нұсқаларына ұрынып, опық жеген кездерім болды. Қазір асыл тасты көшірмесінен бірден ажырата аламын.
— Осы кәсіпті бастап кетсем деген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Осыған дейін үйренемін деген қыздардан көмегімді аяған жоқпын. Бірақ қазіргі жастар тұрақсыз. Бәрі тез орындала қалса, пайдасын тез көре қалсақ деп жеңіл қарайтын сықылды. Аяғында шыдамай кетіп қалды. Сондықтан нақты шешім қабылдап, осы іске белді бекем буған жандарды ғана үйрету ойымда бар әрине. Қай істе де сабырлылық пен төзімділік және еңбекқорлық талап етіледі. Бәсеке мен бәріне үйренсең бұл кәдімгі бизнес көзі деп айтамын.
- Алға қойған мақсаттарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
- «Армансыз адам – ормансыз бұлбұл». Менің де арман-мақсаттарым жеткілікті. Алдымен өзімнің авторлық бұйымдарымды көбейтіп, жеке брендімді қалыптастырсам деймін. Бутигімді кеңейтіп, осындай іске ебі бар қыздарды тәрбиелейтін үйірме ісін қолға алсам деген арман да жоқ емес. Ниеті бар жасқа білгеніңді үйрету де адам баласына жазылған көп сауаптың бірі ғой. Оның бәрі алдағы күннің еншісінде. Кәсіп бастаймын деген жанға мемлекеттің де көмегі бар қазір. Бір қызық айтайын, бүгінгі күнімнің бәрін мен бұрын түсімде көргенмін. Яғни, түсімнің бәрі өңіме айналып отыр. Оқып отырған оқырмандар сенер, сенбес, бірақ айғағы осы. Келешек ғұмырым да анда-санда түсіме кіріп қояды. Ол енді құпия болсын.
Әңгімесін әдемі күлкісімен аяқтаған Меруерт сәнді бұйымдар сәттілік әкеледі деп сенеді. Жалпы қазақтың қыз-келіншектері үшін жалғасы үзілмейтін бір кәсіп бар десек соның бірі ісмерлік кәсібі дер едім. Ғасырдан келе жатқан кәсіпті бүгінде оңтайлы табыс көзіне айналдырып, шеберлік өнердің ой-қырын кезіп жүрген келіншектің өнеріне сүйсіне көз тастайсыз. Ал мақсаттарының нақтыланғанын ести отырып енді бірнеше жылда қазақ қоғамында жеке бренді қалыптасқан өнер иесі болып шыға келуі бек мүмкін екеніне сенесіз. Лайым солай болсын. Бойында қазақы тәрбиенің ұстамы мықты шеберлер қоғамға көптік етпейді.
Меруерт Дүйсенғалиева,
Талғар-ақпарат.